Білім

Ақтөбеде балалардың жағдайы жақсы екен!

Жұмажан ЖҮКЕНОВ:

Кеше облыстық Жасөспірімдер үйінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетінің төрағасы Жұмажан Жүкенов

баспасөз мәслихатын өткізді.

Төраға әуелі Жасөспірімдер үйін аралап көрді: әр үстелінде ақ дастарқан жайылған асханасы, шағын кітап қоры бар кітапханасы, тренажер залы, еденінде кілем төселген, жұмсақ жиһаздары бар ұядай бөлмелері, әрине, төраға көңілінен шықты. Сосын балалардың өздерінен жағдайларын сұрады, олар бір ауыздан «жақсы» деді. Жұмажан Жүкенов: «Бізде бөтен бала жоқ, бәрің де біздің елдің балаларысыңдар. Сендердің оқып, білім алуларыңа мүмкіндік туғызып, жағдай жасау – біздің міндетіміз. Өздерің білесіңдер, «Бөбек» қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызы сендердің жағдайларыңа елеңдеп, шәкіртақы бөлуді де жолға қойды. Өзге облыстармен салыстырғанда, Ақтөбедегі жағдай жақсы. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов та ерекше қолдау көрсетеді екен, 6 түлекке ипотека арқылы пәтер алуға көмектесіп, облыс әкімдігі 5 бала үшін жаңа пәтердің алғашқы жарнасын төлепті. Осындай ізгілікті істер үшін облыс басшысына ризамын», – дейді. Сондай-ақ, ол 2007 жылы қабылданған «Қазақстан балалары» атты бағдарлама аясында өзге облыстарда да Жасөспірімдер үйін салуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Бұған дейін КА-168/3 мекемесінде болған Комитет төрағасы Ж.Жүкенов жазаланған жасөспірімдердің жағдайына қатысты әзірге ата-аналар тарапынан шағым түспегенін айтты.

Облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергеновтің айтуынша, қазіргі облыстық Жасөспірімдер үйінің директоры Жанна Дүйсенбина бұрын КА-168/3 мекемесінде жұмыс істепті. Жасөспірімдер үйі ғимараты да дау-дамайдан әрең «басы» арашаланған. «Біз бұл үйді алғаш көргенде, есік-терезесі де болмап еді, қазір жағдай жақсы, тек жақсы оқу керек. Мәселен, жоғары оқу орындарында оқитындардың 29 пайызының жағдайлары төмен. Кейбіреулер сендердің жағдайларыңа қызыға қарайды, еңселеріңді тіктеңдер, тек қана алға!» – деп Аманғали Алхатұлы балаларды жігерлендірді.

Облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова: «Сенбі күні облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова 7 мамырда шаңырақ көтерген Максим Чебохин мен Әсел Мүлкановаға Жасөспірімдер үйі ұжымының үйлену тойындағы суреттерден әзірлеген альбомын табыстады. Осы сәтте алдағы аптада облыс әкімінің оларға пәтер тарту ететіні де белгілі болды», – деді.

Комитет төрағасы бастаған осы топ бұдан соң Ақтөбе заң колледжінде, жаңа ғимаратқа көшкен №40 орта мектепте болды.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button