Әлеумет

Базар мен баға

Бүгінгі күні өңірде қаржы дағдарысынан шығудың барлық амалы қарастырылып жатыр. Облыс басшысы Елеусін Сағындықов алдымен азық-түлік бағасын тұрақтандыруды қолға алды. Осы мақсатта отандық өнімге он пайыздан артық үстеме ақы қоспау туралы кәсіпкерлермен келісімге келді.  Игі бастаманың нәтижесі де жоқ емес. Қала базарларындағы азық-түлік бағасы бір қалыпты.

Сонымен…

МЕМОРАНДУМНАН КЕЙІНГІ КЕПІЛДІК

Азық-түліктің бағасын білу мақсатында Орталық базарға бардық. Қаланың өзге өңірлеріне қарағанда бұл жерге келушілер көп. Бірі қаптап картоп алса, бірі келілеп  пияз бен сәбіз алып жатыр.

Сатылатын өнімнің түріне қарай баға да әр түрлі. Мәселен, жұртшылық ең көп тұтынатын өнімнің бірі – қант. Орталық базарда қанттың бағасы  120 теңге болса, «Ақмаржан» күріші -180, өзбек пен үнді күріштері – 230-220, бір литр күнбағыс майы – 200, вермишельдің келісі – 100-125 теңге. Ал қырыққабаттың келісі 80 теңге болса, қызанақ пен қияр 300 теңгеден сатылуда.

«Орталық базар» ЖШС директоры Талғат Құбашев:

Бағаны тұрақтандыруға байланысты облыстық әкімдікпен арнайы меморандумға қол қойдық. Осы келісімге сәйкес сатылатын өнімге он пайыздан артық үстеме ақы қосылмайды.

Қазір базардағы азық-түліктің бағасы тұрақты. Апта сайын облыстық әкімдікте бағаны тұрақтандыруға және сырттан келетін өнімнің сапасына қатысты арнайы жиын өтеді. Осы отырыста базардағы өнімнің  бағасы туралы сөз болады. Егер кейбір өнімнің бағасы өсіп кетсе, оны тұрақтандыруға қатысты шара қолданылады.

Сатушылар өнімді 41-разъездегі көтерме базардан және «Тасма», «Айс» мекемелерінен алады.

Қазір жұртшылық тарапынан бағаға қатысты айтылып жатқан сын жоқ. Бұрын өнім қалай сатылып келсе, баға да сол күйінше тұр. Рас, желтоқсан айында қызанақ пен қиярдың бағасы көтерілді. Бірақ қазір олардың да бағасы тұрақтанды, – дейді.

Ал «Апельсин» дүкенінің сатушысы Гүлмира Мырзабекова өткен жылға қарағанда биыл жеміс-жидек бағасының едәуір төмендегенін айтты.

– Қазір біз алманың келісін 160-200 теңге аралығында сатсақ, мандарин – 200, апельсин – 250, банан – 180, алмұртты 200 теңгеден сатып отырмыз. Өткен жылы желтоқсан айында алманың бағасы 220 теңгеге дейін көтерілді. Маусымына байланысты қазір мандарин өтімді. Ал алмаға қай уақытта да сұраныс жоғары, –деді.

Ал Орталық базар сатушысы Майра:

– Мен Ресейден келген картопты 75 теңгеден, жергілікті өнімді 65 теңгеден сатып отырмын. Сол сияқты пиязды – 70, сәбізді 65-70 теңгеден сатамын. Күзгі уақытта да баға осындай болды. Жұртшылық бағасына қарамай жергілікті өнімді алып жатыр.

Өткен жылы  бес литр «Шедевр» майы 1500-1700 теңгеден сатылса, қазір бұл өнімнің бағасы арзандады. Тұтынушылар бес литр күнбағыс майын 950 теңгеден алып жатыр. Сондықтан өткен жылға қарағанда биыл баға көтеріңкі емес, – деді.

Сатушылар тұрғындардың соңғы уақытта киім-кешекке қарағанда азық-түлікті көп алатынын айтады. Әрі өнім бағасы түскен сайын, көкөніс те  өтімді болып тұр.

ҮНДЕУГЕ ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕСТЕР

Өткен сенбі күні 12-шағын ауданда тағы бір базар ашылды. Үш қабатты «Аида» сауда орнының құрылтайшысы Аманжол Тәжіғалиев халыққа арзан өнімді ұсынуды мақсат тұтып отыр.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік дағдарысқа байланысты әлеуметтік жағдайы нашар жандарға қол ұшын созу туралы кәсіпкерлерге Үндеу тастағаны белгілі. Оның ішінде халықты арзан өніммен қамтамасыз ету мәселесі де бар. Кәсіпкер ретінде мен де  осы Үндеуге үлес қосып отырмын.

Сауда үйінің 2007 жылдың қазан айында басталған құрылысын өткен жылдың осы уақытында аяқтаған болатынбыз. Базардың көлемі – 4 мың 300 шаршы метр. Құрылысқа 3500 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Оның 2 миллион доллары өз қаражатымыз болса, 1,5 миллионын «Банк центр кредит» АҚ-дан  несие алдық.

Алғашқыда сауда үйі ретінде ашқымыз келген. Бірақ қала әкімінің ұсынысымен базар ретінде аштық. Өйткені «Бизнесті дамыту орталығы» ЖШС жазда облысқа керекті азық-түлік пен көкөністі  арзан бағамен алып қойған. Осы өнім біздің базар арқылы тиімді бағамен халыққа жетуі тиіс. Сондықтан базар қылып ашқан әлдеқайда тиімді болды.

Біздің мақсатымыз – азық-түлікті ең арзан бағамен сату. Сондықтан кәсіпкерлерге орынды ең төменгі бағамен беріп отырмыз. Тіпті, күн сайын жиналатын салықты да алмаймыз. Осыны ескертіп, кәсіпкерлерге өнімді арзандатып сатуды тапсырдық. Егер олар өнім бағасын өсіретін болса, онда біз олармен қош айтысамыз. Бұл жерде кеткен шығынды бір күнде қайтару көзделіп отырған жоқ. Міндет – базарды халыққа ең арзан өнім сататын орын ретінде қалдыру. Кейде жалға алушылар орынның арзандығына күмән келтіріп жатады. Неге арзан деп сұрайтындар да жоқ емес, – деді.

Қазір сауда орнында 35 адам жұмыс істесе, 300-ге жуық адам өз кәсібін ашуға мүмкіндік алып отыр. Базардың  бірінші, екінші қабаттарында азық-түлік өнімдері сатылады. Ал үшінші қабаты киім-кешек сатуға арналған.

Болашақта базарда ет, сүт өнімдерінің сапасын анықтау үшін мемлекеттік мал дәрігерлік  зертхана орналаспақ. Оның құрал-жабдығына кәсіпкер үш миллион теңге бөлген.

– Қазір кейбір сауда орындарында сатылатын ет өнімдерінің сапасына күдік келтірушілер көп. Өйткені олар да жеке зертхана. Сондықтан сапаға аса мән бермеуі мүмкін. Ал мемлекеттік зертхана болса, сапа қатаң қадағаланады. Жуырда республикалық мал дәрігерлік зертхананың өкілі келді. Биыл осы саладағы кеңес біздің қалада өтеді деп жоспарлануда. Астаналық өкіл біздің дайындығымызды қарады, – деді Аманжол Тәжіғалиев.

Базарда сатылатын еттің басым бөлігін «Айбек» ауылдық тұтыну кооперативі мен жеке сатушылар әкелмек. Қазірдің өзінде-ақ екі қатарды аталған кооператив алып қойыпты. Олар бұл орынды үш ай бойы жалға алғаны үшін ақы төлемейді.

Ал сүт өнімдері негізінен жеке сатушылардан келеді. Олар үшін елу пайыз жеңілдік бар.

РЕСЕЙЛІК ӨНІМ АРЗАНДАДЫ…

Қала базарларында отандық өніммен қатар сырттан келетін, оның ішінде Ресейден тасымалданатын азық-түліктердің қатары көп. Қазіргі күні Ресей рублінің түсуіне байланысты бұл елден келетін өнімдер 5-10 теңгеге арзандады. Бұл қарапайым халық үшін тиімді.

Алайда бұл мәселе отандық өнім өндірушілерді де ойландырмай қоймасы анық. Яғни олар бәсекелестікке төтеп беруі тиіс. Өйткені халық бағасына емес, сапасына мән беруі қажет. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Анар Ерғалиева былай дейді:

Ресей рублінің теңгеге шаққандағы құнының арзандауы осы елден келетін азық-түліктің бағасын төмендеткені рас. Мәселен, сұйық май, майонез, сүт, сары май, ұн мен кондитерлік өнімдердің бағалары сәл арзандады. Бұл халыққа тиімді. Дегенмен баға осылай төмендей беретін болса, біздегі азық-түлік өндіретін мекемелердің де өнімінің бағасы түсіп кетеді. Бірақ бұл жағдай мекемеге шығын әкелуі мүмкін.

Қазір қалада азық-түлік  бағасы бір қалыпты. Жуырда Есет батыр көшесінің бойынан  «Бизнесті дамыту орталығы» ЖШС-ға қарасты «Көкөніс» шағын сауда павильоны ашылды. Бұл жерде барлық азық-түлік халыққа тиімді бағамен сатылады. Биыл осындай он коммуналдық шағын базар ашу жоспарда бар. Бұған «Айс», «Тоқпансай» серіктестіктері өнімдерін әкеліп, өз бағасымен сатады. Шағын базарлар қаланың барлық аймақтарында орналасады. Мәселен, Ағайынды Жұбановтар көшесі, Шанхай, 11-12-шағын аудандарында, т.б жерлерде  салынады. Бұл кезде көшедегі жабайы базарлар шағын базарларға шоғырланбақ. Қала әкімі Архимед Мұхамбетов бұл мәселені тікелей қадағалайтынын айтты.

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Мақсат Сағымбаев, қала тұрғыны:

– Өткен жылға қарағанда биыл азық-түліктің бағасы айтарлықтай көтерілген жоқ. Бір қалыпта тұрақтап тұр. Осының өзіне шүкіршілік етуге болады. Қазір дағдарыстың уақыты. Бағаның өзгеруі бір күнде. Жалпы, біздің облыста азық-түлік аса қымбат емес. Облыс басшысы бағаны тұрақтандыруға күш салып жатыр деп ойлаймын.

Ғафу Құламанбаев, жас маман:

– Облыста азық-түлік бағасы бір қалыпты. Өйткені көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы аса қымбат емес. Мәселен, мен Орталық базарға жақын тұрамын. Қажетті азық-түлікті осы базардан мол қылып аламыз, бағасы да қалтаңа сай.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button