Ресми

Жарты жылдықты ойдағыдай аяқтаймыз

Облыс әкімі Е.Сағындықовтың төрағалығымен халықты еңбекпен қамту және дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті.

Күн тәртібінде үш мәселе: осы жылдың алғашқы төрт айындағы өнеркәсіп саласының қорытындылары мен бірінші жарты жылдықты ойдағыдай аяқтау, облыс кәсіпорындарындағы жалақы жөніндегі қарыздар мен оларды болдырмау  шаралары және көктемгі егіс жұмыстарының жүргізілу барысы қаралды.

Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштердің төмен болғанына қарамастан, қаңтар-ақпан айларында облыстың өнеркәсіп саласында айтарлықтай даму байқалды. Тау-кен, өңдеу өнеркәсіптері саласындағы көрсеткіштер көңілге қонымды. «Қазхром» ТҰК» АҚ, «АХҚЗ» АҚ, «Көктас-Ақтөбе» АҚ, «Туркуаз Эдибл Ойл Индастриес» ЖШС басшыларының өндіріс көлемі жөніндегі ақпараттары тыңдалып, бірінші жарты жылдықты жақсы нәтижемен аяқтау үшін жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтылды.

Кәсіпорындарында жалақының уақтылы берілуі үнемі назарда. Осы жылдың төрт айында мемлекеттік еңбек инспекторлары мен прокуратура бірлесіп жүргізген 28 тексерудің нәтижесінде кейбір кәсіпорындарда жалақы, басқа да төлемдердің кешіктіру төленуі жөнінде бірқатар заңсыздықтар анықталған. Заңсыздықты жою туралы алдын ала ескертуден кейін кейбір кәсіпорындар жалақы жөніндегі қарыздарын түгел жапқан. Мойнында қарызы бар басқа да кәсіпорын басшыларының мәліметтері тыңдалды. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов орынбасарларына бұл жайтты бақылауда ұстауды, кәсіпорындарға барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, маусым айының аяғына дейін қарыздарынан түгел құтылуды тапсырды.

Күн тәртібінде қаралған үшінші мәселе бойынша жұмыс өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы техникалары сақадай сай, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жанар-жағармаймен толықтай қамтылды, сапасы жоғары тұқым да дайын. Бір сөзбен айтқанда, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық толық көлемде атқарылды, яғни егіс көлемін кеңейту, дер кезінде егін егуге мүмкіндік мол. Е.Сағындықов қала әкімі А.Мұхамбетовке Ақтөбе қаласына аудандардан қанша көкөніс әкелінуі қажеттігін анықтауды, көкөніс сақтау қоймаларын дайындауды тапсырды.

Облыс әкімінің айтуынша, шешілмейтін мәселе жоқ, яғни бірінші жарты жылдықты ойдағыдай аяқтауға мүмкіндік мол.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button