Саясат

Серпін берген жиын

Партия съезінен соң

Қиын-қыстау кездері халыққа бағдар нұсқаған, билікті топтастыру, бұқара елді дамытуға жұмылдырған, он жылдық белеске көтеріліп, бүгінде көшбасшы болып келе жатқан партияның ХІІ съезі дүниені жайлаған дағдарыстың кезінде көңілге үміт ұялатып, рухымызды көтеріп, халқымызды жігерлендіргені анық. Өйткені бұл – жаңа мүмкіндіктер шағы, адамды өзін-өзі қамшылауға, тіршілік үшін тырбанып, өз бойынан тың  қуат табуға итермелейтін құбылыс.

Партия төрағасы Н.Ә. Назарбаев  «Нұр Отан» партиясы құрылғаннан бері жүріп өткен жолымызды саралай келе, еліміздің экономикасының дағдарыстан кейінгі серпінді даму жоспарының негізгі қағидаттарын съезд талқылауына ұсынды және Қазақстанның жаһандық дағдарысты еңсеру мен жаңаруындағы партияның ролі және маңызы зор болатындығын жеткізді.

Аталған жоспардың негізгі қағидаттарын жүзеге асыруда аудандық партия ұйымының қолдауымен жергілікті билік органдары көптеген істер атқаруда. Осы бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы бойынша ауданда орналасқан ірі өндірістік мекемелер және кәсіподақ ұйымдары, билік өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізіліп, нәтижесінде 25 үш жақты меморандумды бекітуге қол жеткізілді.

Дағдарысты еңсеруге арналған «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 16 әлеуметтік нысанды жөндеу инвестициялық жобалары бекітіліп, 666 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Елбасының экономиканы дағдарыстан кейін дамыту бойынша міндеттерінің бірі ауыл шаруашылығын ілгері бастыру, өнімдерінің бәсекеге қабілетті болуы және оларды экспортқа шығаруды жүзеге асыру шаралары аясында ауданымызда жылына 40 мың қойды семіртіп, шетелге экспорттауға арналған «карантиндік экспорттық алаңқай» іске қосылып, жұмыс істеп жатқанын атап өтуге болады. Сонымен қатар аудан бойынша 37,5 мың га дәнді, 1300 га майлы дақылдар, 500 га  картоп, 190 га көкөніс және 20 га бақша отырғызу көзделуде, осы шаралар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, аудан тұрғындарының дағдарыс қыспағынан қиналмай шығуына көп көмегін тигізеді деп сенеміз.

Біздің аудан облысымыздағы өнеркәсіпті өңірлердің бірі екені мәлім. Аталған міндеттердегі көрсетілген құрылыс индустриясын, мұнай өндіру, өндеу инффақұрылымын дамытуда және аудан экономикасының басқа да салаларында көптеген кешенді жұмыстар атқарылуда және даму қарқындары бәсеңдемейді. Оған толық жағдай мен мүмкіншіліктер бар.

Партияның халықтық тұғырнамасының «Ешкім де баспанасыз қалмауы тиіс!»  қағидатын орындау барысында Қандыағаш қаласында жергілікті бюджет есебінен 60 пәтерлік коммуналдық тұрғын үй сатып алынып, жөнделіп, мемлекеттік және бюджет саласы қызметкерлеріне пайдалануға берілді. Осындай тағы бір 120 пәтерлік үй бюджет есебінен жөнделіп, кезекте тұрған аса мұқтаж, аз қамтылған отбасыларына осы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ауылдық елді мекендерде де осындай қамқорлық жас мамандар отбасыларына көрсетілуде. Сонымен қатар мектепке дейінгі жас ұрпақты лайықты тәрбиелеу, дамыту мақсатында аудан елді мекендерінде балабақшалар ашылуда. Осы шаралар аясында үстіміздегі жылы 3 балабақша ашылып және 3 балабақша жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сөз жоқ, осындай ауқымды игі істердің бастамашысы да, жанашыры да «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы мен оның жергілікті жерлердегі қолдаушылары. Сондықтан осы съезде «Нұр Отан» партиясының бүгінгі дағдарысты еңсерудегі  және Қазақстанды жаңартудағы рөлі туралы, экономиканы дағдарыстан кейін серпінді дамытуда және оның беделін арттырудағы жаңа міндеттері кеңінен талқылауға түсіп, нақты шешімдерін тапты.

«Осы биік мақсат пен міндеттердің орындалуының алғы және басты шарты – халқымыздың ауызбіршілігі, ынтымақтастығы және татулығы», – деп қорытындылады съезд жұмысын партия төрағасы Н.Назарбаев.

Біз осы мәртебелі басқосудан Елбасының алдымызға қойған биік міндеттері мен оларды орындауда халқымызға және партияға көрсетілген зор сенімін арқалап оралдық.

Серік ШАҢҒҰТОВ,

Мұғалжар ауданы әкімі,

«Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасы,

«Нұр Отан» ХДП  кезектен тыс XII съезі делегаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button