Құқық

әкімдер орындарынан кетті. мемлекеттік қызметкерлерге ескерту берілді

Тәртіптік кеңес шешімі:

әкімдер орындарынан кетті. мемлекеттік қызметкерлерге ескерту берілді

 Жақында Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда  3 мәселе бойынша 7 тәртіптік іс қаралды.

Жиынды Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық тәртіптік кеңесінің төрағасы Нұрлан Сүйінбаев ашты. Алдымен Хромтау қаласының әкімі Арман Битегенов пен Хромтау ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұркен Аспеновке қатысты тәтіптік іс қаралды. Хромтау қаласындағы ағаштарды кесу бойынша мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурста жеке кәсіпкер Т.Құлниязов ең төменгі баға ұсынғаны үшін жеңімпаз болуы тиіс-тін. Дегенмен, конкурс қорытындысында жеке кәсіпкер Ермашев жеңімпаз атаныпты.

Тәртіптік кеңестің шешімі бойынша Хромтау қаласының әкімі Арман Битегенов ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-бөлігі, 4,5 және 12-ші тармақшаларының талаптарын бұзғаны үшін қызметінен босатылды. Ал  Хромтау ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұркен Аспенов құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметіне заңсыз араласқан. Нақтырақ айтқанда,  Хромтау қаласының саябағында ағаштарды кесіп жатқан жұмысшыларды ұстауға тыйым салған.  Кеңес мүшелері Нұркен Аспеновке ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-бөлігі 1-тармақшасының талаптарын бұзғаны үшін қызметінен төмендету, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру туралы шешім қабылдады.

Екінші мәселеде Ырғыз аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Нұрлыбек Кенжебаевқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Бұл іске байланысты облыстық тәртіптік кеңестің тексеру комиссиясының мүшесі Бахыткүл Төлеубаева хабарлама жасады. Оның айтуынша, Нұрлыбек Кенжебаев біраз қателік жіберген.

—  Ырғыз аудандық әкімдігінің 2006 жылғы қаулысына сәйкес, Ырғыз аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік жалға берілген 6 екі пәтерлік  тұрғын үйдің тұрғындарымен  үйлерді жалға беру туралы келісімшарт жасаған. Аталған 6 тұрғын үйдің техникалық құжаттарындағы жалпы алаңы — 776 (64,7 *12 шаршы метр) шаршы метр. Яғни, жалдаудан түсетін түсім 475,2 мың теңге болуы тиіс. Дегенмен, келісімшарттарда бұл 6 тұрғын үйдің жалпы алаңы 194,1  (32,35 шаршы метр*6) шаршы метр деп көрсетілген. Ал төленуі тиіс қаржы: 59,4 мың теңге деп есептелініпті. Сөйтіп, жалға беруден 131,2 мың теңге түскен. Қалған 344,0 мың теңге төленбеген. Бұдан да басқа ақша төлеуге қатысты заң бұзушылықтар бар.

Қорыта айтқанда, 30 жеке тұлғамен жасалынған келісімшарттар бойынша жалпы 578,4 мың теңге уақытында бюджетке түспеген. Соның салдарынан 1 369,3 мың теңге өсімпұл және 289,2 мың теңге айыппұл өндірілмеген, — деді Б.Төлеубаева.

Сөйтіп, бөлім бастығы Нұрлыбек Кенжебаев ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы, 1-тармағының 10-тармақшасының талаптарын бұзған.

Кемшіліктер кетті. Қателіктерімді мойындаймын. Мен бұл жұмыста былтыр наурыз айынан бастап істеймін. Яғни, кейбір кемшіліктер маған дейін орын алды. Жұмысқа кіріскеннен бастап қолымнан келгенше әрекет жасадым, — деді Нұрлыбек Кенжебаев.

Тәртіптік кеңестің шешімімен Ырғыз аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Нұрлыбек Кенжебаевқа қызметінен төмендету, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Н.Боранбаев, Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары І.Тынымгереев, Қарғалы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы Е.Жолшыбаев және Степной селолық округінің әкімі Ғ.Жүзбаевтарға қатысты тәртіптік іс қаралды.

Мәселенің мәнісі мынау: Қарғалы ауданының Степной ауылында 2010-2011 жылдары «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы бойынша  су құбырларын жаңарту жұмыстары жүргізілуі керек-тін (жұмыс жасайтын мекеме —  «Даир и К» ЖШС). Мемлекеттік қабылдау комиссиясының  мүшелері —  облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Н.Боранбаев, Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары І.Тынымгереев, Қарғалы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы Е.Жолшыбаев және Степной селолық округінің әкімі Ғ.Жүзбаев жұмыс толық аяқталмағанына қарамастан, нысан бойынша жұмысты толық аяқталды деп  (28. 12. 2011 жыл) қабылдап алыпты. Сонымен қатар Қарғалы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы Е.Жолшыбаев аталған жұмысқа мемлекеттен бөлінген қаражатты  «Даир и К» ЖШС-нің есеп-шотына толық аударып жіберген.  Дегенмен, Степной селосындағы су құбырын қайта жаңарту бойынша нысанның 2 су айдайтын сорғысы орнатылған жерге абаттандыру жұмыстары толық жүргізілмеген. Су айдайтын сорғы орнатылған аулада ұсақ тас мүлде төселмеген. Ал өртке қарсы қалқан әлі күнге дейін орнатылған жоқ. Сонымен қатар сметада көрсетілген дәретхана құрылысы да аяқталмапты. Яғни, ҚР «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңының 3-бабы, 1-тармағының — мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау деген талабы бұзылған.  Жобалық  смета бойынша ұсақ тасты төсеу мен өртке қарсы қалқанды орнату үшін жалпы 3 698 037 теңге бөлінсе, дәретхананың құрылысы үшін бөлінген қаржы: 80 026 теңге.

Сөйтіп, мемлекеттік комиссия мүшелері мемлекет мүддесіне қайшы әрекет жасаған.  Кеңес мүшелерінің шешімімен, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы, 1-бөлігі 4,5-тармақшаларының талаптарын бұзғаны үшін облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Нұрлан Боранбаевқа қатысты тәртіптік іс материалдары негізінде шешім қабылдау үшін ұсыныс облыс әкімінің қарауына жолданды.

Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары Ізгілік Тынымгереевтің де дәл осындай талапты бұзғаны үшін тәртіптік кеңес материалдары негізінде шешім қабылдау бойынша ұсыныс аудан әкімінің қарауына жіберілді. Ал жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзған  Қарғалы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы Ербол Жолшыбаев пен Степной селолық округінің әкімі Ғарифолла Жүзбаев қызметтерінен босатылды.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button