Әлеумет

Боздақтарды еске алды

Саяси  қуғын-сүргінге ұшыраған жазықсыз жандардың бір бөлегі Ақтөбе қаласы сыртындағы Түйетөбеде  атылған. Атқаннан кейін ысыра салатын табиғи терең шұңқыры, жыра-жықпылы көп, мола қазып әуре болмайтын әрі оңаша осы жерді жендеттер әдейі таңдағанға ұқсайды. Мұнда  қанша адамның сүйегі жатқанын да нақты ешкім білмейді. Әйтеуір, қисапсыз көп адам, сан ұлттың өкілі жатырғаны анық. Жазықсыз атылған жандардың ортақ моласына айналған орын кеңес кезінде құпия сақталған. Тек кейін, онда да еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана жария болған. 1997 жылы жазықсыз құрбан болғандарға арнап төбе басына  ескерткіш қойылды. Содан бері Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің ең үлкен шарасы жылма-жыл осында өтеді. Биыл да солай болды. Бір күн бұрын облыс әкімі Елеусін Сағындықов Түйетөбе басында болып, гүл шоғын қойған еді. Ал 31 мамыр күні ертеңгілік облыс әкімдігі ғимараты жанынан 5 автобусқа және жеке көліктерге мінген жүздеген адамдар ұйымдасқан түрде жолға шықты. Төбе басында оларға өз көліктерімен жеткен  адамдар қосылды.

Сөйтіп, сәскеде ескерткіш алдындағы алаңда саяси қуғын- сүргін құрбандарын еске алуға  арналған митинг өтті. Зобалаң жылдардың құрбаны болған жазықсыз жандардың аруағына бағыштап, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкілі облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Бауыржан Есмахан Құран оқыды. Шіркеуден  Анатолий әкей өз рәсімін жасады.

Митингіге жиналған қауым кеңестік заманда жазықсыз қудаланып, құрбан болғандарды бір минут үнсіз тұрып еске алды.

Ескерткіш алдына облыс әкімдігі мен мәслихаты атынан облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, облыстық маслихаттың хатшысы Аманкелді Есіркепов гүл шоғын қойды. Сондай-ақ, қала әкімдігі мен мәслихаты, облыстық, қалалық басқармалар аттарынан да гүл шоқтары қойылды.

Бұл күні Түйетөбе басына жиналғандардың басым көпшілігі осы жерде жазықсыз атылғандардың ұрпақтары еді. Олардың қайысына жолықсаң да, өткенді қан жылап еске алады. Есеналы Төлегенұлы бүгінде зейнеткер жасында. Сол ақсақал былай дейді: «Менің әкем Төлеген, інілері Төле, Тәліп Мансарбаевтар Ырғыз ауданының Шабаған деген жерінде туып-өскен. Әкем шаруа адамы болған. Ұжымшардың ұстасы екен. Зобалаң жылдарда ең әуелі сол әкемнің кіші інісі Тәліп ұсталған. Ауылдың бір топ белсенділерімен бірге жала жабылып, нақақтан кеткен.  Кейін алпысыншы жылдардың аяғына қарай ақталып, «халық жауы» деген жаласы алынды».

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button