Спорт

Мәмілесіз кездесулер

20-турдың кездесулерінен соң қарағандылық «Шахтер» мен қостанайлық «Тобыл» суырылып алға шықты.

«Оқжетпес» тағы да ұтылды.

«Ақжайық» сырт алаңда, ал «Қайсар» өз алаңында 90-минутта бармақ тістеп қалды.

Енді ретімен баяндалық.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда павлодарлық «Ертісті» қабылдады.

Жерлестеріміз бұл жолғы қарсыластарын бірінші айналымда, 29 сәуірде Павлодарда 2:1 есебімен жеңген болатын. Марат Хайруллин мен Брана Илич гол соғып еді.

«Ақтөбенің» бұл жолы да жеңетіндігіне бек сенімді болды ма, әлде Еуропа Лигасының алтыншы ойынындағы жеңілістен соң футболшыларымыздан көңілдері қалды ма, әйтеуір, стадионға жанкүйерлер әдеттегідей көп жинала қоймады.

Бірақ «Ақтөбе» оған қыңған жоқ. Ойынды шабуылмен бастап, шабуылмен жалғастырып, шабуылмен аяқтады.

19, 21 минуттарда Сергей Лисенков, 27-минутта Марат Бикмаев, 28-минутта Александр Гейнрих, 52, 68 минуттарда Петр Бадло, 70-минутта Александр Гейнрих, 78-минутта Лукаш Байер… гол соғып кетулері әбден мүмкін еді, соға алмады. Әйтеуір 82-минутта ғана Тимур Кападзенің соққысын «Ертістің» қақпашысы Котляр кейін қақшып қайтарған шақта, Сергей Лисенков қосамжарлана жетіп, допты жібек торға сүңгітіп жіберді. Рас, 88-минутта Эмиль Кенжесариев та гол авторы атануға сәл қалды, бірақ ол соққан доп діңгектен бірер сантиметр ғана қиыс кетті.

Әрине, қонақтар да қарап қалған жоқ. Олар да біздің қақпамызға төндірген қауіпті сәттер болды. Бірақ қақпашы Андрей Сидельников өте сенімді ойнады. Ол Тити Эссомбо мен Ұлықбек Бақаевтың голға әбден лайық тікелей соққыларын дарытпай жіберді. Қонақтарға да керегі сол бір гол еді, олардың бұл кездесуде «Ақтөбені» жеңуді емес, негізінен, тең ойынмен тарасып, бір ұпай олжалауды ғана мақсат еткендері байқалып тұрды.

Сөйтіп «Ақтөбе» тынымсыз шабуылдаған, қонақтар барынша қорғанып баққан ойын бір голмен аяқталды.

«Ертіс» футболшылары шынымен-ақ өкінді, себебі олар бұған дейін қатарынан сегіз тур бойы жеңілмей келе жатыр еді.

«Ақтөбе»-«Ертіс» — 1:0.

Гол авторы: Сергей Лисенков, 82-минут (1:0).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Петр Бадло, Роберт Праймус, Самат Смақов (капитан), Эмиль Кенжесариев, Сергей Лисенков (Ислам Қуат, 90+1 минут), Сергей Ковальчук, Антон Землянухин (Аслан Дарабаев, 61-минут), Александр Гейнрих, Марат Бикмаев (Лукаш Байер, 77-минут), Тимур Кападзе.

Сонымен «Ақтөбе « мен «Ертіс» осымен 42-ші кездесуін өткізді.

19 ойында «Ертіс», 16 кездесуде «Ақтөбе» жеңді, 7 жүздесу тең есеппен аяқталды.

Қосымша тағы бір дерек. «Ақтөбе» чемпионат басталғалы өз алаңындағы ойындарда 6 рет жеңіске жетіп, 1 рет ұтылды, 2 ойын тең есеппен аяқталды, сөйтіп футболшыларымыз Ақтөбе қаласында 20 ұпай жинады.

*   *   *

Енді Премьер-Лиганың басқа кездесулерінің қорытындыларына келейік.

«Тараз»-«Ақжайық» — 3:2.

Гол авторлары: Эдуард Сергиенко, 4-минут (1:0); Игорь Зенкович, 60-минут (1:1); Якуб Хлебоун, 65-минут (1:2); Абдул Дикайте, 73-минут, пенальти (2:2); Обиора Одита, 90-минут (3:2).

«Жетісу»-«Қайрат» — 2:1.

Гол авторлары: Эдин Юнузович, 37-минут (1:0); Илья Калинин, 59-минут (1:1); Синиш Добрашинович, 65-минут (2:1).

86-минутта ойын ережесін дөрекі бұзғаны үшін Александр Быченок («Қайрат») жасыл алаңнан қуылды.

«Ордабасы»-«Шахтер» — 0:1.

Гол авторы: Эдуард Вишняков, 75-минут (0:1).

«Сұңқар»-«Оқжетпес»» — 3:1.

Гол авторлары: Адриан Григорута, 11-минут (0:1); Раде Джокич, 18-минут (1:1); Азат Нұрғалиев, 42-минут (2:1); Георгий Овсянников, 85-минут (3:1).

«Астана»-«Атырау» — 5:0.

Гол авторлары: Виктор Дмитренко, 13-минут (1:0); Сергей Остапенко, 45-минут (2:0); Дамир Кояшевич, 53-минут (3:0); Ұлан Қонысбаев, 78-минут (4:0); Марат Шахметов, 90-минут (5:0).

«Қайсар»-«Тобыл» — 1:2.

Гол авторлары: Жасұлан Молдакараев, 60-минут (1:0); Игорь Бугаев, 89-минут (1:1); Сергей Костюк, 90-минут, пенальти (1:2).

*   *   *

18-турдың ерекшеліктері.

Біріншіден, бұл турда чемпионат басталғалы үшінші рет ең жоғары нәтижелі көрсеткіш қайталанды, 22 гол соғылды. 2,19-турлардың ойындарынан соң дәл осындай есеп тіркелген. Бірақ бұл екі турда да бір кездесу кейінге қалдырылып отырған болатын.

Екіншіден, бұл турда тең есеп болған жоқ, бес кездесуде алаң иелері, екі ойында қонақтар жеңіске ие болды. 1:0 және 2:1 есептері екі реттен қайталанды.

Үшіншіден, екі рет белгіленген он бір метрлік айып добы сәтті орындалды. Бір футболшы (Александр Быченок, «Қайрат») ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін жасыл алаңнан қуылды.

Төртіншіден, биыл 5:0 есебі («Астана»-«Атырау») алғаш рет тіркелді. Сондай-ақ бұған дейін бұлайша бес доп айырмашылығымен ұту еш командаға бұйырмай келе жатқан болатын.

Бесіншіден, «Шахтер» сырт алаңда бесінші рет ұтса, «Қайсар» мен «Атырау» өз алаңдарында бесінші рет ұтылды.

Алтыншыдан, «Тобыл» сырт алаңда үшінші рет жеңіске жетсе, өз алаңында «Сұңқар» үшінші рет ұтысқа қол жеткізді, «Ертіс» сырт алаңда үшінші рет ұтылды.

Жетіншіден, «Оқжетпес» қатарынан алтыншы рет жеңілуге мәжбүр болды.

Сегізіншіден, әзірге өз алаңында жеңіліп көрмеген команда екеу ғана — «Шахтер» мен «Тобыл».

Осы кезге дейін 137 кездесу өткізіліп, 71 ойында қожайындар, 38 кездесуде қонақтар жеңіске ие болды, 28 ойын тең нәтижемен аяқталды.

Чемпионат басталғалы 330 гол, ал әр кездесуде орта есеппен 2,41 гол соғылды.

Әзірге чемпионат барысында ең көп (37 рет) қайталанған есеп — 1:0.

 

Ойын кестесі

 

Командалар           О         Ұ         Т         Ж        Д         Ұп

 

1  «Шахтер»            20       13       2          5          41-13  41

2  «Тобыл»              20       12        4         4          33-20  40

3   «Ертіс»                20       10        6         4          34-17  36

4   «Тараз»               20       11        2         7          24-25  35

5   «Астана»            19       10        4         5          26-20  34

6   «Ақтөбе»           18       9          4         5          24-13  31

7   «Ордабасы»      19       8          5         6          22-18  29

8   «Ақжайық»         19       8          3         8          26-24  27

9   «Қайсар»                        20       6          5         9          16-22  23

10  «Атырау»          20       6          4         10       14-27  22

11 «Сұңқар»                       20       5          6         9          13-22  21

12 «Қайрат»                        19       4          7         8          18-27  19

13 «Жетісу»             20       5          3         12       24-38  18

14 «Оқжетпес»       20       2          1         17       13-42  7

 

(О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай).

 

Сұрмергендер:

1. Игорь Зенькович («Ақжайық») — 9 (үшеуі — он бір метрлік айып добы);

2. Бауыржан Жолшиев («(Тобыл») — 8 доп.

3. Эдин Юнузович («Жетісу») — 8 доп.

4. Ұлықбек Бақаев («Ертіс») — 7 (2).

5. Гедеминас Вичюс (Шахтер») — 6 доп.

6. Андрей Финонченко («Шахтер») — 6 доп.

6. Игорь Юрин («Ертіс») — 6 доп.

*   *   *

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Марат Хайруллин — 4 доп (үшеуі  — он бір метрлік айып добы);

Сергей Лисенков — 4;

Брана Илич — 3;

Петр Бадло — 2;

Тимур Кападзе — 2;

Лукаш Байер — 2;

Арунас Климавичус — 1;

Дарко Малетич — 1;

Самат Смақов — 1;

Зоран Костич — 1.

Юрий Логвиненко — 1;

Александр Гейнрих — 1;

Сергей Ковальчук — 1.

*   *   *

26 тамыз, жексенбі күні «Ақтөбе» сырт алаңда, Қостанайда  «Тобылмен» кездеседі.

Қалған кездесулер:

«Шахтер» — «Астана»;

«Атырау» — «Сұңқар»;

«Оқжетпес» — «Қайсар»;

«Ертіс» — «Жетісу»;

«Қайрат» — «Тараз»;

«Ақжайық» — «Ордабасы».

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button