Білім

Балдырған

ЖЫЛЫНА 1000 ФИЛЬМ ТҮСІРЕДІ

Үндістан елінде «Болливуд», «Колливуд», «Толливуд», «Молливуд» деп аталатын киностудиялар бар екен. Бұл киностудиялар бірнеше тілде фильмдер түсіреді. Мысалы, «Болливуд» хинди тілінде, ал «Толливуд» талугу және басқа тілдерде өнімдерін шығарады.

Үндістанда кино өнерінің алар орны ерекше. Әрі кинотеатрларға көрермен көп жиналады екен. Бұл елде билет құны 10-100 рупий көлемінде (біздің теңгемен есептегенде 40-400 теңге). Қызығы, билет бағасын әрбір киностудия өз бетінше белгілейтін көрінеді.

Бұл елде шамамен жылына 1000 фильм түсіріледі. Әрбір фильм кем дегенде 7-10 млн. доллар құрайды екен. Оған қоса, мысалы, бүкіл әлемге танылған америкалық «Титаник» фильмі Үнді елінде 11 млн. доллар жинапты. Ал «Өрмекші адам» мен «Годзилло» фильмдері 6 млн. доллар тапса, «Терминатор» фильмінің табысы 6 млн. долларға жетіпті.

Хайуанаттар әлемі

ҚАУІП ТӨНГЕНІН СЕЗСЕ…

Жануарлар өздеріне қауіп-қатер төнгенін сезсе, қорғанудың әр түрлі  амал-айлаларын қолданады екен.

Мысалы, усыз жыландар өзінен күш-қуаты басым хайуандардың шабуыл жасайтынын сезсе, өтірік өлген болып созылған күйі жата қалатын көрінеді. Сонымен қатар өз денесінен өлексеге ұқсас жиіркенішті иіс шығарады екен.

Ал сүйемқоңыз құрты қауіп төнген жағдайда, өзі жорғалап жүрген ағашының қураған бұтағына ұқсап қимылсыз қатып қалатын көрінеді. Бір қызығы, бұл құрт ағаш бұтағының бір бөлігінен аумайтын кейіпте қимылдамай бірнеше минут тұра алады екен.

Біліп жүр

ЕҢ… ЕҢ… ЕҢ…

  • Еліміздегі ең биік нүкте – Хан Тәңірі. Оның биіктігі – 6995 метр.
  • Қазақстан аумағында алғашқы теміржол желісі (Орынбор-Ташкент) 1901-1905 жылдары тартылды.
  • Ең алғашқы қазақ көркем фильмі «Амангелді» деп аталады. Бұл 1938 жылы түсірілген.
  • Қазақ хандығының алғашқы астанасы ХVІІ ғасыр аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында Түркістан қаласында болды.
  • Еліміздегі ең алғашқы ауа райын бақылау стансасы 1854 жылы Семей қаласында жұмыс жасады.

Олимпиада

ЖҮЛДЕЛІ ОҚУШЫЛАР

Жақында өткен қалалық пәндік олимпиадада №33 Ақтөбе орта мектебінің оқушылары жүлделі орындарға қол жеткізді.

Олимпиада барысында біздің мектептің оқушылары ұстаздардың үкілеген үмітін ақтап, мектеп мәртебесін көтерді. Мектебіміздің мақтанышына айналған 9-сынып оқушысы Әйгерім Құдайбергенова олимпиада кезінде білімділігі мен таланттылығын тағы бір мәрте байқатты. Ол қазақ тілі және әдебиеті пәні бойынша бірінші орынды иеленді.

Ал география пәні бойынша бірінші орынға мектебіміздің 11-сынып оқушысы Асқар Садықов, биология пәнінен екінші орынға 9-сынып оқушысы Ақмарал Әріп және 10-сынып оқушысы Сымбат Қадырхан әулеті, орыс тілінен екінші орынға 9-сынып оқушысы Гүлжамал Сағындықовалар ие болды.

Әйгерім БИДАНОВА,

№33 Ақтөбе орта мектебінің

9-сынып оқушысы.

Мектеп

БІЗДІҢ СЫНЫП

Біздің сынып өте әдемі. Бөлме іші кең әрі жарық. Айналаға көрік беріп тұрған көрнекіліктер де көздің жауын алардай әдемі. Тіпті, күн көзі де біздің сыныпқа мейірімін төгіп, жылылық сезімін ұялатып, шапағатын шашып тұрғандай көрінеді. Күн де бейне бір біздің жақсы оқып, тәртіпті, тәрбиелі болып өсуімізге тілекші екендігін білдіретіндей. Ал біз болсақ табиғаттың тәтті тілегін орындауға тырысып, алға жылжып келеміз. Сабақ үлгеріміміз, тәртібіміз жақсы. Оқушылар қатары көбейді. Сыныптағы оқушылар бір-бірімен дос, олар бір үйдің балаларындай ұйымшыл, ұстаздарын ата-аналарындай сыйлайды.

Біз әрбір сабақты қызықты өткізуге тырысамыз. Үнемі әңгімелер оқып, бірге талдаймыз. Сөзжұмбақ, ребустардың шешуін табамыз. Сыныпта «Жас қалам» қабырғасы бар. Мұнда жас қаламгерлердің үздік шығармалары ілінеді. Біздің сыныпта шығармашылықпен айналысатын оқушылар баршылық. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қалқа Құлынтаева апайымыз біздің жақсы жетістіктерге жетуімізге бар ынтасын салады. Біз апайымызға шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

Назерке НАЖМАДИНОВА,

С.Оразалин атындағы орта

мектептің 5-сынып оқушысы.

Оқушының өлеңі

АҚША ҚАР

Дала аппақ, тау да аппақ,

Ақ қарлар – ақ көбелек.

Түсіп жатыр жерге көп

Ақ моншақтай себелеп.

Мен қарларды теңеймін –

Мақтаға да үлпілдек.

Ұстай қалсаң тұратын

Әдемі боп үлпілдеп.

Жапалақтап күміс қар

Әлі жауып тұр екен.

Ақ көрпеге оранған

Туған өлкем құт-мекен.

Гүлдерай БИДАҒҰЛОВА,

Құрылыс ауылы,

Ырғыз ауданы.

Әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button