Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Басшылық жұмыста қалуға мәжбүрлейді

— Өзім қызмет ететін кәсіпорынның есебінен бірнеше ай біліктілікті көтеру курсынан өтіп едім. Қайтып келіп жұмысқа кірісе бергенімде, басқа бір фирмаға қызметке ауысу жөнінде мен үшін өте қолайлы ұсыныс түсті. Бірақ қазіргі жұмысымның басшылығы менің кідірмей ауысып кетуіме қарсы. Мен біліктілікті көтеру курсына кетер алдында шарт жасасқанбыз. «Сені ақша шығарып не үшін оқыттық, Осы шартта көрсетілгеніндей, бізде кемінде бір жыл жұмыс істейсің, болмаса, соттасамыз» деп үркітеді. Басшылықтың менімен осындай шарт жасасуы заңды ма?  

Б.Отарбайұлы.

— Жұмыс берушінің өз келісіміңізбен ақылы оқуға жібере отырып, сізбен осы жөнінде шартқа отыруы еңбек заңдылығына қайшы келмейді. Егер оқуды бітіргеннен кейінгі шартта көрсетілген жұмыс істеу мерзімінен бұрын қызметтен кетуіңіз қажет болса, оқу шығынын аяқталмаған уақытыңыздың мөлшеріне бара-бар көлемде төлеуге тура келеді.

Әке оқу ақысын төлеуге міндетті ме?

— Қызым жақында он сегізге толып, әкесінің сол күнге дейін төлеп келген алименті тоқтап қалды. Бірақ қызым жоғары оқу орнының күндізгі ақылы бөлімінде оқып жатыр. Қосымша жұмыс істемейді. Әкесі ол оқуын бітіріп шыққанға дейін жәрдемдесуге міндетті ме?

Ж.

— Неке және отбасы туралы кодекске және ҚР Жоғарғы сотының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы №7 Нормативтік қаулысына сәйкес жасы жиырма үшке жетпеген, күндізгі оқу бөлімінде білім алатын балалар әкесінен алимент алуға құқылы. Он сегізге толуына байланысты алимент тоқтап қалған болса, оның жалғастырылуы жөнінде оқитыны туралы анықтаманы қоса тіркеп, сотқа арыз жазасыздар. Алимент төлету (оны жалғастыру) мәселесін шешу — тек қана соттың құзыретінде.

Сот шешімін орындауға неге асықпайды?

— Менің пайдама жауапкерден ақша өндіру жөніндегі сот шешімін қолыма алғалы бірнеше ай өтті. Сот шешімінің бірден күшіне еніп кетпейтін заңы бар екен. Қарсы тараптың жоғары сатыдағы сотқа шағымдануын немесе шағымданбауын он бес күн күту қажет екен. Қарсы тарап болып саналатын жауапкер апелляциялық шағым түсіріпті. Одан кейін кассациялық тәртіппен шағымданды. Қысқасы, осы сатылардың бәрінде қаралып, шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылғаннан кейін, істі бірінші сатыда қараған судьяға арыз жазып, сот шешімін орындау жөніндегі атқару парағын алдым. Оны сот актілерін орындау департаментіне тапсырдым. Атқару парағы қолына тиген сот орындаушысы борышкерден қарыз ақшаны өндіріп беруге асығар емес. Оның да орындалу мерзімі бар ма?  

О.Мұхамеджан.

— «Атқару өндірісі және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі №261-4 Заңның 39-бабына сәйкес мерзiмдi өндiрiп алу туралы атқару құжаттарын қоспағанда, сондай-ақ егер ҚР заңнамасында өзгеше белгiленбесе, атқару құжаттары бойынша орындау атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi ай мерзiмде аяқталуға тиiс. Құрылыстарды бұзуға, технологиялық операцияларды жүргiзуге байланысты, сондай-ақ мамандарды тарта отырып мүлiктi бағалауды, сараптама жүргiзудi, сауда-саттық өткiзудi, борышкердiң мүлкiн iздестiрудi талап ететiн мүлiктiк өндiрiп алу туралы атқару құжаттары бойынша орындау төрт ай мерзiмнен аспауы міндетті.

Өндіріп алушы мен жеке сот орындаушысы заңда көзделмеген басқа мерзім жөнінде де жазбаша келісімге келуі мүмкін. Аталған Заңда көзделген негiздер бойынша атқару құжаттарын орындау тоқтатыла тұрған, мерзiмi ұзартылған, мәулет берiлген не кейiнге қалдырылған уақыт атқарушылық iс жүргiзу мерзiмiне кiрмейдi.

Туу туралы куәлікті қалпына келтіруге бола ма?

— Шетелге шығуға құқық беретін төлқұжат алайын деп едім. Ол үшін жеке куәліктің сыртында туу туралы куәлігің де болуы керек екен. Соны қанша қарасам да, іздеп таба алмай қойдым. Қайтадан алуға бола ма? Қайда арыздануым керек? 

А.Бақберген.

— Туу туралы куәлікті қайталап алу үшін өзіңіз туған, сол құжат алынған жердің азаматтық хал актілерін тіркеу бюросына арызданасыз. Кедергі туған жағдайда сотқа жүгінуге тура келеді.

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 51-04-13; 8-707 892 55 14; 8 701 586 11 10

E-mail: sultan.ns@mail.ru.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button