Ресми

Аймақтық даму әлеуеті тұрақты


30 мамыр – 1 маусым аралығында «электронды үкімет» порталында облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қатысуымен интернет-конференция өтті. Тақырып – Елбасының «Дағдарыстан  – жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Іс-қимыл жоспарын орындау туралы шаралар жоспарын жүзеге асыру.

Интернетті қолданушылардан үкіметтік сайтқа облыс басшысына 10 сұрақ түсті. Бұл сауалдарға әкімнің берген жауабы оқырмандар үшін қызықты болады деп ойлаймыз.

Сұрақ:

– Президент Жолдауын жүзеге асыру жөнінде облыста қандай жоспарлар мен шаралар қаралуда?

Жауап:

– Облыстық мәслихаттың сессиясында облыстың экономика және қаржы секторын тұрақтандыру жөнінде 2009-2010 жылдарға арналған шаралар жасалып, жүзеге асырылуда. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақты қамтамасыз ету жоспары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға, бірінші кезекте жұмыспен қамту және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу, сондай-ақ дағдарыс кезінде тұрақты дамуға жағдай жасауға бағытталған.

Жоспар үш бағыт: өңірлік еңбекпен қамту және кадрларды қайта даярлау, агроөнеркәсіптік кешенді жедел дамыту, «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыру, инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды іске асыру бойынша жүргізілуде.

Өңірлік еңбекпен қамтамасыз ету және облыстағы кадрларды «Жол картасы» бағыты бойынша даярлау стратегиясын жүзеге асыруға 12 735,0 миллион теңге, оның ішінде республикалық бюджет трансфертінен 10 573,0 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 2161,1 миллион теңге бөлінді. Биылғы жылдың 30 мамырына тендер бойынша жарияланған 241 жобаның 35-і бойынша келісім-шарттар жасалып, жүзеге асыру басталды.

Үстіміздегі жылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 6,4 миллиард теңге жұмсау қаралуда.

Сонымен қатар 1,6 миллиард АҚШ долларын құрайтын, 5 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік беретін 54 индустриялық-инновациялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Қабылданған жоспарлардың орындалуын дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруды және халықты жұмыспен қамтамасыз етуді бақылау жөніндегі комиссия бақылайтын болады.

Сұрақ:

– Бұрын, қаржы дағдарысына дейін облыстың инвестициялық тартымдылығы туралы айттыңыз. Бұл туралы не айтасыз, қазіргі кезде инвесторлар бар ма, қандай жобалар жүзеге аспақшы?

Жауап:

– Біздің облысымызға инвесторлардың қызығушылығы бәсеңдеген жоқ. Мұны үстіміздегі жылдың 4 айындағы көрсеткіштер дәлелдей алады. Мәселен, негізгі капиталға құйылған инвестиция 63,8 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға жоғары. Бұл көрсеткіш жоғары болып табылады және республика бойынша тартылған инвестицияның жалпы көлемінің 6,5 пайызын құрайды. Биыл 282 жоба бойынша, оның ішінде облыстың индустриялық-инновациялық даму Стратегиясы жөніндегі 54 жобасы жүргізілуде. Бюджеттік инвестицияның ұлғаюы есебінен 220 жоба іске асырылуда.

Сұрақ:

– Бұрынғы жылдардағыдай ауылдың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруға мүмкіндік бар ма?

Жауап:

– Биылғы жылы ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында ауылдардағы басталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар құрылысы жалғастырылатын болады.

Ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі бағдарлама бойынша биылғы жылға қаралған 3694,7 миллион теңге толық көлемде сақталатын болады.

Бұл қаржыға 12 білім беру, 12 денсаулық сақтау нысандары құрылысы жалғастырылып, 10 ауылдық елді мекеннің сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы мен қайта жарақтау жұмыстары жүргізіледі. Ырғыз өзені арқылы өтетін көпір мен Қобда ауданындағы Абат-Байтақ кесенесіне баратын көпір құрылысы жүзеге асырылады. Байғанин, Қобда, Алға ауданының Тамды-Павловка-Қайнар селоларына баратын магистральдық газ құбырларының, сондай-ақ жоғары қысымдағы үш елді мекеннен өтетін (Ақтөбе қаласының Красносельское, Хромтау ауданының Сарысай, Шалқар ауданының Аққайтым ауылдары) құрылыстар жүргізіледі.

Жоғарыда аталған нысандардың ішінде биылғы жылы 6 мектеп, 3 балабақша, мектеп-интернат, 2 дәрігерлік амбулатория, 10 дәрігерлік пункт, 3 елді мекенге газ жүргізу, 2 көпірді қайта жобалау, сонымен қатар 10 елді мекенге су құбыры желісін жөндеу жұмыстары аяқталатын болады. Бұдан басқа «Жол картасы» шараларын жүзеге асыруға 1756,4 млн. теңге бөлінді, ол мектептерді, ауруханаларды, басқа да әлеуметтік объектілерді жөндеуге, сондай-ақ селолық елді мекендердің автомобиль жолдары құрылысы мен қайта жаңғыртуға және жөндеуге жіберілді.

Сұрақ:

– «Жол картасы» бойынша селолық клубтарды жөндеу қарастырылған ба?

Жауап:

– «Жол картасының» бесінші бағыты бойынша – поселкелерде, ауылдарда (селоларда), ауылдық (селолық) округтерде басымдықтағы әлеуметтік жобаларды қаржыландыру – облыс бойынша селолардың 28 мәдениет объектісін күрделі жөндеуге – 409,8 мың теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 360,4 мың теңге, жергілікті бюджеттен 49,4 мың теңге қарастырылды. 880 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.

Сұрақ:

– Қазақ тілін үйрету және өзге ұлт өкілдеріне өз ана тілін үйрету жұмыстары қаншалықты жүзеге асып жатыр?

Жауап:

– 2007 жылғы 12 қаңтардағы облыс әкімдігінің №6 қаулысымен тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарма жанынан «Тілдерді оқыту жөніндегі орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны құрылды. Орталықта мемлекеттік қызметшілер үшін оқыту ақысыз жүргізіледі. Қазіргі таңда 3 деңгейлік курстардағы 626 тыңдаушының 78 пайызы – мемлекеттік қызметшілер, 39 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Орталықтағы 6 мультимедиалық кабинет ұйымдастыру техникасымен, электрондық оқулықтар және оқыту бағдарламаларымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, облыстағы 7 ұлттық-мәдени орталықтың жанынан құрылған жексенбілік мектептерде өзге ұлт өкілдеріне өздерінің ана тілдері – украин, неміс, поляк, татар, корей, әзірбайжан, орыс тілдерімен қатар мемлекеттік тілді де үйрету қолға алынды. 

Сұрақ:

– Сіз өз жұмысыңызда облыстағы әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы қоғамдық пікірді ескересіз бе?

Жауап:

– Облыстағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақты талдау үшін Ақтөбе облысында әлеуметтік зерттеулер жүргізу бойынша әлеуметтік тапсырысты орындайтын зерттеу және талдау құрылымдарымен тығыз ынтымақтастық практикасы жолға қойылған. Мүмкін болатын тәуекелдер мен тұрақтылыққа қауіп реттерін анықтау үшін жаппай әлеуметтік сұрау салу әдістерінің бірі – қоғамдық-саяси ахуал мониторингі қолданылады.

Облыс тұрғындарының әлеуметтік көңіл-күйлерін анықтау, олардың билік шешімдерін қабылдауын қадағалау және әр түрлі өзекті мәселелер бойынша бағалау ұстанымдары мен пікірлерді, ағымдағы артықшылықтарды айқындау үшін бірқатар проблемалар бойынша мониторинг жүйесі пайдаланылады. Біріншіден, бұл – экономикалық жағдайды, облыс тұрғындарының қоғамдық және жеке проблемалардың өзектілігі дәрежесін бағалауға бағытталған зерттеулер. Екіншіден, бұл  – мемлекеттік органдардың қызметін, облыс тұрғындарының билік органдарына сенім деңгейін, облыс тұрғындарының саяси реформаларға, саяси партиялар мен оппозицияларға көзқарастарын бағалауға бағытталған зерттеулер.

Әлеуметтік зерттеулер нәтижелері қоғамдағы шиеленісті ахуалдар деңгейін анықтауға, оның көтерілуінің орын алған және мүмкін болатын себептерін, тән сипаттарын айқындауға және тұрғындар арасында мемлекеттік билік органдарының іс-қимылына, сондай-ақ жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен қазіргі заманғы саяси өмір ақиқатына  оң көзқарас пен түсіністікті орнықтыруға бағытталған саясатты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Зерттеулер нәтижелері бойынша талдамалы есептер ай сайын облыстық газеттерде жарияланып тұрады.

Сұрақ:

– Облыста машина-трактор паркін жаңарту және көктемгі далалық жұмыстарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

Жауап:

– Шынында да, машина-трактор паркін жаңарту облыстың барлық агроөнеркәсіп кешенін тұрақты және ілгерілі дамытуды қамтамасыз ететін басты міндеттердің бірі болып табылады. Бұл проблемаға айрықша көңіл бөлінуде – соңғы үш жылда осы мақсатқа 4,5 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталды. Биылғы жылғы 5 айдың ішінде ғана машина-трактор паркін жаңартуға 2,2 млрд. теңге бөлінді. Мұнда ең маңыздысы, Батыс еуропалық елдердің сапалы жоғары өнімділіктегі техникасын алуға бағыт ұсталынды. Мысалы, соңғы жылдары тәулігіне 24 мың га-дан астам алқапқа дәнді дақылдар себуге қабілетті 93 жоғары өнімділіктегі егіс кешені алынды. Бұл жұмыстар, сөз жоқ, ауқымды шығындарды қажет етеді, бірақ біз оларды шешу жолдарын іздестіретін боламыз.

Көктемгі далалық жұмыстарды жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге келетін болсақ, бұған қатысты барлық мәселелер толық көлемде шешілді. Несие ресурстарын, әсіресе, ұсақ ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін алу қиындығын ескере отырып, 240,0 млн. теңге мөлшерінде қаржы бөлінді, ол ауыл шаруашылығы құрылымдарына егін жинауды аяқтағаннан кейін бірте-бірте есептесумен тауарлы несие түрінде берілетін дизель отынын 50 пайыздық арзандатуға жұмсалды.

Сұрақ:

– Біздің қаламызда емхана тұрғызылады деп естігенмін. Айтыңызшы, дағдарысқа байланысты бұл шешімді орындау тоқтатылған жоқ па?

Жауап:

– Бірде-бір әлеуметтік жоба тоқтатылған жоқ. Президенттің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Ақтөбе облысында 5 нысанның құрылысын жүргізу көзделген. Бұл – 300 төсектік Ойыл аудандық орталық ауруханасы, 200 төсектік балалар ауруханасы, Тұрғындар қалашығы мен Әуе қалашығы аудандарында ауысымында 500 адамды қабылдайтын емханалар.

Ойыл аудандық орталық ауруханасы 2008 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді, Тұрғындар қалашығы ауданындағы емхананы 2009 жылдың тамыз айында, ал Әуе қалашығындағы емхананы 2009 жылдың желтоқсан айында тапсыру жоспарланған.

Сұрақ:

– Мемлекет басшысының агроөндірістік кешенді өндірістік негізге көшіру, ауыстыру, заманауи өндірістік технологияларды игеруге байланысты тапсырмалары қалай орындалып жатыр?

Жауап:

– Облыс тұрғындарының арзан, бәсекеге қабілетті өнімге сұранысын қанағаттандыру мәселесін өндірістің заманауи технологиясын игермей, агроөндірістік кешенді өндірістік кешенге көшірмей шешу мүмкін емес. Осыған байланысты Алға ауданының аумағында «Париж коммунасы-ХХІ» ЖШС жылына 2500 тонна шошқа етін өндіретін және тереңдетіп қайта өңдейтін Бестамақ мал шаруашылығы кешені сияқты үлкен нысанының құрылысын бастады. Бұл облыс тұрғындарының етке деген сұранысын толық жауып қана қоймай, аталған өнімді экспорттауға мүмкіндік туғызады.

Импорт ауыстыру шеңберінде «Көктас-Ақтөбе» АҚ тиесілі «Аққұс» құс фабрикасы қайта жарақталып, құрылысы жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде құс фабрикасы 1200 тонна құс етін өндіреді. Болашақта өндіріс көлемін жылына 600 тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар Хромтау ауданында 1 миллиард теңгеден артық инвестицияны қажет ететін «Ақжар и К» ЖШС бройлер тауығын өндіретін құс фабрикасы құрылысы жобасы шешілу алдында. «Рамазан» ЖШС құс фабрикасын да қайта жарақтандыру жұмыстары аяқталуға жақын және оның қорытындысында жұмыртқа өндіру 1,5 есеге өседі. Бұл облыс тұрғындарының жұмыртқаға сұранысын толық көлемде жауып қана қоймай, көрші облыстарға шығаруға мүмкіндік береді.

Мәртөк ауданында инвестиция көлемі 4 миллиард теңгеден асатын екі ірі тауарлы сүт  фермасының құрылысы басталады. «Изет» ЖШС-ның жылына 1600 тонна көкөніс өнімдерін өндіретін ірі жылыжай кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл нысандар пайдалануға берілгенде,  облыс тұрғындарын негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жақсара түседі.

Сұрақ:

– Біздің облыста жұмыс жасап тұрған оқу орындарының негізінде қанша маманды қайта даярлау көзделген?

Жауап:

– Облыстың 15 кәсіптік лицейі мен 2 колледжі базасында «Жол картасы» бойынша жыл ішінде 2171 адамды дайындықтан және қайта даярлықтан өткізу жоспарлануда. Қысқа мерзімді даярлық бойынша мамандықтар тізімі тұрақты түрде ұлғаюда және еңбек рыногы сұранысын ескерумен жаңартылуда. Оқу орындарының материалдық базасы курстық даярлық бойынша оқытуды жүргізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта кәсіптік лицейлерде газ-электр дәнекерлеушісі, шатыршы, тас қалаушы, моторист, ағаш шебері, әр түрлі санаттағы жүргізушілер, аспаз, автомобиль көтергішінің машинисі, экскаватор машинисі, электрик, түзетуші, тракторшы-машинист, КИПиА слесары, т.б. барлығы 32 мамандық бойынша мамандар даярлау жүргізіледі. Мамыр айында техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарында «Жол картасы» аясында 330 адам даярлықтан өтуді бастады, оның ішінде 15 адам жұмыс берушілер қаржысы есебінен оқуда («Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы «Дөң» тау-кен байыту комбинаты).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button