Құқық

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Заң

Отбасымның шырқын бұзған қызға шара қолданыла ма?

— Тұрмыс құрғаныма 4 жыл болды. Өзім мектепте мұғаліммін. Жұбайым  вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Былтыр  жолдасымның басқа адамы  пайда болды. Жолдасым  менің үстімнен  бір қызбен жүріп, оны екіқабат қылып, баласын алдыртып тастатты. Мен жолдасымның телефонынан  жүріп жүрген қызының телефонын алып, сол қызға  телефон соғып, барлық жағдайды өзім түсіндіргенмін. «Ұлым — мүгедек, біздің отбасымызға кедергі болма. Басың жас, басқа адамды тап» дегенмін. Бірақ ол қыз менің жолдасыммен арақатынасын үзбеді. Осылайша отбасымыздың шырқы бұзылып, мен үйден кетіп қалдым. Ұлым  анамның қолында тәрбиеленіп жатыр. Ал мен үй жалдап, жұмыс жасаудамын. Менің жолдасымның үйінен кеткеніме 4 айдан асты. Жолдасым «мені сүйем» деп  осы кезге дейін хабарласып, телефон соғып тұрды. Ішімдік  ішкен күндері есігімді қағып, тыныштық бермейді. Оны мен «ұлымен арасындағы байланысты үзбесін, мүмкін бәрін түсінер» деген үмітпен баламды жолдасымның үйіне де жібергенмін. Бірақ, ол бірге тұрмаса да, ана қызды да үй-ішіне таныстырып қойыпты. Ол өзімен бірге вахтада жұмыс жасайды. Енді мен жолдасыма «заңды түрде ажырасайық» десем, «мен сенен ажыраспаймын» дейді. Енді оның заңы бар ма? Отбасымның шырқын бұзған қызға шара қолданыла ма? 

Жанаргүл Матеуова.

 

— Неке және отбасы туралы кодекске сәйкес егер сот ерлі-зайыптылардың одан әрі бірлесіп өмір сүруі және отбасын сақтауы мүмкін еместігін анықтаса, неке сот тәртібімен бұзылады. Ерлі-зайыптылардың біреуінің некені бұзуға келісімі болмаған жағдайда, сот ерлі-зайыптыларды татуластыруға шаралар қолдануға және ерлі-зайыптыларға татуласу үшін үш ай көлемінде мерзім тағайындай отырып, істі қарауды кейінге қалдыруға құқылы. Егер ерлі-зайыптыларды татуластыру жөніндегі шаралар нәтижесіз болып шықса және ерлі-зайыптылар (олардың біреуі) некені бұзуды талап етсе, неке бұзылады.

Неке — екі тараптың ерікті одағы. Оның бұзылуына келісім бермеген және бұзылуын талап еткен ерлі-зайыптыларға (егер туындаса, алименттік және мүліктік міндеттерден басқа) да, оның бұзылуына себепкер болды деп субъективті түрде есептелетін басқа тұлғаларға да қатысты жауапкершіліктер заңда көзделмеген.

 

Мүгедектерден табыс салығы ұстала ма?

Мен үшінші топтағы мүгедекпен. Жұмыс істеймін. Өз мекемемдегі бухгалтерия қызметкерлерімен түсінісе алмай қойдым. Олар менің жалақымнан табыс салығын ұстап қалып отыр. Ал Салық кодексінің 156-бабының 1тармағының 13тармақшасында бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектердің республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының басында қолданыста болатын ең төменгі жалақының 55 еселенген мөлшері шегінде бір жылғы табыстарына салық салынбайтыны көрсетілген. Заңның осы нормасын олар өздерінше түсіндіреді. Енді сіздер түсіндіріп көріңіздерші.    

Мөлдір Асқарқызы.

 

— «2011 – 2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 29.11.2010 ж. №357-IV Заңның 8-бабына сәйкес 2011 жылы ең төменгі жалақының мөлшері  15 999 теңге болды. Осы соманы 55 еселесеңіз 879 945 теңге шығады. Сіздің былтырғы айлық жалақыңыздың бір жылғы мөлшері осы соңғы көрсеткіштен аспауы тиіс-ті. Айталық, айлық табысыңыз 50 000 теңге болса, 12 айда бұл мөлшер 600 000 теңгеге жетеді екен. Ондай жағдайда сізге табыс салығын салуға болмайды. Салық жылдық табыстың 879 945 теңгеден асқан бөлігіне ғана салынады.

Салық кодексінің 156-бабының 1-тармағының 13-тармақшасы қолданылуы үшін олар осы бапта белгiленген шектерде енгізілетін  осындай түзетудiң сомасын көрсете отырып, салық салуға жататын табыстарға түзету жасау туралы өтiнiшін және әлеуметтік жағдайын (мүгедектігін) растайтын құжаттар көшiрмелерiн қызмет істейтін мекемесіне тапсыруға міндетті.

Мүгедектерді салық салудан босату мүгедектік белгіленген айдан басталған кезең ішінде алынған табыстар бойынша жүзеге асырылады.

 Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 51-04-13; 8-701-586-11-10; 8-771-187-47-31;

8-707-892-55-14; 8-700-961-31-20

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button