Құқық

Жемқорлықпен күрес — ардың ісі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік органдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы мен Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, «Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде  2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленді. Жоспарда азаматтардың заңды мүдделерін, бостандығы мен құқықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық төңірегіндегі құқық бұзушылықтарды айқындап және оны жоюға, мемлекеттік қызметкерлердің Қазақстан Республикасы Конституциясын, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызметтер туралы», «Заңды және жеке тұлғалардың өтінішін қарау тәртібі туралы» Заңдар мен  мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексін қатаң сақтауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру бекітілді. Сондай-ақ Жолдау аясында жүктелген тапсырмалардың бірі — халыққа көрсетілетін  мемлекеттік қызметтің сапасын көтеру мәселесі де басты назарда тұр. Яғни, барлық мемлекеттік қызметтер электрондық үлгіде ұсынылатын болады. Бұл — сыбайлас жемқорлық мәселесінде  құқық бұзушылық оқиғасын болдырмаудың бір себебі.

«Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-ның Ережесі бойынша халыққа 12 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Оның ішінде 4 қызмет  ҚР  Үкіметінің 2012 жылғы 29 ақпанындағы №273  қаулысымен бекітілді.

1.Діни ғимараттары құрылысының шешімдерін дайындап беру, олардың орналасқан орнын анықтау, сондай-ақ ғимараттың пайдалану мақсатының өзгеруі құзырлы  діни мекемелермен келісудің нәтижесінде жүргізіледі;

2.Облыстық және аудандық тиіптегі ортақ пайдаланылатын  көлік  жолдарында сыртқы жарнама орналастырудың рұқсаттарын дайындап беру;

3.ҚР аумағында жылжымайтын мүліктердің мекенжайының анықтамасын дайындап беру;

4.Сәулеттік-жоспарлау тапсырмасын дайындап беру.

Бүгінгі күні құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі агенттікпен қызмет көрсету үлгілерінің мүмкін жағдайлары қарастырылуда және ол кейін ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілмек. Облыс әкімінің қаулысы бойынша Ақтөбе облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы көрсететін мемлекеттік қызметтердің регламенті  дайындалады. Аталған құжаттар бекітілгенге дейін жеке және заңды тұлғаға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге байланысты құжаттарды қабылдап алудың қызметтерін «Ақтөбе облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына өткізудің алдын ала жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар толық аяқталғаннан соң  мемлекеттік қызметтер халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүргізіледі.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу жөніндегі» Заңына сәйкес, мемлекеттік сатып алу  қызметін ұйымдастыра отырып, 2012 жылдың басынан бастап бір деректеме бойынша 2 конкурс және бағалық ұсыныстарға байланысты 6 конкурс, заң нормаларынан тыс 2 конкурс өткізілді. Конкурсты өткізу жөніндегі жарнама мен оның нәтижелері  мемлекеттік сатып алу интернетінің ресурсында орналастырылады.

Аталған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бөлімде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға қатысты жұмыстар күшейтілді. Өткен жылы бөлімде жеке және заңды тұлғалардан түскен 7058 өтініш қаралды. Оның 6192-сі жеке, ал 866-сы  заңды тұлғаларға қатысты болса, 520 өтініш қанағаттандырылмады.

2012 жылдың бірінші тоқсанында бөлімде жеке және заңды тұлғалардан түскен 1672 өтініш қаралды. Оның ішінде 1423 өтініш жеке тұлғалардан, 249 өтініш заңды тұлғалар тарапынан келді. 84 өтініш қанағаттандырылған жоқ.

Бөлімге түсетін, өз бетімен салынған құрылыстарға рұқсат құжаттарын дайындап беру секілді және жеке тұрғын үйлердің ауласында салынған шаруашылық құрылыстарын рәсімдеу өтініштері қалақұрылыс ережесінің талаптары ескерілмегеніне байланысты қанағаттандырылмайды.

Жеке және заңды  тұлғалардың  арыздарын қабылдап,  тіркеу  ҚР заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Бөлім басшысы жеке қабылдауын аптасына бір рет кесте бойынша жүргізеді. Бөлімнің қабылдау бөлмесінде  арыз-шағымдарға  арналған жәшік орнатылған, сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің этикалық нормаларды ұстануын қадағалайтын  тіркеу кітабы бар. Сыбайлас жемқорлық әрекетін анықтап, әшкерелеуге ықпал ететін бөлімде сенім телефоны орнатылған. Бөлімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселесі бойынша семинар жиналыстары өткізіліп тұрады. Сонымен қатар мамандардың еңбек тәртібі әрдайым қатаң бақыланып отырады.  Осы бағытта бөлімде арнайы тәртіптік комиссия құрылды.

2011 жылы бөлімде қызмет жасайтын 2 маманға қатысты  сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылық дерегі негізінде тәртіптік шара қолданылды.

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік қызметкерлер имиджіне жағымсыз әсер тигізеді. ҚР азаматтарының сенімін жояды, экономикамыздың дамуына және жалпы еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру — бөлімнің алға қойған басты міндеттерінің бірі.

Бөкей БІРТАЙ,

«Ақтөбе қаласының сәулет және қала

құрылысы бөлімі» мемлекеттік

мекемесінің бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button