Басты жаңалықтар

«Жас дәурен» — мерейлі мереке

Өткен бейсенбі күні ҚР Тұңғыш президенті Н. Назарбаев атындағы саябақта облыстық жастар мен студенттердің «Жас дәурен — 2012» фестивалі өтті.  Аталған шара биыл 15 рет өткізіліп отыр. Мерекеге мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналар және  қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада жастарды жыл сайынғы дәстүрлі мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов  үлкен өмірге аяқ басқан түлектерге ақ жол тіледі.

Құрметті жас достар, мектеп түлектері! Бүгінгі күн — сіздер үшін ерекше, маңызды күн.   Өйткені бұл күн — біздің жастарымыздың  өмірінде есте қалар ерекше сәт болмақ. Сіздер мектеп бітірген жыл ел  Рәміздерінің жиырма жылдығымен және «Көркейе бер, туған жер!» акциясының басталуымен тұспа-тұс келіп отыр.  Елбасымыз өзінің жыл сайынғы Жолдауында жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне ерекше мән беріп келеді. Жыл сайын осы бағытқа ерекше күш жұмсалып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұған қоса облыстың экономикалық, индустриялық даму көрсеткішінің жоғарылауы біздің жастарға қолдау жасауымызға жақсы жағдай туғызып отыр. Мәселен, соңғы жылдары жаңа заман талабына сай көптеген білім беру нысандары іске қосылды. Қазіргі таңда 28 білім беру мекемесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның он алтысы жуырда іске қосылады. Соның ішінде атап өтерлігі —  физика-математика бағыты бойынша білім беретін Назарбаев интеллектуалдық мектебі. Яғни біз жастардың сапалы білім алуы үшін бар жағдайды жасаудамыз. Ал осы еңбектің қайтарымы — сіздердің білім шыңындағы жетістіктеріңіз. Халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанған  жастарды біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Биыл 58 түлек халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы болса, 109 түлек «Алтын белгі» иегері атанды.  

Біздің облыстың олимпиадалық командасы — республикадағы ең үздік команда. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған біздің облыстың түлектері республикада екінші орынға қол жеткізді. Оның ішінде биыл  үлкен көрсеткішпен алдыңғы орыннан көрінген қазақ-түрік лицейін және қаламыздағы №32,  №9 мектеп-гимназия секілді  білім шаңырақтары мен   физика-математика мектебін мақтанышпен атап айтуға болады. Сондай-ақ  Шұбарқұдық гимназиясы мен  Темір, Мұғалжар, Байғанин аудандарының білім ордалары да алдыңғы орыннан көрінді.   

Сөз соңында түлектерімізге сәт сапар тілей отырып, сіздердің әрқайсыңыз өмірден өз орындарыңызды тауып, әрқашанда бізді өздеріңіздің игі  істеріңізбен қуантыңыздар, ел үшін ерінбей еңбек етіңіздер демекпін, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң мектеп бітіруші түлектердің ең қуанышты сәті де келіп жетті. Ортада қаз-қатар сап түзеген түлектердің қуаныштан жүздері бал-бұл жанды. Облыс әкімі түлектерге  «Алтын белгіні» салтанатты түрде табыстады. Естелік ретінде түлектермен бірге суретке түсті. Сондай-ақ Архмед Мұхамбетов биыл облыс бойынша жоғары 123 балл жинаған №37 мектептің түлегі Абылай Әлмұханов пен Астана қаласында өткен республикалық «Жас қанат» байқауының «Алтын қанат» иегері Димаш Құдайбергенге автокөліктің кілтін табыс етті. Ал жоғары 123 балл жинаған №29 мектептің түлегі Мағжан Амантаевқа ноутбук пен бейнекамера табыстады.

Салтанатты сәттен кейін сахнаға шыққан «Алтын белгі» иегері Абылай Әлмұханов;

Бүгін — біз үшін қуанышты да қимас күн. Бірге оқыған достарымызбен, бақытты балалық шағымыздың куәсі — алтын ұя мектебімізбен қоштасамыз. Өзімізге көрсетілген құрмет пен сенімнің қандай жауапкершілік жүктейтінін сезіне отырып, мектеп түлектері атынан келешекте еліміздің көк байрағын биік ұстап, Қазақстанның жарқын болашағы үшін бар күш-жігерімізбен еңбек ететінімізге сенім білдіремін. Жанашыр жандардың жақсылығын еліме адал қызмет етумен қайтарамын.

Қадірлі Архимед Бегежанұлы, туған жерді, халық ұлдарын қадірлеуде өзіңіз жасап жүрген игілікті істеріңіз — жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. Сізге биылғы түлектердің атынан алғыс білдіремін. Біз  үздік оқу мен тәрбиені қатар ұстап, аға буын өнегесін жалғастыруды мақсат тұтамыз, — деді.

Бұдан соң Абылай Әлмұханов биыл ҰБТ қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласы мектептерінің ішінен бірінші орынға ие болған №32 мектеп-гимназияның оқшыларына  Ақыл мен даналықтың символын табыс етті. Бұл дәстүр биыл бірінші рет енгізіліп отыр.

Осыдан соң  жасыл алаңға шыққан түлектер  әсем әуеннің толқуында  мектеп вальсін биледі. Аспанға шарлар  ұшырылып, жиналғандар от шашуды тамашалады. Жергілікті жас әншілер ән шашуын тарту етті.

Ал «Алтын белгіге» ие болған жастар ата-ана, туған-туыстарымен бірге суретке түсіп, мәз-майрам болысып жатты. Осы қуанышты сәтті бізбен бөліскен  Шалқар қаласындағы №3 орта мектептің түлегі Дария Бұхарбаева;

Бүгін өте қуаныштымын. Он бір жыл бойы оқытқан ұстаздарым мен ата-анама алғысым шексіз. Алла сәтін салса, Марат  Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түскім келеді. Сондықтан барлық түлектерге мамандық таңдауда  сәттілік тілеймін, — деді қуанып.

Сондай-ақ шара барысында Лондон олимпиадасына ауыр атлетика мен суда жузу бойынша  жолдама алған Харкей Фархат пен Александр Тараблин жастарды спортпен шұғылдануға шақырып, олимпиададан жүлдесіз оралмауға уәде етті.

Бұдан соң облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында аудандық мәдениет бөлімдеріне музыкалық аппаратураның сертификаттарын табыс етті.

Жиын барысында халықаралық, республикалық байқауларда облысымыздың абыройын биіктеткен жастар мен «Жас дәурен — 2012» облыстық фестивалінің лауреаттары облыс  әкімінің арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Бұл байқау 15 жылдан бері көптеген жастардың өнер жарыстарына қатысуына жол ашты. Байқау аясында жыл ішінде бірнеше жанр  бойынша іріктеу турларына барлығы 82 өнерпаз қатысып, оның ішінде 35 жас жеңімпаз атанды. Олардың арасында Е.Бекбергенов, О.Домницкий, Қ.Мұхитов секілді өнерлі жастар бар.

Шараның соңы жергілікті өнерпаздардың концертімен жалғасты. Концерттен кейін аспанға от шашу шашылып, жастар кешті одан әрі жалғастырды.

Бұл күні қаладағы барлық саябақтарда мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, «Мега Ақтөбе» сауда үйінің алаңында рэп орындаушыларының қойылымдары, Тутұғыр жанында «Ақтөбе нақыштары — 80» атты ақтөбелік суретшілердің дәстүрлі вернисажы өтті. Шараға отыздан астам суретшілер қатысты. Сонымен бірге жас суретшілердің де вернисажы ұйымдастырылды. Саябақтың кіреберіс алаңындағы асфальтта балалар сурет салды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button