Саясат

Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам

Нағыз кәсіп иелерінің қолдауы

Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл — практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады!» — деп жазды.

Сейсенбі күні Ақтөбе ферроқорытпа зауытының акт залына нағыз кәсіп иелері — жұмысшы-металлургтер «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе ферроқорытпа зауыты акционерлік қоғамындағы бастауыш партия ұйымының жиналысына жиналды. Жұмысшы-металлургтердің әңгімесінің арқауы Елбасының бағдарламалық мақаласына байланысты өрбіді. Алғашқы кезекте сөз алған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Мұрат Мұқашев:

— Елбасы мақаласында айтылғандай,  тұрмыс-тіршіліктің жақсарғанын әр қазақстандық сезінетін болуы керек. «Нұр Отан» ХДП  қызметінің негізгі бағыты бұл.  Халқымыздың әл-ауқатының нығаюы еліміздің экономикасымен тығыз байланысты. Ал экономика — өндіріс қалыпты жұмыс жасағанда ғана жоғары болады. Ел экономикасын көтеруде өзіндік орны бар өндірістің бірі — біздің зауыт. Ол тек еліміздегі емес, кешегі кеңестік кеңістіктегі айтулы ірі өнеркәсіп. Қазіргі кезде мұнда Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына кіретін жобалар жүзеге асырылуда. Ферроқорытпа зауытының төртінші цехы салынуда. Іс жүзіндегі бұл жаңа зауыттың  іргетасын қалау рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан болатын. Сондықтан да зауыт жұмысшылары үлкен жауапкершілік арқалауда.

Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қадамына қарай 20 қадам»  атты мақаласы зауыт ұжымына жаңа міндеттер жүктейді. Біз өндірісте жұмыс істейтін жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын бұрынғыдан да жақсарта түсуді көздеп отырмыз, — деп түйіндеді ойын.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев:

— Елбасының бағдарламалық мақаласынан бәрімізге берілген үлкен тапсырмаларды көріп отырмыз. Ол ең әуелі партияның бастауыш ұйымдарының жұмыстарына қатысты. Облыста төрт жүздің үстінде бастауыш ұйым бар, онда 38 мыңнан артық партия мүшелері жұмыс істейді. Біздің бүгінгі таңдағы мақсатымыз — Елбасының мақаласындағы ел алдына қойылған міндеттерді, тапсырмаларды халыққа кеңінен жеткізу. Бұл маңызды құжатта әлеуметтік салаларға ерекше назар аударылған. Оны жүзеге асыру — біздің әрқайсымыздың өз қолымызда.

Біздің партиямыздың басшысы ұзақ мерзімге белгілеген мемлекеттік бағдарламаларда талай зор міндеттердің алға қойылғанын білеміз. Қайсыбір жобалар мен жоспарлардың ауқымдылығы алғашқы сәтте ойландырғаны да рас еді. Бірақ солардың көпшілігі  қазір мерзімінен бұрын орындалды. Сондықтан да мемлекет басшысы аталған бағдарламалық мақалада бүгінгі уақыттың талабына сай, жаңа тапсырмалар белгілегенін көреміз. Оны шешу жасампаз халқымыздың қолынан келетіні даусыз,— деп партиялық әріптестерімен ой бөлісті.

«Еуразия» медицина орталығының бас директоры Елена Пономаренко денсаулық сақтау саласына қатысты әлеуметтік мәселелердің оң шешіліп отырғанын әңгімелесе, акционерлік қоғамның күрделі құрылыс бөлімінің бастығы Марат Қаленов құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстарды хабарлады. Зауыттың жастар кеңесінің төрағасы Шыңғыс Ахметов зауыттың жұмысшы жастарының Елбасының бағдарламалық мақаласын қызу қолдап отырғанын жеткізді.

Зауытта өткен басқосуға жұмысшы-металлургтер,  бастауыш ұйым мүшелерімен бірге, қалалық филиалдың саяси кеңесінің мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Жалпыға ортақ міндет

Елбасының жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай нұсқаған 20 тапсырмасындағы пісуі жетілген, өзекті мәселенің бірі — мәдениет саласындағы жұмысты жаңа сапаға көтеру. Бір сөзбен айтқанда, бұл — қолда бар потенциалды пайдаланып, жаңаша, жанашырлықпен жұмыс жасау деген ұғым. Соңғы 10 жылда ғана елде кітапханалар саны — 579-ға, мұражайлар — 58-ге, мәдениет үйлерінің саны 1,5 мыңға артқан екен. «Сонымен бірге, — деп көрсетті Президент, — мәдениет мекемелеріне бару деңгейі осы саланың даму динамикасынан кейін қалуда». Оның артында соншама рухани орындарды, зәулім ғимараттарды кімдер үшін салып жатырмыз деген сауал тұр. Бұл арада адамдардың бойындағы енжарлық — бір мәселе. Екінші мәселе — сол енжарлық неден туады? «Сұлуынан — жылуы» деген сөз бар. Әлгі айтып отырған мәдениет ошақтарының мәртебесіне, көз тартар көркіне сай, адам тартар жылуы молырақ болса қолы боста кім-кім де соны айналшықтап жүрер-ақ еді. Әйтпесе тірліктің нышаны жоқ, қалқиып тұрған ғимараттарда қандай жылу болады?

Біздің күні бүгінге дейін көріп келгеніміз — ауылда мәдениет үйі немесе клуб бар. Оның кейбіреуінің ішінде кітапхана болады. Бір бөлмеде шаң басқан екі-үш домбыра тұрады, т.б. Бұл — егер соған кіре алсаң ғана көретінің. Кіре алмасаң, сыртынан қарап кете бересің. Немесе қасыңдағы ертіп барған бастық: «Әй, мынау неге жабық, кім қайда, шақыр, ашсын» деп біреуді жұмсап жатады. Кітапханашы бір тізімді суырып алады да: «Міне, пәленбай оқырман, бәлендей кітап бар» дейді. Бірақ жуық маңда кіріп-шығып жатқан оқырман көрмейсің. Мәдениет үйінің немесе клубтың меңгерушісі мешін жылы өткен бір концертті жыр ғып айтқанда, көз алдыңа топырлаған халық елестейді де қояды. Ал шындығына келгенде, бұл ғимараттар мереке күндері немесе бір мәселе жөнінде жиналыс өткізетін орын дәрежесінде ғана қалып еді.

Өнердің арқасында бірқатар аудандарда, тіпті ауылдарда халық театры, халық оркестрі атағын алып, марқайып отырған ұжымдар бар. Бұлар айлап, жылдап томаға тұйық, тек аудандық, облыстық байқаулар кезінде ғана «сырнайлатып-кернейлетіп» шыға келеді. Халық театры анда-санда халыққа өзін көрсетіп тұрмаса, оның атағын арқаланып отырғаннан не пайда? Пайдасы сол — кезі келгенде бізде осындай бар, осындай бар деп есеп береміз, абырой аламыз.

Мәдениет — концерт қою ғана деген өнердің айналасынан шықпайтын түсінік те кездеседі. Мәдениеттің ауқымы ол ғана емес. Десек те әңгімені клубтан бастаған соң, ауыл тұрғындарының бос уақытын рухани жағынан қолдауды меңзеп отырмын. Бұл — бір жағынан ауыл тұрғындарының рухани сұранысы, тірліктің бір сәні, ауылдың ажары. Бірсыдырғы күйбең тірлікпен таңды атырып, күнді батырып өмір өткізетін заман емес қой бұл. Бірақ соған кім бас-көз болу керек? Ең алдымен, жоғарыда айтқандай, жанашырлық керек.

«Бұдан жаманымызда да тойға бардық» демекші, қазір қарғап-сілеп жүрген анау бір кездерде аудан орталықтарында, қалаларда автоклуб, қызыл бұрыш, қызыл отау, дала қосы дегендер болатын еді. Солардың өзі-ақ талай шаруаны тындыратын. Автоклуб келсе ауылға әртістер келді, шай-шекер, ұн келді. Ауыл бір көтеріліп қалды. Оның құрамындағылар ешқандай Алматы асып келген әнші-күйшілер емес,  өзіміздің-ақ айналайындар. Солар-ақ халықтың көңілін көтеріп, батасын алып жататын. «Қызыл отау» дегендер — малшылар жайлауы мен қыстауындағы, трактор бригадасындағы шағын «филармония», екінші жағынан —  үгітші, насихатшы, шағын кітапхана. Әл-ауқат жағын, салыстырмай-ақ қояйын, еңбек адамына көңіл бөлу жағынан құптарлық жайлар болатын. Бұрын мекемелерде, ұжымдарда мәдени-бұқаралық жұмыстар жөніндегі нұсқаушылар (инструктор по культмассовой работе) деген жауапты адамдар тағайындалып, солар да біраз жұмыстардың басын қайыратын. Мойнына міндет алған соң қарап отырмайды ғой.

Теледидардан анда-санда елімізге танымал әншілерді, күйшілерді көреміз. Олар өнер сапарымен Моңғолия, Қытай сияқты елдерге барып, қандастарымызға концерт береді екен. Сондағы айтатындары: «ойпырмай, қандастарымыз ұлттық өнерге, ән-күйге әбден шөлдеп қалған екен, біздерді сахнадан түсірмейді, алғыстарын айтады», — дейді. Сонда бір ой келеді: «Шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей, шетел түгіл шалғай ауылдардағы өз ағайындарымыз да сондай өнерді аңсап отырған жоқ па. Әлгіндей сөзді өткенде ауыл жаққа гастрольдік сапармен барып қайтқан өз жерлестерімізден де естігенбіз.

Қазір көркемөнер қатты дамыды, өнерлілер де көп. Олардың дәрежесі бұрынғы автоклубтардағыдан әлдеқайда жоғары. Сосын келеді де біз орталықтағы сахналарға ғана лайықпыз, ауыл сахнасы бізге тар, көрермендердің дәрежесі төмен деген пікірлерін кейде жасырмайды да. Болса — жұлдыз, болмаса — соған жетер-жетпес.

Бұдан біраз жыл бұрынғы бір оқиға есіме түсіп отыр. Бұрынғы Исатай ауданының орталығы Ақырапта 23 ақпан — Кеңес Қарулы күштерінің күніне байланысты жиын болды. Мәдениет үйі халыққа лық толды. Басым бөлігі — зейнеткер қарттар, ақ жаулықты әжелер. Бұл жиынның ешқандай мәдени, рухани сипаты жоқ еді. Ауданның әскери комиссары орыс тілінде жарты сағаттық баяндама жасады. Қарулы күштер қалай құрылды, оның қазіргі қуаты… т.б. Сонымен жиналыс аяқталды. Жұрт тарап жатқанда аудандық партия комитетіндегі бір дөкей: «Ойпырмай, мына кісілерді ешкім шақырған жоқ, үйлерінде қарап жата алмайды а» дегені бар. Бұл үлкендер еріккеннен келген жоқ. Таяқ тастам жерге жете алатын қуаты болса, әрине, жата алмайды. Ал бұл жолы концерт бола ма, басқадай қызықты шара өте ме деп келген адамдар ғой. Жарты сағаттық жиынның соңына ең болмаса жарты сағаттық концерт ұйымдастыра алмағанымызға ұялуымыз керек еді.

Анау бір жылдары Геннадий Шульганың топ басқарып, елді мекендерді әнге бөлегені бізбен қатар адамдардың есінде. Ерсайын Елубаев, Гималай Атшыбаев сияқты бірқатар азаматтардың да өнері көпшілікке ортақ еді.

Жоғарыда халық театрлары сахнаға көп шықпайды дегенді меңзеп едік. Кезінде Ырғыздағы халық театрын Қазыбек Қозиев деген азамат басқарып, Ырғыз түгіл Ақтөбеге дейін келіп, спектакльдер қоятын еді. Байғанин ауданының мәдениет саласын марқұм Сүндет Сарыбаев басқарған тұста ауыл сахналары суымайтын еді. Айсан Тәжібаеваның шырқата салған «Ақбаян» әні ауылдан асып, Ақтөбеге дейін жетіп жататын.

Әрине, қазір аудандарда, ауылдарда ешқандай мәдени шаралар ұйымдастырылмайды деуге болмас. Ырғыздағы «Аймақты әнмен тербетіп», басқа аудандардағы кейбір шаралар бар. Бірақ негізгі жұмыс тиіп-қаштыдан аса алмайтынын мойындау керек. Президент «Қазіргі заманғы тиімді бұқаралық мәдени ойын-сауық іс-шаралардың негізі оларды ұйымдастыруға азаматтардың ҮЕҰ-лардың өздерінің тікелей қатысулары болмақ» деп атап айтты. Тіпті, бұл мәселеде бірүлгілік ережелер қабылдау қажеттігі де сөз болды.

Қазір қай жерде де жағдай бар. Тек бастамашылық, белсенділік қажет екені айқын.

Аманкелді СМАҒҰЛОВ.

Дені саудың — жаны сау

Менің ойымша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеу­мет­тік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы көпшілік көңілінен шықты. Нұрсұлтан Әбішұлы біз­дің қоғамда азаматтарды еңбек­пен, жұмыспен қамту қазіргі ең басты міндеттердің бірі еке­нін атап көрсетті.

Мемлекет басшысы әрдайым денсаулық сақтау саласына жіті мән береді.  «Қазақстанның әлеу­мет­тік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында да денсаулық сақтау саласына ерекше тоқталған. Біздің сала қызметкерлеріне жүктелген тапсырмалардың бірі — салауатты өмір салтын қалыптастыру. Нақтырақ айтсақ, Елбасы мынадай міндет жүктеді: «Әрбір қазақстандық саламатты  өмір салтынсыз, тамақты тарта ішпейінше, қимыл-қозғалыссыз және спортсыз ұзақ өмір сүру мүмкін емес екенін білуге тиіс. Бұл – өмірдің ащы шындығы. Егер біз Қазақстандағы орташа өмір жасы Еуропадағыдай болғанын қаласақ, онда өзіміздің денсаулығымыз туралы ойлануға тиіспіз.

Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау жөн. Елдің оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан  тыс сабақтары мен секцияларын кеңейту керек».

Облыстық жедел жәрдем ауруханасының ұжымы дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Біздің ұжымның нақты 50 пайызы салауатты өмір салтын ұстанып, дене тәрбиесімен белсенді айналысады. Қызметкерлердің 70 пайызы — спорттық түрлі ойындардың жанкүйері. Біздің ұжым облыстық денсаулық сақтау басқармасы салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырған түрлі шараларға белсене қатысып, алдыңғы орындарды иеленіп жүр.

Ал өзіме тоқталатын болсам, бала кезімнен бері спортпен шұғылданамын. Қыста аптасына екі рет — сенбі, жексенбі күндері міндетті түрде қала сыртына барып, шаңғы тебемін. Сонымен қатар қыста салқын суға шомыламын. Салқын сумен жуынудың адам ағзасына пайдасы көп. Мысалы, адамды жасартады және ұзақ өмір сүруге көмектеседі. Сондай-ақ, салқын суға түскеннен кейін адам рахаттанады. Яғни, қанға «қуаныш гормондары» (эндорфиндер) көбірек бөлінеді. Көңілді күй және жоғары тонус суға түсіп шыққаннан кейінгі бірнеше сағаттан соң да бойда сақталып қалады. Шынығудың бұл  түрінің тағы бір пайдасы —  тұмау ауруының ықтималдығы 5 есеге төмендейді. Иммундық жүйені қалыпына келтіріп, иммунитетті арттыратын дәрілердің өзі мұндай нәтиже бермейді: қауіптілікті 1,3-3 есеге ғана төмендете алады.

Мен футбол да ойнаймын. Бокспен де шұғылданамын. Зілтемір көтеремін. Жаттығу залдарына барып шынығамын. Үйімде де бірнеше жаттығу құрал-жабдықтары бар.

Қорыта айтқанда, спортпен шұғылданудың  адам денсаулығы үшін пайдасы зор.

Хикметолла КӘРІМОВ,

облыстық жедел жәрдем ауруханасы

бас дәрігердің орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button