Білім

СОҒЫЛДЫ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ

Кеше облыстағы  466 мектепте соңғы қоңырау рәсімі өтті. 119 768 оқушы салтанатты жағдайда өткен шараға қатысты. 289 мектепте 6466 түлекке арналып соңғы қоңырау соғылды. Ал 1-сынып бітірген 10 052 бүлдіршін алғаш рет соңғы қоңырау сыңғырына куә болды.

Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектепте де соңғы қоңырау шарасы өтті.

Шараның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Одан кейін мектеп директоры Әлия Аяпова оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді. 2008-2009 оқу жылының мектеп үшін табысты өткендігін айтып, сол үрдістің жалғаса беруіне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар Әлия Сейітжанқызы түлектерге ұлттық бірыңғай тестілеуде жақсы көрсеткішке жетіп, әр кез биіктерден көріне берулерін тіледі.

«Алтын белгіден» үміткер Сағынжан Ожанов «Білім кілтін» 1-сынып оқушысы Толыбай Абылаевқа табыс етті. Ал соңғы қоңырауды мектеп түлегі Ерлан Нұрғалиев пен 1-сынып оқушысы Әсем Жақсылықова соқты.

Жалпы, №30 орта мектепте 1074 оқушы бар екен. Биылғы оқу жылында 11-сыныпты 58 оқушы бітіреді. Олардың екеуі (Сағынжан Ожанов пен Динара Мәлікова) –  «Алтын белгіден» үміткер.

Сұлтан КӘДІРБЕКҰЛЫ, 6 «б» сынып оқушысы:

– Менің сыныбымда 28 оқушы бар. Бәріміз де оқу жылын ойдағыдай аяқтадық. Енді үш ай демалыс. Бүгінгі түлектерге арналан соңғы қоңырау шарасының әсерінен болар, мен де біртүрлі мектепті қимай тұрмын… Үш ай тым көптеу сияқты. Демалысты тиімді өткізуге тырысамын.

Гүлсім КЕТЕБАЕВА, 8 «в» сынып оқушысы:

– Жыл өткен сайын мектебім ыстық боп бара жатыр. Себебі біздің де мектеп бітіруімізге санаулы-ақ жыл қалды. Келесі жылы негізгі жалпы білім туралы куәлік аламыз. Одан кейін ұлттық бірыңғай тестілеуге қызу дайындық басталады. Яғни жоғары сынып оқушылары үшін талап күшейеді. Сондықтан үш ай демалыста түрлі танымдық, әдеби кітаптарды оқып, білімімді жетілдіремін.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

***

Биылғы оқу жылын №39 Ақтөбе қазақ орта мектебінің ұжымы үлкен қуанышпен аяқтап отыр. Жақында облыс әкімі Елеусін Сағындықов мектепке «ПАЗ» маркалы автобус сыйлады.

– Енді біз пәндік олимпиадаларға, спорттық жарыстарға және басқа шараларға ешкімге жалынбай, өзіміздің автобусымызбен баратын болдық, – дейді мектеп директоры Дина Ахметова.

Соңғы қоңырау салтанатында осы жаңалық аса қуанышпен жеткізілді.

Мектеп ұжымының аяқталып отырған оқу жылында табыстары аз емес. Мәселен, Гүлнұр Айладырова, Әсел Андақұлова, Әсел Манеп, Мархабат Райымбаева, Мақсат Қадыров сынды оқушылар «Ерекше куәлікке» үміткер болып отыр. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының гранттарын жеңіп алған түлектер де бар. Ұстаздардың жетістіктері өз алдына. Мектеп директорының орынбасары Сәуле Есеналинаның ғылыми мақаласы халықаралық «Украина-Қазақстан» жинағына енді.

Соңғы қоңырауда шығып сөйлеген ата-аналар мектеп ұжымы мен оның директоры Дина Ахметоваға беріп жатқан сапалы білімдері үшін алғыстарын білдірді.

Бердібай КЕМАЛ.

***

Кеше №47 жеке пәндерді тереңдетіп оқытатын  арнаулы мектепте «Ұмытпа әсем сазын қоңыраудың» атты соңғы қоңырау кеші өтті.

Салтанатты шарада мектеп директоры Айсұлу Жақсыбаева құттықтау сөз сөйлеп, түлектердің алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден сәтті өтулеріне тілектестігін білдірді.

Биыл аталған білім ордасын 40 оқушы тәмәмдайды. Қазіргі таңда оқушылар ҰБТ-ға дайындық үстінде. Мұғалімдер биылғы ҰБТ-да оқушылардың жақсы көрсеткішке қол жеткізеріне сенімді. Мектептің бастауыш кластар бірлестігінің орынбасары Балзира Малаева оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі шаралардың жиі ұйымдастырылатынын айтты. Мәселен, биыл Мырзатай Өтегенов пен Гүлбақыт Төремұратова облыстық ғылыми-практикалық конференцияда бірінші, екінші орындарға қол жеткізген.

Сондай-ақ, жиында ата-аналар  ұстаздарға алғысын білдіріп,  балаларына сәттілік тіледі. Ал бастауыш сынып оқушылары жиналғандарға  ән-шашуларын тарту етті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

***

№38 Ақтөбе орта мектебіндегі соңғы қоңырауда мектеп бітірушілермен бірге олардың ата-аналары көп келді.

Мектеп директоры Б.Тілеубергенова мектеп бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі. Алда қорытынды сын тест сынағы тұрғанын, оны сәтті өтулеріне тілектестік білдірді.

Оқушылар ән салып, би билеп, өз өнерлерін көрсетті.

С.БИСЕНОВ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button