Жаңалықтар

Шошқа тұмауы расталмады


Дүйсенбі күні әлем елдерін алаңдатып отырған дертке қарсы Ақтөбе халықаралық әуежайында өткен оқу-жаттығу жиынының қорытындысы – осы.

Шартты жоспар бойынша, Ақтөбеден Мәскеуді бетке алған ұшақтың жергілікті жолаушысының дене қызуы көтерілгендігі байқалған. Ұшақ әуеге көтерілген сайын оның жағдайына мазасызданған экипаж Ақтөбеге қайта оралуға шешім қабылдапты. Дереу шошқа тұмауы болуы мүмкін деген жорамалмен әуежайдағы байланыс бөліміне хабар берілген. Олар тиісінше санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерді құлақтандырды.

Ұшақ табаны жерге тиген сәтте қаумалаған дәрігерлер науқасты оқшаулап, қалған жолаушыларды да тексеруге кіріскен. Ұшақ пен ұшып-қону алаңының залалсыздандырыла бастағаны да сол кез. Мұқият тексерулер барысында науқастың шошқа тұмауын жұқтырғандығы дәлелденбеді.

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Қаршыға Сембаеваның журналистерге мәлімдеуінше, қауіпсіздік шаралары дамылсыз жүргізіліп жатыр. Әуежайға түскен жолаушының дене қызуын өлшейтін қондырғы да қалыпты жұмыс жасап тұр. Әзірге шошқа тұмауына күдік келтірген дерек тіркелмеген. Осыған қарағанда дәрігерлер мен арнаулы қызметтерді әлекке түсірген жаттығу жиыны «Сақтансаң сақтаймын» деген қағиданы ұстану болса керек.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button