Саясат

Мықты мемлекет болу үшін

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Мықты мемлекет болу үшін бізге күшті экономика, келісім мен бейбітшілік қажет

Қазақстандағы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асы­ру, сондай-ақ елімізді индустриялық-технологиялық да­мы­ту бағыттарына қатысты көкейкесті проблемалар бұр­на­ғы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Хабар» агент­тігі мен «Қазақстан» ТРК-ға берген сұхбатының негізгі та­қырыбы болды. Мемлекет басшысы «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде сөйлеген сөзінің басым бағыт­та­рына жан-жақты түсінік берді. Аграрлық секторды жаң­ғыр­ту, құрылыс индустриясын дамыту, мұнай өңдеу, ме­таллургия, химия, фармацевтика және қорғаныс өнеркәсі­бін, энергетиканы, көлік және телекоммуникация инфра­құ­рылымдарын жедел дамыту үшін қандай қадамдар жа­сауымыз қажет?.. Мемлекет басшысының Отанымыздағы же­текші телеарналардың журналистері қойған осы және өзге де көптеген сұрақтарға жауабы нақтылығымен, сал­мақ­тылығымен және келешекке сенімділігімен ерекшеленді.

– Дағдарыс туралы көп айты­ла­тын болды, – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы алғашқы сұраққа жауап беруі барысында. -Бұл мәселе ауылға барсаң да андағайлап алдыңнан шығады. Бірақ олар бізде ешқандай дағдарыс жоқ дейді. Кешегі өткен са­нақта халқымыздың 53 пайызы қалаларда тұратыны анықталды. Демек, қалғандары ауылды жер­лер­де тұрады деген сөз. Әрине, олар­дың бәрі бірдей ауылдарда жұмыс істемейді, қалаға барып-келіп еңбек ететіндері көп. Жалпы, жергілікті жерлерде соншалықты күрделі жағ­дай қалыптасып отыр деп айтуға болмайды.

Елбасы келесі кезекте бүгінде әлемдегі көптеген алып мемле­кет­тердің дағдарыс қиындығына ду­шар болып отырғанын атап көр­сетті. «Мәселен, – деді осыған орай Мемлекет басшысы, – Америка Құрама Штаттарының конгресі дағ­дарыс қайдан шықты деген сауалға жауап іздеу үшін комиссия құрыпты деген ақпарат естідім. Ал мен дағдарыстың қайдан шық­қа­нын өзімнің «Дағдарыстан шығу кілті» деген мақаламда жан-жақты көрсеттім. 1947 жылы пайда болған қазіргі қаржы жүйесі 60 жыл беде­рінде түбегейлі өзгеріске ұшырады. Бүгінгі таңда әлемдік өндіріс 40 триллион долларды құраса, ай­на­лымда жүрген ақша 400 триллионға жетіп отыр. Бірақ экономика ере­жесіне сәйкес, өндіріс ауқымы мен айналымда жүрген қаржы көлемі бір-біріне жақын болуы тиіс. Өкі­нішке қарай, бұл үдеріс бай­қалмайды».

– Қазір мемлекет қабылдап жат­қан шаралардың арқасында біз сондайлық бір қиындықтарды сезініп отырған жоқпыз, – деп жал­ғады сөзін Президент. – Осы жерде ортақ сұрақ туындайды: «Дағдарыс аяқталған кезде қандай валюта жетекші рөл ойнайтын болады?» деген. Сол Америка Құрама Штат­тарында 16 банк банкроттыққа ұшы­рады, Ұлыбританияны қоса ал­ғанда, Еуропаның қаржы құры­лым­дары күрделі жағдайды бастарынан кешіп жатыр. Барлық кезеңде біз төлем құралы ретінде долларды пайдаланып келдік. Бірақ егер ол, қазіргі кезеңдегідей, қажеттілікті қамтамасыз етпейтін болса, онда не істеу керек?

Бүгінде әлемдегі жағдай қалып­қа түсіп келеді деген сөз бар. Де­ген­мен босаңсуға болмайды. Неге? Біздегілердің бәрі Қазақстанда тамаша банк жүйесі қалыптасқан деп келді. Шындығында да қазақ­стандық жеке меншік банктер мемлекетіміздің жоғары имиджінің арқасында 4-5 пайыздық өсіммен жеңіл кредиттер алып, оны кәсіп­керлерге кемі 10-15 пайыздық өсім­мен беріп отырды, – деп атап өтті Президент осыған орай. Ал батыс қаржы құрылымдарының банкрот­тығы басталған кезде ол біздегі­лер­ге де қатты әсер етті. Егер біздің ал­дын ала жинақтаған мемлекеттік резервіміз болмаса, жағдай өте қор­қы­нышты сипат алған болар еді. Бақытымызға орай, жинақталған ка­питалдың арқасында мемлекет бірден-бір кредитор, банктерді құт­қаратын, орта және шағын биз­нес­ті, аграрлық секторды кредиттейтін соңғы инстанция болды.

– Ірі резерв шоғырланған Ұлттық қор орасан рөл атқарды, деп жал­ғады сөзін Елбасы. – Аталған капитал – болашақ ұрпақтың қаржысы. Ал қазіргі жағдайға қатысты айтатын болсам, нәтиже көзге ұрып тұр: ақ­па­нмен салыстырғанда наурызда экономиканың өсуі байқалды, наурызбен салыстырғанда сәуірде де сондай. Мамырда да осы үдеріс байқалмақ. Экономика қалыпқа түсіп келеді, екінші жарты жыл­дық­тан бастап оның өсуіне барлық алғышарт бар.

Мемлекет басшысы дағдарысты еңсеруге қолдағы барлық мүм­кін­діктер пайдаланылғанын атап өтті. Біріншіден, банк жүйесі 480 мил­лиард теңге алды. Мемлекет жетек­ші банктерді уақытша өзінің ие­лі­гіне көшірді. Екіншіден, үлес­керлерге жәрдем көрсетілді. Қазақ­станда тұрғын үй құрылысы тоқ­тамайды. Ауыл шаруа­шы­лы­ғын­дағы жағдайға қатысты да осыны айтуға болады. Шаруалар көктемгі дала жұмыстарына кредит алу мүм­кіндігіне қол жеткізді. Мемлекеттің қолдауының нәтижесінде аталған саладағы ахуал тұрақты.

Экономиканың аса маңызды проблемаларын шешу үшін мем­ле­кет 10 миллиард доллар бөлді. Бұл – үлкен ақша. Ең бастысы – бөлінген қаржы қазірдің өзінде тиімділік бере бастады: құрылыс қарқыны бүкіл еліміз бойынша қалпына келіп жатыр, шағын және орта бизнес ауқымы да бұрынғы деңгейіне көтеріліп келеді. Бірақ мынаны түсінген жөн, мемлекеттің қаржысы қайтарылуы қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда дағдарыстың барлық адам­дардың санасын көтеруі керек екеніне назар аударды. Ол бірінші кезекте «ғайыптан тайып пайда бол­ған байлықты» төрт-бес мәши­не, бірнеше үй сатып алуға жұм­са­ған отандастарымызды айықтыруы тиіс. Жылжымайтын мүлік бойын­ша Парижбен немесе Нью-Йорк­пен жарысуға болмайды. Одан да Карл Маркстың мына айтқандарын қаперге алған ұтымды: «Егер капи­талист 100 пайыздық пайданы сезінетін болса, осы пайда үшін ол жа­самайтын қылмыс болмай­ды». Ашкөздіктің аяғы жақсы­лыққа апар­майды. Қазіргі жа­һандық дағ­дарыс – сол аш­көздіктің салдары.

Мемлекет басшысына қойыл­ған сұрақтардың біреуі жұмыс­сыз­дық­тың өсуінің алдын алуға байла­нысты шараларға қатысты болды.

– Біз адамдардың жұмыстан бо­са­ты­луын болдырмау үшін барлық кәсіпкерлермен меморандумдар жасастық, – деді осы ретте Прези­дент. – Кез келген адам өзі жұмыс іс­тейтін кәсіпорынның немесе ме­кеменің күрделі жағдайда қалғанын түсіне отырып, қысқартылған жұ­мыс аптасына, уақытша демалысқа шыдамдылық танытуы тиіс.

Президент мамандарын қыс­қарт­пай, жұмысшыларына еңбек­ақы төлейтін бизнесмендерге ри­за­шылығын білдірді. Проблема­лар­дың бар екені анық. Бірақ олар тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лыққа бөлінген қаржының нәти­жесінде жылумен қамтамасыз ету, сумен қамтамасыз ету, канализация жүйелерін, жолдарды жөндеу бой­ын­ша құрылған жұмыс орындары есебінен шешіліп жатыр. Бұл біздің барлық күштеріміз бен резервте­рі­мізді іске қосу арқылы тұрақты­лықты қамтамасыз ететін тылымыз болып табылады. 240 мың жұмыс орны – бұл айтарлықтай резерв.

Екінші жағынан алып қара­ған­да, Қазақстанның қазіргі пробле­ма­лары жеткіліксіз деңгейдегі өнер­кә­сіп­тік әлеуетпен тікелей байла­ныс­ты. Металлургия кәсіпорын­дары­ның өнімдері, мұнай, газ – біздің экспорттық құрамдасымыз. Бірақ дағ­дарыс жағдайында, импорттау­шы елдердегі өндіріс көлемінің төмендеуі салдарынан, жоғарыда аталған байлықтарымыз оларға үлкен көлемде қажетсіз болып отыр. Мұнай мен газға баға түсіп кетті. Хром мен мыстың әлемдік бағасы да көңілдегідей емес.

– Жер байлықтары – мұнай мен газға ғана сенім артып өмір сүруге болмайды, – деп атап өтті Президент. – Біріншіден, олар түбінде бір түге­сі­леді, екіншіден, бағаларында тұрақтылық жоқ. Еліміз тәуел­сіз­дігінің жиырма жылында біз осы­мен үшінші дағдарысқа душар бо­лып отырмыз. Демек, оларға қай кезде де дайын болу керек. Ол үшін экономиканы индустриялық жолға шы­ғарып, қайта құрылымдау қажет.

Бірінші кезекте әңгіме агро­өнер­кәсіп кешенін индустрия­лан­дыру туралы болып отыр. Елбасы атап өткендей, «Мерседес» пен «Вольво» шығарудың не қажеті бар? «Боингтер» жасаудың керегі бар ма? Әрине, жоқ. Өйткені біз өзіміздің шағын рыногымызды тол­тыр­ғаннан кейін қалғанын қайда сатамыз? Қысқасы, Қазақстан әлем­ді жаулап алған аталған көліктер шы­ғаратын елдермен бәсекелесе алмайды. Есесіне әлемдік рынокқа сапалы ауыл шаруашылығы өнім­дерін, атап айтқанда, астық пен ет шығаруға қабілеттіміз. Міне, осы себепті күшті осы қолдан келетін салаға жұмсағанымыз тиімді.

– Қазақстан – аса ірі аграрлы ел. Же­ріміз кең-байтақ. Жайылым­дары­мыз жетерлік. Қазақстан тек астық рыногында әлемде жетекші орынға қол жеткізуге қабілетті. Етке байланысты да осыны айтуға болады. Бірақ неге біз колбаса өнімдерінің шамамен 40 пайызын сырттан әкелеміз? Консервіленген жеміс-жидектің 80 пайызын, құрғақ сүттің 40 пайызын, өсімдік майы­ның шамамен 30 пайызын сырттан тасимыз. Неге? Еліміздің осы өнім­дерді өзі өндіруге қабілет-мүмкін­дігі жетпей ме сонда? Ал әңгіме түбегейлі қайта өңдеу туралы болып отыр­ғандықтан, айтарым, бұл – эко­номиканы дамыту, бұл – индустрия.

Біз ірі бордақылау кешендерін салып, етті бүгінде сонау Брази­лия­дан әкелетін Ресейдің өзіне экс­порттай бастауымыз керек. Мұны сүт өнімдері мен ерте пісетін же­міс-көкөніске де қатысты айтуға бо­лады. Біздің көптеген жылыжай­лар салуға мүмкіндігіміз бар және би­ылғы жылдың өзінде ғана олар­ды 70 гектардай аумақта құрмақ­пыз.

Бізге құс фабрикаларын дамыту қажет. Құс етін сырттан әкелмей, өзіміз өндіргеніміз ұтымды. Мұның барлығының мультипликативті тиім­ділігі бар. Егер бордақылау шаруашылығын құратын болсақ, осыған сәйкес біреу жемазық өсіруі ке­рек болады, ал бұл – жеке биз­нес. Мәселен, құс фабрикалары жү­геріні қажетсінеді. Демек, бұған да қосымша нысандар салу қажет болады.

Одан әрі өңдеу мәселесі тұр. Жоғары, экспорттық сынып бой­ынша. Осыған байланысты біздің ауыл шаруашылығымыз қосымша құнды 30 пайызға көтеріп, экспорт өнімінің 8 пайызын иемденуі тиіс. Яғни біз экономиканың тұтас бір құрылымын көтеретін боламыз. Міне, индустрияландыру дегеніміз осы, – деп атап көрсетті Президент.

Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай ой-пайымды құрылыс индустриясына қатысты да айтты. Шығасылар бо­лады. Бірақ Қазақстандағы құры­лыс дабылы жалғасады. Қазақстан­ды құрылыс материалдары – кір­піш­пен, цементпен, қабырға мате­риалдарымен 80 пайыз қамтамасыз ету туралы қойылған міндет таяу болашақта орындалуы тиіс.

– Келесі мәселенің көкейкестілігі де жоғарыда айтылғандардан еш кем емес. Біз, өкінішке қарай, өзімізді керосинмен, бензинмен, белгілі бір деңгейде майлармен қамтамасыз ете алмай келе жатқан мұнайлы мемлекетпіз. Алға қойыл­ған міндет, – деді осыған байланысты Елбасы, – Қазақстанды қажетті мұ­най өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 17 миллион тонна шикі мұнай өңдеу.

Мұның металлургияға да қаты­сы бар. Ақтөбеде мүлдем жаңа тех­нология бойынша зауыт салынады, сөйтіп, мұнда еңбек өнімділігі еселеп артады.

– Дағдарыс сел сияқты, – деп Нұр­сұлтан Әбішұлы ретіне қарай ұтымды бейнелі сөз қолданды. – Ол әлсіз бөгеттерді шайып кетеді, ал күштілері қалады. Дағдарыстың пай­дасы осында. Бірінші жарты жылдықта өнімділік бұрынғыға қарағанда төмендейді. Ал екінші жарты жылдықта еліміз өсім көрсететін болады.

Алайда дағдарыс, Мемлекет бас­шысының сөзіне қарағанда, бұл бір мезгілде өсімнің жаңа нүктесі де болып табылады. Мысал үшін бізде орасан зор мүмкіндікке ие хи­мия саласын-ақ алайықшы. Оның ішінде дәрі-дәрмектер өндірісін бө­ліп қарасақ, қазіргі таңда біз олар­дың 90 пайыздайын сатып алады екенбіз. Сондықтан басым міндет – дәрі-дәрмектің 50 пайызын өзіміздің елімізде өндіру. Ондай мүмкіндік бар.

Ауқымды инновациялық жоба­лар­ды жүзеге асыру үшін электр энергиясы қажет. Сондықтан Бал­қаш электр стансасын салу, атом энергетикасын дамыту елді электр қуаттарымен қамтамасыз етуде жаңа сапалы деңгейге қадам жа­сауға мүмкіндік береді. Мұндай жоспарлар бар және Үкімет ол бойынша жұмыстар жүргізуде.

Келесі бір үлкен міндет авто­мо­биль жолдарын, атап айтқанда, Батыс Қытай – Батыс Еуропа ма­гистралін салуға қатысты. Бұл ба­ғыттың үш жарым мың шақырымы Қазақстан арқылы өтеді.

– Мен таяуда ғана Бүкіләлемдік банк президенті Зелик мырзадан хат алдым, – деді осы ретте Елбасы, – Ол аталмыш автожолды салуға банк­тің 2,1 миллиард доллар бөлге­нін хабарлады. Оның сыртында Азия және Ислам банктері де 1,5 миллиард доллар бөлуге дайын.

Сол сияқты бізді Қытаймен байланыстыратын Қорғас-Жетіген теміржолы да пайда болады. Осы жоба бойынша қаржыны игеру барысында жүз мыңдаған адам өзде­ріне жұмыс тауып, мемлекет қазынасына кіріс кіргізетін болады.

Халықтың жан басына шақ­қан­дағы табыс көлемі жағынан келе­шек­те біз 13-14 мың доллар дең­гейі­не шықпақпыз. Бұл біз алға қойып отырған міндеттердің жүзеге асқандығының нақты көрінісі бол­мақ.

– Әрине, бүгінде тәуелсіздіктің он жеті жылы ішінде не істелгендігі туралы айту жеңіл. Бірақ олардың артында орасан зор еңбек, қиын­шылықтар мен жүйке күйзелістері тұр. Біздің халық олардың сенім­дерін ақтау үшін күні-түні жұмыс істеп жатқанымызды білуі тиіс, – деді Н.Назарбаев, белгіленген жоспар­лар­дың бәрінің әншейін сөз емес, олардың артында шынайы іс тұрға­нына назар аудара отырып. – Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бізге елді индустрияландыру жөнінен аса маңызды жобаларды жүзеге асыруға тура келеді. Бұл сталиндік индустрияландыру емес. Бұл – инновациялық технология­лар­ды енгізу жөніндегі кешенді шара­лар, бұл – жүзеге асуы халықтың бо­лашағын анықтайтын ұлттық идея. Бірақ бұл үдерісте еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі, барлық саяси күштердің бірлігі басты орында тұруы тиіс.

– Менің Қытайдан Еуропаға дейінгі жолды бүкілхалықтық құ­рылыс деп жариялап, оған жастар­ды тартқым келеді. Кезінде біз Түркісіб пен БАМ-ды салдық емес пе. Біз үшін бұл – дәл сондай ма­ңызды мәселе. Мұндай еңбекке біздің халқымыз да лайықты, – деді Президент.

Дағдарыс жағдайында ауыл шаруашылығын көтеру міндеттері туралы қойылған сауалға жауап бере отырып, Мемлекет басшысы таяуда болып өткен «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде экспортқа бағ­дар­ланған ауыл шаруашылығы өнім­дерінің көлемін 8 пайызға жеткізу мақсатының алға қойыл­ған­дығын атап көрсетті: «Сол арқы­лы ауылда 10 мыңға тарта адам жаңа жұмыс орындарына ие бо­ла­ды. Мемлекет ауыл шаруашы­лы­ғына 2003 жылдан бері көңіл аударып келеді. Соның арқасында тізерлеп тұрған саланы аяғынан тік қойдық. Әрине, барлық жерде жағдай солай деуге болмайды. Ең бастысы, жалпы өнім көлемі мен соған сәйкес қаржының пайда бо­луы нәтижесінде ауыл шаруашы­лы­ғы бұрынғы кеңестік кезге қара­ған­да төрт есе көп техника мен құрал-жабдықтарға ие болды. Мәселен, америкалық «Джон Дир» комбай­ны кеңестік кездегі 4 «Ниваның» жұмысын атқарады. Қазіргі уақытта даладағы комбайндар да, жұмыс істеп жүрген адамдар да онша көп емес. Егер бұрынғы заманды еске алар болсақ, онда елге миллиард пұт астық тапсыру үшін әскери тех­никаны, студенттерді тартатын. Қазір олай жасаудың қажеті жоқ, өйткені қазіргі заманғы техника еңбек өнімділігін бірнеше есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі ауыл шаруашылығындағы жағдай басқаша. Бұрындары он адам жүр­ген жерде бір адам, бес комбайн атқарған жұмысты бір комбайн атқарады.

Экономика көтеріліп, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Жұмыс істеймін, мал бағамын деген адамға ауылда жер бар, жағдай жасалған. Ауылда болған кезде халық жағдай­дың бұрынғыдан әлдеқайда жақ­сар­ғандығын айтады. Алладан алда­ғы уақытта да солай бола берсін деп тілейік. Дегенмен бізге ертеңгі күн туралы да ойлану қажет. Айталық, аграрлық кешеніміз бола тұра еттің – 40, өсімдік майының – 40, сүт, көкөніс пен консервінің 80 пайызын сырттан әкелеміз. Қолында бар затты сата алмаған ел тоқырауға ұшырайды, ал біз ішкі қажеттіліктің жартысын да шығара алмай отырмыз. Сондықтан им­портқа жұмсалып жатқан қаржыны ішкі өндіріске бағыттап, қажетті азық-түлікті өзімізде өндіріп, са­туы­мыз керек. Сөйткенде, бірін­шіден, өндіріс пайда болып, жұмыс орындары ашылады. Екіншіден, халық ақшаларын өзіміздің дү­кен­дерімізде толып тұрған отандық тауарларға жұмсайды, үшіншіден, Қазақстанда өнім көбейеді. Сол үшін де елдің батысы мен солтүс­тігінде, барлық ірі қалалар мен елді мекендерде жаңа өндірістік база­лар, мал бордақылау алаңдарын салу қолға алынады. Егер біз ірі қалаларды қамтамасыз ететіндей өндіріс орындарын аша алсақ, қалалықтар да ауылдарға баруға мүдделі болады деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда біз осы мақсаттар үшін 120 миллиард теңге бөліп отырмыз, ол көмек болашақта бұ­дан да арта түспек. Сонымен бірге қалалықтардың ауыл шаруашылығы бизнесіне деген қызығушылығы да күшейетін болады. Мұның өзі ауылдың қалаға жақындай түсуіне айтарлықтай жағдай жасайды».

Келесі әңгіме Қазақстанның дамуының басты міндеттерінің бірі ретінде белгіленіп отырған қоғам­дағы тұрақтылық тақырыбына арналды.

– Егер ел ішінде тұрақтылық бол­ма­са, ештеңе де болмайды, – деді осы орайда Президент. – Тұрақты­лық­ты, тәуелсіздікті және қауіп­сіздікті сақтау – қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет өміршеңдігінің ең басты факторы.

– Тұрақтылық мәселесіне келген­де біздің кейбір азаматтар түрлі әңгімелер айтады, – деп жалғады ойын Мемлекет басшысы. – Егер мен Түркияның, Ресейдің, АҚШ-тың президенттері сияқты бір тілде сөйлесем, қандай жақсы болар еді. Мен, міне, екі тілде сөйлеп отыр­мын. Елдерінде бірнеше ұлттың тұратынына қарамастан, Америкада бәрі де – ағылшынша, Ресейде – орысша, Түркияда түрікше сөй­лей­ді. Бізде неге олай емес? Біз ұзақ жыл­дар Кеңес Одағының отары болдық. Қазақтар соғыс­тан кейін ғана орысшаны үйрене бас­тады, жаппай орыстану бас­талды.

Өткен санақта халықтың үштен екісі қазақтар дедік. Бірақ осы қа­зақ­тардың кем дегенде 20 пайызы қазақ тілінде сөйлей де, жаза да алмайды. Бізге ата-аналарымыз орыс тілін білмесең, нан таба алмайсың деп үйретті. Шындығында солай болды да.

Сондықтан ұлтаралық мәселе өте нәзік. Оның болмашы нәрседен ушығып кетуі мүмкін. Бізде орыс ұлтының саны әлі де едәуір. Бәрің де қазақша сөйлеңдер деп отырып алсақ, өкпе-реніштердің туындауы мүмкін.  Қазақты әлсі­рету үшін ондай күнді күтіп отыр­ғандар да жоқ емес. Ондай жағ­дай­лар бізде Маңғыстау, Шығыс Қа­зақ­стан, Алматы облыстарында болды. Сонда оларды табыстыруға кім барды? Сондықтан бұл мәселеде біздер – қазақ халқы абай болуымыз керек.

Біз ат төбеліндей ғана халықпыз. Сондықтан бізге ең керегі – уақыт оздырып, эконо­ми­ка­ны түзеп, мықты мемлекет болу. Қа­рулы күштерімізді, қауіпсізді­гі­міз­ді нығайту. Ол үшін күш-қуат керек. Ол үшін экономика керек. Ол үшін бұлшық ет керек. Бұлшық ет деген – экономика. Осыларға қол жеткізу үшін тыныштық керек. Ішіміз бүтін болмаса, сыр­ты­мыз түтін болады, өзгелер түтіп алады. Ең бастысы, қазақ­тың бірлігі қажет.

– Тілді үйренуге жағдай жасалып, мемлекеттік тілді оқыту жүріп жа­тыр, деді Мемлекет басшысы тіл саясаты туралы айта келіп. – Осын­дай мүмкіндіктердің арқасында кейде ұлты қазақ емес балалар қа­зақ­тан да жақсы сөйлеп жүр. Олар­ды көтермелеп, өзгелерге үлгі ре­тінде көрсетіп келеміз. Өзге ұлт­тардың балалары Абай мен Шәкә­рім­ді қазақтардан кем түспей оқи­ды. Кішкентай балалар мемлекеттік тілді балабақша мен мектептен бастап үйреніп жүр. Көптеген ата-аналардың өздері балаларын қазақ тілін үйренуге баулуда. Бұл істе асықпау керек. Мынадай қиын-қыс­тау кезеңде алда тұрған негізгі мәселені ойлау керек. Әлемдік деңгейде бекітілген келісімдердің сақталуы да нашарлап барады. Біріккен Ұлттар Ұйымы ауқымында қабылданған мемлекеттердің шека­ралары біртұтас, оларға ешкім тиіс­пеуі керек, біреудің ісіне өзгелер араласпауы керек деген келісімдер орындалмайды. Оған Кавказда, бұрынғы Югославияда болып өткен жағ­дай­ларды мысал ретінде келтіруге болады. Осындай қиын да күрделі кезеңде біз әлі де ұстараның жү­зін­де келе жатқан халықпыз. Басы­мыз­ға қонған бақыт – тәуелсіздік. Ата-баба қалдырған жер мен елді сақтап қалу үшін ең негізгі мәселе мемлекеттілікті, тәуелсіздікті ны­ғайтып, экономика мен халықтың әл-ауқатын жақсартып, дүние жүзінің алдында бедел алуымыз керек.

– Жастарға арнап бірнеше сөз айтқым келеді, – деді осы орайда Мемлекет басшысы. – Біз көп ұлтты мемлекетпіз, сондықтан біздің жас­тарымыз әлемнің барлық түкпір­лерінде еңбек ететін болады. Жас­тар Америкаға, Австралияға немесе Еуропаға барып, әлемнің азаматына айналады. Сондықтан біздің адамдардың құқықтарын қорғауға, оларды тыңдап, түсінуге үйренуіміз керек. Сонда ғана бізді өзгелер де сыйлайтын болады.

Толеранттық, төзімділік – осынау күрделі құбылыстардың мәнін бағалау қаншалықты жеңіл. Егер Қазақстанда тамаша бір таңда жұрттың бәрі ұйқыдан оянып, адамдарының бәрінің бет-пішін­дері, көздерінің түсі мен қиықтары бірдей екенін байқаса, өмір сүру қандай көңілсіз болар еді!..

Кез келген мәселенің түп тамырына көз жіберген жөн. Құдай бізге аз сөйлеп, өзіміз сияқтыларды көбірек тыңдап және түсіну үшін бір ауыз бен екі құлақ берді. Демек, алуандылық – Жер деп аталатын планетадағы ең басты феномен. Ол әрқашан да қызықты болған және бола да береді. Алуандылық деге­ні­міз – өсу, алуандылық – прогресс және жаһандық әлемдегі біздің артықшылығымыз. Соған сәйкес бірлікті сақтау – біздің баршамыз үшін қасиетті міндет. Бұл – біздің зердеміз, бұл – болашағымыз.

Аллаға шүкір, мен халықпен бірге көп нәрселерді көрдім. Ол болашақ үшін және қазіргі ұрпақ үшін, біздің немерелеріміз үшін қажет. Барлық бағдарламаларды орындап шығу үшін біздердің бір кісідей жұмылып еңбек етуіміз керек. Қазіргі жасалып жатқанның бәрі Қазақстанның болашағы, халықтың болашағы болып табылатындықтан, бұл іске жастарды тарту қажет.

(«Егемен Қазақстан» газеті, 22 мамыр 2009 жыл).

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Елбасымыздын макаласы оте унады. Еліміз алга жылжып келеді. Мен соган куанамын. Халкымыздын бірлігі мен тыныштыгын сактап отыру ен киын маселе, болашак жастар жана технологияларды меңгеруге умтылу кажет, елімізде ултын суйетін саналы, білімді де жігерлі урпак көбеюі тиіс. Елбасымыз барлык мүмкіндікті жасап отыр. Тек жалкаулыгымыз кері тартып тур. Баска халыктын тілін де меңгеруіміз кажет, жаманынан жиреніп, жаксысын алуымыз керек. Жаксы мен жаманды айыра білу тек кана өз еншімізде. Рухымыз биік, енсеміз биік болсын. Тек кана алга! Окы, уйрен, токы, енбектен!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button