Спорт

Ізтұрған Сағиев турнирі

Өткен аптада Алға облыстық балалар үйінде «Емшан» компаниясының алғашқы президенті Ізтұрған Сағиевті еске алуға арналған жасөспірімдер арасында еркін күрестен ІІ дәстүрлі аймақтық турнир өтті.

Бұл жарысқа Ізтұрған Суханбекұлының атының берілуінің де өзіндік тарихы бар. Сол жылдарды еске алған Алға балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин:

– 2001 жылы Ізтұрған ағаның Алға балалар үйіне келген кезекті сапарында жарыс өтіп жатыр еді. Жарыста өз бағын сынамақ болған сол кезде 7-сыныпта оқитын Денис Ежиков жеңіліп қалды. Сол сәтте кілем үстінде сағы сынған Денисті Ізтұрған аға барып бауырына тартып, құшағына қысты. Кейін біз  адам жанын елжіретер сол сәттегі көріністі, Ізтұрған ағаның азаматтық ісінен үлгі әрі естелік болсын деп, картина жасатып, қабырғаға ілгіздік. Бұл бір ғана жайт еді. Ізтұрған Суханбекұлының әр сапарының терең тәрбиелік мәні болды. Өзінің жасына, уақытының тығыздығына қарамастан балалармен кездесуге уақыт табатын еді. Балалардың күнделікті өмірін қызықты өткізуге көмегін тигізетін, әсіресе, спорт секцияларын қолдайтын, жазғы демалыс лагерінің тұрақты қонағы еді, – дейді.

Осыған байланысты жыл сайын Алға балалар үйінде өтетін дәстүрлі турнирге Ізтұрған Сағиев есімі берілді. Биыл мұнда Алға облыстық балалар үйінен (44), Атырау облысынан (41), Байғанин ауданынан (16), Мұғалжар ауданынан (14), Ырғыз ауданынан (12), Қобда ауданынан (5), Мартөк ауданынан (8), Қызылорда облысы Арал ауданынан (8), Темір ауданынан (21), Алға ауданынан (120) барлығы 455 палуан өзара сынға түсті. Ашылу салтанатына Алға ауданы әкімінің орынбасары Н.Ағниязов, «Автопарк» ЖШС директоры Е.Әділов, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм  басқармасының бастығы А.Құлмағамбетовтер қатысты.

1997-1998 жылдары туған жасөспірімдер арасынан  І орынды 24 кг салмақта Алдан Алиев (Ақтөбе), 29 кг салмақта Рысбек Сандыбек (Қызылорда), 30 кг салмақта Бекзат Орысбаев (Ақтөбе), 33 кг салмақта Ербол Ділмағамбетов (Ақтөбе) жеңіп алды.

1995-1996 жылдары туған жасөспірімдер арасында 29 кг салмақта Ардақ Сарымбаев (Алға облыстық балалар үйі), 32 кг салмақта Бауыржан Сабит (Алға), 35 кг салмақта Ниязбек Демеуов (Ақтөбе), 38 кг салмақта Мақсат Тұрлыбаев (Алға облыстық балалар үйі), 42 кг салмақта Абай Мұхтанов (Ақтөбе) жеңімпаз атанды.

1994-1995 жылдары туған қыздар арасында І орынға 36 кг салмақта Салтанат Шолпанқызы (Алға облыстық балалар үйі), 42 кг салмақта Екатерина Попова (Алға облыстық балалар үйі), 46 кг салмақта Татьяна Надольская (Алға облыстық балалар үйі) ие болды.

1992-1993 жылдары туғандар арасында І орынды 42 кг салмақта Нұрәділ Быкеев (Байғанин), 52 кг салмақта Әділет Ақмурзиев (Атырау) иеленді.

1988-1990 жылғылар арасында І орынды 50 кг салмақта Қуаныш Тоқсанбаев (Алға облыстық балалар үйі), 60 кг салмақта Серік Оразғалиев (Ақтөбе) жеңіп алды.

«Жеңіске деген жігері үшін» А.Әділов, «Ең үздік техникасы үшін» Е.Ділмағамбетов  және «Спортқа адалдығы үшін» Қ.Тоқсанбаев марапатталды. Ал Ақтөбеден келген Д.Ділмағамбетов «Үздік бапкер» атанды.

А. БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button