Денсаулық

Мереке

Ота осылай жасалады

Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына бөлінген қомақты қаржының арқасында бұл саладағы қордаланған мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді.  Облыстың өзінде қыруар жұмыс тындырылды. Оның ішінде хиругия саласын айырықша айтуға болады. Осыдан үш жыл бұрын кардиохирургиялық орталық ашылды. Жыл сайын бұл жерде екі жүзге жуық науқас жүрегіне ота жасатады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу бөлімінің бастығы, облыстың бас хирургы Әсет Қалиевтың айтуынша, биыл да бірқатар шаруа атқарылыпты. Мәселен, биыл аймақта алғаш рет балаларда кездесетін жүрек ақауларына эндовоскулярлы жолмен ота жасалған. Яғни бұрын жүрек және жүрек қарыншасында кездесетін түрлі ауруларға ота кесу арқылы жасалса, енді қан тамырлары арқылы кесіндісіз жүзеге асуда. Жыл басынан бері төрт балаға осындай жолмен ота жасалған.

Еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда Ақтөбеде медициналық қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде. Бұны түрлі республикалық басқосуларда байқап жүрміз. Мәселен, былтыр жеңіл хирургиялық оталарды кесіндісіз жасауға арналған екі эндоскопиялық құрылғы сатып алынды. Оларды  Мәртөк және Қобда аудандарының ауруханаларына бердік. Бұрын бұл аудандағы науқастар арнайы жолдамамен облыс орталығына жөнелтіліп келсе, қазір отаны жергілікті ауруханада жасата береді. Бүгінгі күні бұндай құрылғы сегіз ауданда бар. Ал ақпан айында  Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталықта  өткен бас хирургтардың есеп беру жиынында өзге облыстардың  аудандық денсаулық сақтау нысандарында бұндай қондырғы жоқ екеніне  көз жеткіздім. Жалпы облыстағы денсаулық сақтау саласының қай бағыты болмасын соңғы жылдары жаңашылдыққа ұмытылып келеді. Биыл офтальмология бағыты бойынша лазарлік емдеу әдісін жүргізетін жаңа микроқұрылғылар сатып алынбақ.  Бұндай жолмен катаракта, глаукома секілді түрлі көз ауруларына ота жасауға болады, — дейді бас хирург.

Соңғы екі жылдан бері облыс дәрігерлері жамбас, аяқ буынын ауыстыру бойынша ота жасауды қолға алды. Бас хирургтың айтуынша, жылына оншақты науқас медициналық көмектің осы түріне жүгінеді. Келер жылы облыстық клиникалық аурухана іске қосылғанда тізе буыны да эндопротезделмек. Яғни науқастың аяғына протез салынады.  Аталған аурухана ішінен ота жасауға арналған  арнайы бөлімше ашылып, науқастың толық айығып кетуі үшін  бар жағдай жасалады.

Бұндай ота  егде жастағы азаматтарға жасалады. Өйткені жас ұлғайған сайын буындардағы шеміршек азайып, сүйек қажалады. Нәтижесінде  аяқ ауырып, науқас жансыздандыратын дәрінің күшіне сүйенеді. Тіпті жүре алмайды. Сондықтан буынның орнына протез салынады. Бір протездің құны 600-700 мың теңге тұрады. Сондықтан науқастарға ота мемлекет қаржысы есебінен тегін жасалады. Бұрын бұндай науқасқа шалдыққандар  Астана қаласына, одан қалса  шет елге баруға мәжбүр болатын. Енді бұндай көмек түріне жергілікті жерде қол жеткізе алады. Қазіргі күні қажетті мамандарды даярлап жатырмыз. Екі хирург  Санкт-Петербург қаласындағы арнайы орталықта білімін жетілдірмек, —  дейді Әсет Қалиев.

Елбасы Н. Назарбаевтың биылғы Жолдауында онкологиялық ауруларға  айырықша маңыз беріп, тиісті орындарға бірқатар міндеттемелер жүктеген болатын. Осы орайда Үкімет қатерлі ісік ауруымен күресудің нақты бағдарламасын жасады.  Оның ішінде аймақтардағы онкологиялық ауруханалардың ахуалы да назардан тыс қалған жоқ. Әсет Қалиевтың айтуынша, қазір арнайы  қаулыға сәйкес бірқатар жұмыстар қолға алыныпты.  Мақсат — ауруды бастапқы сатысында анықтау. Сондықтан емханадағы дәрігерлердің онкологиялық қырағылығын арттыруға күш жұмсалуда. Бүгінгі күні әрбір емдеу мекемесінде осы бағыт бойынша мамандар жұмыс істейді.  Азаматтар сүт безі, жатыр мойыны, тоқ ішек қатерлі ісігі бойынша скринингтік тексерулерден өтуге міндетті. Келер жылдан бастап скринингтік бағдарламаға асқазан, өңеш, қуық асты қатерлі ісігі енгізілмек.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласы Маресьев көшесіндегі  «100 аурухана,100 мектеп» бағдарламасы бойынша бой көтерген №1 қалалық емхана ішінен амбулаториялық хирургиялық орталық ашу көзделуде. Бұл жерде науқастарға жеңіл оталар жасалады. Орталық жаңа заманғы құрылғылармен жабдықталады. Мәселен орталыққа варикоз, яғни қан тамырларына ота жасауға арналған  эндовазальды лазерлік когулятор әкелінеді. Бүгінгі күні варикозға кесу арқылы ота жасалып жүрсе, енді арнайы құрылғы арқылы тері астындағы тамыр өздігінен күйіп қалады. Бұндай отаны жасайтын мамандар Мәскеуде оқып келіпті.

Сонымен қатар келер жылы ашылатын облыстық клиникалық арухананың ішінен қантамыр бөлімшесі іске қосылады. Қазіргі күні үш қантамыр хиругі дайындықтан өтсе, екі дәрігер оқуда жүр. Ал бірінші шілдеден бастап «Жедел жәрдем» ауруханасының жанына инсульт орталығы ашылады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Салауатты өмір салтын ұстан!

Елбасымыздың «Қазақстан — 2030» бағдарламасы жарияланғаннан кейін, еліміздің әр аймағында салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары құрылды. Қазіргі күні аталған орталық жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Райхан Ыбраеваның айтуынша, басты мақсат — тұрғындардың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Облыс бойынша орталықта жиырма дәрігер еңбек етеді. Олар салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы туралы жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Оның ішінде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша да атқарылатын шаруалар бар.

 Жоба негізінен алты бағыт бойынша жүзеге асады. Оның ішінде азаматтардың денсаулық сақтау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдар тиімділігін арттыру, азаматтардың денсаулығын одан әрі нығайту  және негізгі әлеуметтік-елеулі аурулардың деңгейін төмендету, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру секілді бағыттар бар. Бағдарламаны жүзеге асыру тек қана денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне жүктелген міндет емес, барлық тиісті орындар атсалысуы керек. Бағдарлама аясында салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік аурулар деңгейін төмендету, дұрыс тамақтану, жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының денсаулығы, төтенше жағдайлар кезінде шұғыл медициналық құтқару қызметін жолға қою секілді өзге де мәселелер қамтылады. Қазіргі күні аймақта осы бағыттағы жұмыстарға баса назар аударылуда.  Әсіресе, соңғы жылдары жиі кездесетін инфаркт, инсульт, қант диабеті, туберкулез ауруларының  алдын алу шаралары күшейтілді. Ана мен бала денсаулығы да  басты назарда. Сондай-ақ аса қауіпті инфекциялық аурулардан сақтандыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда ішкі саясат басқармасы мен ішкі істер департаменті секілді тиісті орындармен  бірлесе жұмыс істейміз, — дейді орталық директоры.

Сондай-ақ Райхан Ыбыраева ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында  түрлі шаралардың қолға алынып жатқанын айтты. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін облыстың емдеу мекемелерінің мүмкіндіктері жеткілікті. Қазір емдеу орталықтарында «Дені сау бала» кабинеттері жұмыс істейді екен. Олар орталықпен бірлесе отырып ана мен бала денсаулығын қорғау тақырыбында түрлі семинарлар өткізеді.  Оның ішінде отбасын жоспарлау, жүкті әйелдердің гигиенасы, сәбиді ана сүтімен қоректендіру, қыз балалар тәрбиесі тақырыптары бойынша өзекті мәселелер сөз болады. Жалпы орталық «Салауатты өмір салты» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізеді. Бағдарламада 17 бағыт бар,  яғни оның ішінде барлық мәселе қамтылған. Бағдарлама аясында медицина қызметкерлерінің және қала тұрғындарының арасында түрлі  спорттық жарыстар өткізіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Жабдықтары жеткілікті жаңа ғимарат

Елбасы Н. Назарбаевтың  бастамасымен  қолға алынған  «100 мектеп және 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған медициналық нысандардың бірі — облыстық балалар клиникалық ауруханасы. Бұрын ескі ғимарат дәрігерлердің сапалы ем жүргізуіне кедергі келтірсе, енді жаңа ғимаратта  ем алушылар үшін бар жағдай жасалған.  Аурухана Ақтөбеден бөлек Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген балаларға медициналық  қызмет көрсетеді. Аурухананың бас дәрігері Нұрлан Қожиннің айтуынша, мекеме  жаңа заманғы құрал-жабдықтармен жарақталған. Емдеу мекемесінің ішінде самотика, травмотология, неврология  бөлімдері бар. Соңғы бес айдың көрсеткіші бойынша бұнда 3652 бала емделіп шығыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға көп. Н. Қожиннің айтуынша, ауруханаға асқазан, ішек жолдарының паталогиясы бойынша  және өкпесі қабынған, бронхитпен ауыратын балалар жиі түседі. Түрлі жарақат алған балалар да орталықта тиісті ем алады.  Мекемедегі білікті дәрігерлер науқастардың аурудан толық айығуы  үшін медицинаның озық әдістерін қолданады. Бүгінде мекемеде туғаннан денсаулығында ақауы бар жас нәрестелерге ота жасау үшін арнайы хирургиялық орталық жұмыс істейді. Бұған қоса жақында аурухана жанынан балалар кардиохирургиялық бөлімі ашылыпты. Бұл жерде туа бітті жүрек ауруына шалдыққан нәрестелерге көмек көрсетіледі.

Мақсат — балалар арасындағы жүрек ауруларының алдын алу. Қазіргі күні облыста жеті жүзге жуық бала туа бітті жүрек ақауына шалдыққан. Сондықтан оларды осы бөлімшеде толық медициналық тексеруден өткізіп, ем жүргіземіз. Егер сырқат күрделі болса, Астана қаласына жібереміз, — дейді бас дәрігер.

Бұған қоса емдеу мекемесінің ішінен мүгедек балаларды оңалтуға арналған  орталық ашылыпты. Бүгінгі күні елуге жуық бала тиісті ем алған.

Емдеу мекемелерінің барлығы жаңа заманға сай қызмет көрсетуге көшкендіктен, мамандардың біліктілігіне де баса назар аударылады. Ауруханада 371 адам еңбек етеді. Оның ішінде 50 дәрігер бар.

Жыл сайын дәрігерлер білімін жетілдіріп отырады. Бұндағы сәбилердің сауығып шығуы үшін олар бар күштерін жұмсайды. Өз жұмыстарына адал. Сондықтан әріптестерімді алдағы мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Олардың отбастарына амандық тілеймін, — дейді Нұрлан Қожин.

Облыстық клиникалық балалар ауруханасында  бір айлық нәрестеден 15 жасқа дейінгі аралықтағы балалар емделеді.

Емхана және ем

Облыс орталығындағы ірі емдеу мекемесінің бірі — №2 қалалық емхана. 107 мың тұрғынға қызмет көрсететін емдеу мекемесі бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша жұмыс жүргізеді. Ілгеріге қарағанда бүгінгі күні емханада тұрғындардың ем алуы үшін барлық мүмкіндік бар. Емхананың бас дәрігері Қайырбек Тоқтаровтың айтуынша, компьютерлік томография, мамография секілді аппараттар ауруды анықтауға үлкен септігін тигізіп отыр. Сондай-ақ аурудың алдын алу мақсатында азаматтар түрлі тексерулер мен скрингингтен өтеді. Оның ішінде В, С вирусты гепатитінің алдын алуға айырықша назар аударылуда.

Тіс жұлдырып, ота жасатқан немесе қан құйдырған азаматтар міндетті түрде бауырын тексеруден өткізгені жөн. Себебі бұндай ауру аса қауіпті және емдеу өте қымбатқа түседі. Сондықтан азаматтарға осы мәселені түсіндірудеміз, — дейді бас дәрігер.

Қайырбек Тоқтаровтың айтуынша, емхананың ескілігі болмаса, бұнда бар жағдай жасалған. Жақында жүрек ауруларын анықтауға арналған  кардиохирургиялық құрылғы әкелінбек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button