Денсаулық

Қолы алтын дәрігер

Серік Қуандықұлының  әлемдік деңгейде танылған оташылығы туралы  туралы әріптесі ретінде айтқым келеді. 

Серік Ақшолақов Ақтөбе мемлекеттік  медицина институтының емдеу факультетін  бітірген соң, Мәскеу нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтында клиникалық ординатор, аспирант  болды,  Алматыдағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында нейрохирургия  кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етті.

Ал 1992 жылдан бері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің  штаттан тыс бас нейрохирургі.

Нейрохирургия саласы — өте нәзік нәрсе,  кез келген дәрігердің  жүрегі дауалай бермейді. Серік Қуандықұлының ерлігі сонда,  оның негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары бас миы ішінен және ми қабыршағынан болатын орталық жүйке жүйесі мен жұлын ісіктерін, бас сүйек-ми жарақаттарын емдеу мәселелеріне арналған. Ол нейрохирургиялық ауруларға қатысты барлық хирургиялық әдістерді өз іс-тәжірибесінде қолдана отырып, мидың ең күрделі саналатын базальдік бөлімдеріне, ми бағанасына, қарынша жүйесіне, ми тамырларына хирургиялық операция жасайды.

Осы кезге дейін бас-ми мен омыртқа-жұлын жүйесіне 5 мыңнан астам ота жасаған ол  республиканың барлық аймағына емдеу-кеңес беру  мақсатында жолға шығып, бас-ми жарақаттарына жасалатын шұғыл  операцияларға қатысып келеді.

Серік Ақшолақов — 8 патент пен авторлық куәліктің иегері. 150-ден астам ғылыми еңбегі және 6 монографиясы жарық көрді.  Оның жетекшілігімен 4 докторлық, 25 кандидаттық диссертация қорғалды.

Ол 20 жылдан астам уақыттан бері нейрохирургия саласы бойынша өтіп жататын халықаралық ірі конференциялардан қалған емес.  Ресей, Германия, Швейцария, АҚШ, Түркия, Испания елдеріндегі емханаларда тәжірибеден өтті.

Ұйымдастырушылық қабілеті  өте жоғары ол  2000-2009 жылдары Алматыда және республика аймақтарында халықаралық конференциялардың өтуіне  мұрындық болып, оған Ресей, Германия, Швейцария, Түркия, Израиль сияқты мемлекеттердің ғалымдары шақырылды.

2009 жылы Астанада Қазақстан нейрохирургтерінің І съезі өткізіліп, оған да халықаралық дәрежедегі  ғалымдар қатысты. 2011 жылы Нейрохирургиялық қоғамдардың Бүкіләлемдік Федерациясының білім жетілдіру курстарын  ұйымдастырды.

Бүгінде  Астанада Серік Ақшолақов басқарып отырған республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында 2009 жылдан бері емдеудің 30 шақты инновациялық әдісі енгізіліпті.  Өзінің айтуынша, олардың бірқатары Орталық Азияда тұңғыш рет енгізіліп отыр екен. Қазақстанда алғаш рет туа біткен патологиясы бар нәрестелерге 20 ота сәтті өтіпті,  бұрын шетелге баруды қажет ететін операциялардың барлығы бүгінде осы орталықта тындырылып келеді. Соңғы 3 жылдың ішінде орталықта түрлі патологиясы бар 300-ден астам адамға ота жасалыпты. Емханада эпилепсияның ауыр патологиясын емдеудің жаңадан енгізілген әдістемесі бойынша 7 операция сәтті шыққан, ал биылғы жылы стереотаксикалық операцияларды енгізу жоспарланып отырған көрінеді.

Тәуелсіз Қазақстанның  нейрохирургия  саласын алдыңғы қатарлы елдердің деңгейіне көтеруді көздеп жүрген  білікті дәрігер, ұлтжанды  азамат аман жүрсе, ойлағанын жүзеге асыратынына сеніміміз кәміл.

Роман РАХИЕВ,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button