Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Мереке күні жұмысқа шықпағаным үшін босатылуым дұрыс па?

— Мен мемлекеттік мекеменің көлік жүргізушісімін. Мереке күні аудан әкімдігі машинамен төтенше жағдайға байланысты бір жерге баруға шақырды. Осы уақытта мен таңертеңгілік басқа ауылдан қонақтан келуіме байланысты тұра алмай, бара алмадым. Келмегенім үшін аудан әкімдігі мені жұмыстан босатуға бұйрық берген (өзім істейтін мекеме емес). Ескертіп кететінім — төтенше жағдайға байланысты ешқандай кезекшілікке қойылмағандығым  және бұл салаға қатысым жоқтығы. Осылай жұмыстан босатуға бұйрық беруі дұрыс па? Дұрыс болмаса, қандай заңға сүйенуге болады?

                                                                                                                         Ерік.

— ҚР Еңбек кодексінің 97-бабына сай жұмыс берушінің бастамасы бойынша демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі және ол үшін қызметкердің қалауы бойынша оған басқа демалыс күні беріледі немесе заңда көрсетілген мөлшерде ақы төленеді. Кодекстің 98-бабында демалыс және мереке күндері қызметкердің келісімінсіз жұмысқа тартудың ерекше жағдайлары көрсетілген. Яғни, қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:

  • төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін;
  • жазатайым оқиғаларды, мүліктің опат болуын немесе бүлінуін болдырмау және оларға тексеру жүргізу үшін;
  • жалпы ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмысы осылардың жедел орындалуына тәуелді болатын шұғыл, бұрын көзделмеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.

Қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тарту жұмыс берушінің актісімен (жалақы алатын мекемеңіздің бастығының бұйрығымен) рәсімделеді. Бірақ алдын ала ескертіп, кезекшілікке қоймаса, жұмысшыны төтенше жағдайдағы жұмысқа тартуға болмайтыны заңда көрсетілмеген. Егер даулассаңыз, жұмыс беруші әрекетінің дұрыс-бұрыстығын сот арқылы шешесіз.

Қай жерлерде темекі шегуге болмайды?

Жақында маған полиция қызметкерлері қоғамдық жерде темекі шеккенім үшін 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды. Қай жерлерде темекі шегуге тыйым салынатыны жөнінде айта кетсеңіз деп едім.

Азамат.

— «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 159-бабының 5-тармағына сай темекі шегуге:

1) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамдардың демалуына арналған ұйымдарда;

2) денсаулық сақтау ұйымдарында;

3) қоғамдық тамақтану орындарында;

4) кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт көру және көрме залдарында, спорт ареналарында және көпшіліктің демалуына арналған басқа да жабық ғимараттарда, соның ішінде түнгі клубтарда, дискотекаларда;
5) мұражайларда, кітапханаларда және лекторийлерде;

6) жергілікті және алысқа қатынайтын поездардағы, әуе, теңіз және өзен көлігі кемелеріндегі белгіленбеген орындарда, сондай-ақ қалалық, қалааралық автобустардың, маршруттық таксилердің және қалалық электр көлігінің салондарында;

7) әуежайлардың, темір жол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында;
8) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда;

9) жұмыс орындары болып табылатын үй-жайларда;

10) үйлердің кіреберістерінде тыйым салынады.

Осы баптың 12-тармағында темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі шегуге тыйым салынғаны туралы белгі орнатылуға тиіс делінген. Бірақ мұндай белгінің болмауы жоғарыда көрсетілген орындарда темекі шегуге рұқсат бермейді. Ал 6-тармағының талаптары бойынша темекі шегу үшін арнайы жабдықталған орындар бөлінген болса: қоғамдық тамақтану орындарында; жергілікті және алысқа қатынайтын поездардағы, әуе, теңіз және өзен көлігі кемелеріндегі белгіленбеген орындарда, сондай-ақ қалалық, қалааралық автобустардың, маршруттық таксилердің және қалалық электр көлігінің салондарында; әуежайлардың, темір жол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында тыйым салу қолданылмайды.

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

8 (7132) 51-04-13; 8-701-586-11-10; 8-771-187-47-31;

8-707-892-55-14; 8-700-961-31-20

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button