Спорт

Нұрболдың «алтыны»

Жақында Қызылорда қаласында ІІ Қазақстан жастар ойындары өтті. Жарысқа әр облыстан жиналған 16 команда қатысты. Біздің Ақтөбе командасы олжалы оралды. Осыған орай бейсенбіде бокстан олимпиада резервін даярлайтын балалар мен жасөспірімдердің облыстық мамандандырылған мектебінде баспасөз мәслихаты өтті.

Галиб Джафаров жетекшілік ететін құрамында 12 боксшы бар Ақтөбе командасы төртінші орынға ие болды. Бокстан аға бапкер Әлімбек Балмағамбетовтің айтуынша, команда қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль бар. Аға бапкер:

– 54 кг салмаққа дейінгілер арасында Нұрбол Қалжанов чемпион атанды және «ҚР спорт шебері» атағын қорғады. ІІ орынға 75 кг салмақта Камран Шахсоварлы ие болды. Ал  Қайрат Төребекұлы (48 кг),  Жалғас Төкенов (64 кг), Артур Елебаев (+ 91 кг) үшінші жүлделі орынға ие болды. Қуаныштымыз, 5 боксшымыз Қазақстанның ұлттық құрама командасы сапына енетін болды. Алда енді бұл боксшылар Талдықорғанда өтетін оқу-жаттығуға барады, сосын Германияның Франкфурт қаласына жол жүреді, – деді.

Нұрбол: «Әсіресе, ақмолалық Бекболат Жүсіпті жеңу оңайға түспеді, бірақ жеңдім», – десе, бапкері Ғалымжан Құрымбаев: «Бұл жарыста ол еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында жеңіске жетті», – деп оған мінездеме беріп қойды. Ақтөбеге оқуға келген Нұрболдың болашағына сенген бапкері келіншегі мен екі баласын алып қалаға келді, отбасымен пәтер жалдап тұрып жатыр.

Ал «Дүние» университеті жанындағы колледждің І курсын аяқтап жатқан Нұрбол Қалжанов келесі жылдан бастап грант бойынша білім алады.

Чемпионның ендігі мақсаты – 2012 жылы Лондонда өтетін олимпиададаға қатысу.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button