Ресми

Әйелдер ісі жоғары бағаланды

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова бастаған облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның  көшпелі отырысы Қобда ауданынан басталды.

Қобда және Ойыл аудандары әкімдерінің жанынан құрылған осы комиссияның жұмысымен танысуға келген облыстық комиссия мүшелері әйелдердің басшылығы мен іскерлігінің арқасында жұмысы жолға қойылған Қобда ауданындағы «Нұр» бизнес орталығы, «Ыстық нан» наубайханасы, отбасы үлгісіндегі балалар үйі, балаларға арналған психологиялық түзеу кабинеті сияқты әлеуметтік нысандарды  көрді.

Қобда ауданы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова ҚР гендерлік теңдік стратегиясының және БҰҰ конвенциясының әйелдерді кемсітудің барлық түрін жою жөніндегі ережесі бойынша ауданда атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

Ауданда әйелдер шаруашылықтың барлық саласында жетекші қызметтер атқарады. Мәселен, аудан экономикасының діңгегі саналатын шағын және орта бизнес саласында көбінесе әйелдер басшылық етеді. Осы жылдың өткен 4 айында 119 әйел жұмысқа орналастырылып, 15 әйел кәсіптік қайта даярлау курстарына, 61 әйел ақылы-қоғамдық оқу курстарына жолданды.

Биыл 938 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 454-ін әйел кәсіпкерлер басқарады. Осы салада қызмет ететін 5306 адамның 1552-сі – әйелдер.

Нәзік жандыларға медициналық көмек көрсету ісі де ауданда жолға қойылған. Өткен жылдан бастап аудан сүт безі және жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу үшін арнайы тексеру жүргізетін құрылғыларға қол жеткізді. Соның нәтижесінде былтыр тексеруден өткен 1042 әйелдің 67-сі қатерлі ісікке күдіктілер тізіміне енгізілді.

Басқосуда қалалық әйелдерді қолдау орталығының төрайымы Айгүл Дүйсенова облыс бойынша әйелдер құқығының қорғалуы мен отбасындағы зорлық-зомбылық әрекеттері туралы айтса, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов аудандағы әр түрлі ұлттардың өкілдері бас қосқан аралас некелерден тараған үлгілі отбасылар туралы сөз етті.

Ойыл ауданы дағдарыс тұсында әйелдерді жұмыспен қамтуға ден қойған. Биыл жыл басында 92 әйел жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, оның 42-сі бүгінгі таңда ақылы-қоғамдық жұмыстарға тартылыпты. Ауданда отбасы тәрбиесіне бағытталған «Алтын алқа», «Шаңырақтың ұйытқысы», «Ана – өмір шуағы» тақырыптарында әйелдердің қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім бастығы Роза Ізтілеуова облыс бойынша әйел денсаулығын тексеру шараларының нәтижелеріне тоқталды. Оның сөзінен қазіргі таңда әйел мен бала денсаулығына деген алаңдаушылық туып отырғаны байқалды. Дегенмен облыстың медицина саласында қол жеткен жетістіктері жергілікті жерлерде гинекологиялық аурулардың алдын алуға мүмкіндік туғызды. 2010-2011 жылдары бедеулікті емдеудің ең  мықты әдісі саналатын ЭКО жүйесі облыс орталығында іске қосылатын болады.

Одан басқа жүкті әйелдердің денсаулығы да алаңдататынын айтқан Роза Базарбайқызы осы жылдың 4 айында 20 жүкті әйелдің квота бойынша республикалық орталықтарда емделуге мүмкіндік алғанын жеткізді. Жыл сайын облыс бойынша 4000 әйел жасанды түсік жасатса, оның  150-200-і – 18 жасқа дейінгі қыз балалар.

Комиссия мүшелері әр баяндамашы берген ақпаратты талқылады. Басқосуда Сара Қайыржанқызы екі ауданда әйелдердің отбасындағы, қоғамдағы теңдігін қорғауға қатысты жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button