Мәдениет

Ине мен оймақ киесі

«Әйелдің ең бірінші парызы – ине мен жіптің парқын білу, яки тігіншілік өнерін терең меңгеру. Ал екінші парызының не екені әлі күнге құпия», – деген екен ағылшын жазушысы Оскар Уайльд. Тігіншілік қасиет бойына анасынан дарыған Бақытжан Төремұратованың құраған көрпелерін бүгінде  ағылшындық жүргізушілер пайдаланып жүр.

 

Ененің ақылы

 

Көрпе тігу, құрау кәсібімен екі жылдан бері айналысып жүрген Бақытжанның отбасында үш баласы бар. Үлкені Арманбек қаладағы ер балалар пансионатында білім алып жатыр. Мектеп жасындағы қыздары да намазға жығылған. Бақытжанның бойындағы тігіншілік қасиет оның қыздарына дарыған болуы керек, кейде олардың қуыршаққа шақтап киім тігетін әдеттері бар.  

Бақытжан Төремұратова облысымыздың Шалқар ауданының Бозой елді мекенінде дүниеге келген. Туған жерде тоғыз жылдық білім алып, жоғары сыныптарды облыс орталығынан тәмәмдаған ол кейін Қарағанды аяқ-киім жөндеу фабрикасының училищесінде білімін жетілдіреді. Атырау өңіріне келін болып түскен Бақытжанның тағдыр табыстырған жары Шоқанның дүниеден өткеніне биыл он жыл толады.

Жолдасымнан ерте қалдым. Ата-енемнің рұқсатымен кейін елге оралдым. Алғашқы уақытта үш баланы жеткізу маған қиынға соқты. Қаланың түрлі мекемелерінде киім ілуші, еден жуушы болып жұмыс жасадым. Менің анам да, енем де өте шебер жандар. Қазір олардың көзі тірі. Атыраудағы қайын жұртыммен қатынасып тұрамын. Келін болып түскен алғашқы жылдарда енем маған бір жылда бір көрпе тігуді міндеттеп қойды. Түйе жүндерінің түсіп, қойдың қырқылатын шағында  енем мені жанына отырғызып, матаға жүн тіктіртеді болмаса шай көрпе жасауыма көмектеседі. Кейін енем мен істеген нәрселердің жүндерін әдемі құрақ көрпелер жасаған уақытта пайдаланады. Міне, қазір енемнің сол  кәсібін жалғастырып, отбасымды асырап отырмын, – деді Бақытжан.  

Бақытжан өзін шеберлердің қатарына жатқызбайды. Өйткені көрпе тігу ісінде ол өзінің тәжірибесінің аздығын айтады. Дегенмен өз ісін жоғары бағаламаған шебердің қолынан шыққан өнімдер бүгінде көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.

 

Көрпелер де ырым етіледі…

 

Бүгінде қаладағы шағын тігін ательесінде өз жұмысын жандандырып отырған Бақытжанның негізгі ісі – қыз жасауын жабдықтау.

Қазір құрақ көрпеге деген сұраныс өте жоғары. Бізге тапсырыс беретін адамдардың көбісі қыз жасауына төрт төсек және төрт жамылғы көрпе тіктіртіп жүр. Бұрын қыздың жүгінде жамылғы көрпе екі жасқа ғана арнап тіктірілетін болса, қазір мұндай көрпенің екі-үшеуі қоса тігіліп жүр. Бұрынғыдай құс жастыққа тапсырыс қазір көп түспейді. Ұмытпасам, былтыр ғана бір құс жастық жасадық. Әрине, құс жастық та жиналған уақытта өзінше әдемі көрінеді, – деді ол.

Бүгінде  сүр бойдақтар мен тұрмыс құрмаған қыздарға арнап тігілетін де көрпелер бар. Маталарда «Сізге бақыт тілеймін» деген арнайы жазуы бар көрпелер мұндай жандарға өмірдегі серігін көп ұзамай кезіктірсін деген ниетпен сыйға тартылады екен. 

 

Ақтөбеде мақта түтетін аппарат жоқ…

 

Бақытжанмен бірге жұмыс жасайтын тігінші Жанат Жантілеуова да құрақты өте әдемі құрайды. Ол кейбір құрақ түрлерін интернеттен алатын көрінеді.

Екеуміз бір-біріміздің ісімізді толықтырып отырамыз. Жанат құраған құрақтарды мен көрпе етіп шығаруға дайындасам, кейде ол маған жүн түтуге көмектеседі. Сөйтіп, тапсырыс берушілердің сенімінен шығу үшін екеуміздің бірлесіп жұмыс істеуімізге тура келеді. Біз тапсырыс берушінің қалауы бойынша көрпені жүннен және мақтадан жасаймыз. Дегенмен де жүннен жасалған көрпенің сапасы өте жоғары. Өйткені әбден төселген жүн көрпелерді кейін қайта сөгіп, жаңартуға болады. Ал мақтадан жасалған көрпені жаңартқан шақта әдемі болып шықпайды, – деді Бақытжан.

Қазір Бақытжан ескі көрпелерді қайта жаңарту ісімен де айналысып жүр. Жүн түтетін құрал Бақытжанның қолында болғанмен, мақта түтетін аппарат әзірге Ақтөбеде жоқ көрінеді. 

Мақта түтетін аппарат Алматыда ғана бар. Мен Ақтөбеде жүн түтетін аппараты бар екі адамды ғана танимын. Қаладағы Құрмыш ауданында тұратын ұлты орыс әженің қолында жүз жылдық тарихы бар бұл аппарат әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Сол сияқты жүн түтетін аппараты бар жасы ұлғайған қария қазір Тәжірибе стансасында тұрады. Жүн түттірту үшін екеуіне де кезекке тұру керек. Кезекті біз күткенмен, біздің жасайтын өнімімізді тапсырыс берушілер күтпейді. Сондықтан да мен жүнді арнайы тарақ арқылы түтетін құралды пайдаланамын. Сол құралдың көмегімен күніне 8-9 келіге дейін жүн түтеміз, – деді ол. 

Бақытжанның айтуынша, сапалы жасалған төсек көрпеге екі келі жүн пайдаланылса, бір адамға арналған жамылғы көрпеге 2,5 келі жүн жұмсалады. 

 

Сегізжапыраққа сұраныс жоғары…

 

Бақытжан құрақ көрпелермен қатар оюлы көрпелерді де жасайды.

Қазір  біз көрпелерді түрлі геометриялық пішінде жасаймыз. Мәселен,

сегізжапырақ, аққу, ши құрақ, араның ұясы секілді құрақтарға тапсырыс өте жоғары. Дегенмен де қыз жасауында сегізжапырақ етіп құралған көрпелердің орны ерекше. Мұндай пішінде жасалған төсеніштерді кейін сөгіп, қайта жасауға мүмкіндік бар. Ши құрақ – ұсақ қиындылардан жасалатын көрпе. Оның бір жері сөгітілсе, бұл көрпені жасаған шебер ғана қайта қалпына келтіреді. Тағы бір айта кететін нәрсе, қазір дайын оюларды көрпе бетіне желімдеп, үстінен мәшенкемен тігетін бұйымдар да бар. Мұндай көрпелер сырт көзге әдемі көрінгенмен, қайта өңдеген шақта бастапқы қалпынан айырылады. Сондықтан да қолмен көктеліп тігілген құрақ көрпелер ұзақ жылға жарамдылығы жағынан ұтады, – деді шебер.

Көрпе тіктірткенде көпшілік мата таңдаудан жаңылып жатады.

Қазір базарда сайқал мақпалдардан көп мата жоқ. Мұндай маталар әдемі көрінгенмен, көрпе тігу барысында сетінеп кетеді. Маталардың ішінде Бұқарадан әкелінетін мақпалдардың сапасы жоғары. Кейде оның да екі түрі кездеседі. Бағасы қымбат мақпалдан тігілген көрпелерді көп жыл пайдаланасың. Қазір көпшілік қыз жасауын әзірлегенде парша мен атлас алады. Кейбір қалтасы қомақты адамдар қызына велюрден көрпе тіктіртеді.  Қалаға Алматыдан тасымалданып жүрген шыттардың да сапасы жоғары  әрі бағасы арзан. Күнделікті қолданылатын көрпелерді шыт матадан тіккен дұрыс. Шыт матаны көбінесе зейнеткерлер пайдаланады, – деді Бақытжан.   

 

Ағылшындардың алғысы

 

Бірде Бақытжанның тігін ательесіне ағылшындық студенттердің келмесі бар ма?! Ательедегі жинаулы тұрған құрақ көрпелерге қызыққан олар бір сәтте-ақ он көрпені көтеріп әкетіпті. Мұнда тәжірибе алмасуға келген бұл студенттер кейін де Бақытжанға жолығып, бірнеше көрпеге тапсырыс берген.

– Мұндай істі бірінші рет көріп отырған шетелдік студенттердің біздің өнімге қызығушылықтары жоғары болды. Келесі күні ательеге қайта бас сұғып, олар көлікке жаятын шағын көрпелер жасап беруімізді өтінді. Олардың жандарында қазақ студенттер де болды. Сұрастырсақ, көлікке арнап тіктірткен көрпелерді олар Англиядағы жақындарына сыйға тартатындықтарын айтты. Көрші Орынбор, Орск қалаларына да тұрмысқа шыққан кейбір жерлестеріміздің жасауын біз әзірледік. Көрпе-төсекті екі аралықтағы кеден бекетінен өткізу қиын екен. Сонда да ата-аналар бір амалын тауып, қызының жасауын бізге әзірлетіп, апарып жүр, – деді Бақытжан.    

Қыз жасауын 60 мың теңгенің көлемінде әзірлейтін Бақытжанның құрақтан жасалған бір төсек көрпесі 2400 теңге тұрады. Мақтамен астарланып жасалған төсек көрпенің бағасы бұдан әлдеқайда арзан. Матасының сапасына, көрпенің көлеміне байланысты тауарлардың бағасы да әр түрлі.

 

P.S. Қаладағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің бірінің жертөлесін тігін ательесі етіп отырған Бақытжанның өз кәсібін жетілдіруге бөлменің тарлығы бөгет жасайды. Тар бөлменің ішінде талай қыздың көрпе-төсегін дайындаған Бақытжанды іздеп келушілер көп.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

7 Comments

  1. неге сол құрақ көрпелерінің бірді-екілі суреттерін көрсетпедіңіздер, көп естігеннен бір көрген артық емес пе біз де сүйсінер едік ағылшындар тәрізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button