Экономика

Іскер қауымға таныстырылды

Өткен жұма күні  облыс орталығына жиналған бөлшек сауда компаниялары басшылары, шағын және орта бизнес иелері, кәсіпкерлер ішкі жұмыстары әлі біте қоймаған ірі сауда-ойын-сауық орталығымен танысты. «MEGA Ақтөбе» деп аталатын бұл кешенді ғимарат қала тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті демалыс орны – Абай атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында салынды. Қазіргі заманғы әсем үлгімен тұрғызылған бұл алып ғимарат саябақтың көрікті табиғатымен үндесіп, көне және жаңа қаланы жалғайды. Жаңа сауда ойын-сауық орталығының қызметімен танысқан бөлшек сауда мекемелері басшыларын, кәсіпкерлерді, қонақтарды облыс әкімі Елеусін Сағындықов құттықтады.

– Бүгін де Ақтөбе үшін тәуір күн болып отыр, – деді әкім, – «МЕGА Аktobe» сауда-ойын-сауық  орталығы – аса маңызды әлеуметтік-мәдени нысан. Сондай ірі нысанның біздің қаламыздан салынып жатқанына біз аса қуаныштымыз. Аймақта экономиканың, әлеуметтік саланың дамуымен байланысты біз тұрғындарға қызмет көрсетудің аясын кеңейтуді көздейміз. Тамыз айының ішінде облысқа Елбасы келеді деп күтілуде. Мемлекет басшысы аймақта Жол картасының орындалу барысымен танысады. Әдеттегідей, бұл жолы біз Мемлекет басшысының осы нысанның ашылуына  қатысуын да қалаймыз.

Біздің аймақ инвистиция салуға қолайлы екенін көрсетті. Бес жылдың ішінде қала халқы 43 пайызға артты. 2015 жылы қалаға және 150 мың тұрғын қосылады деп күтілуде. Биылғы жылдың төрт айын табысты қорытындыладық.

Облыстың бірінші басшысының осы салтанатта атап көрсеткеніндей, экономикасы үздіксіз дамып, әлеуметтік салалары жақсы қалыптасып отырған аймақ, қала үшін халыққа қызмет көрсететін мұндай орындар қанша болса да артықтық етпейді. Дамыған аймақтың талабы осыны қалайды.

Әрине, бұл ғимараттың ішінде негізінен біздің бөлшек саудамен, қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлеріміз жұмыс істейтін болады. Олар қазірдің өзінде мұндағы орындарды иеленіп қойған. Осының өзі-ақ біздің қаламызда сауда-сатық, басқа да қызмет көрсету ісінің қаншалықты дамығанын көрсетсе керек.

Осыдан бір жарым жыл ғана бұрын басталған құрылыстың жұмысы тым ыждағатты жүрді. Қазіргі таңда алып ғимараттың құрылыс жұмысының 85 пайызы біткен. Құрылысшылар жұмысты аяқтап келеді. Орталықтың жалпы көлемі 45 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда тек сәнді киім-кешек сататын 75  бөлшек болады. Бұған қоса 7 кинотеатр, мейрамхана, мұз айдыны, балалардың ойын орталығы, тұрмыстық техника, жабдықтар сататын орындар орналасады. Басқа да қызмет көрсететін бөлімдер болады.

Ғимаратты тамашалауға келген қонақтар, кәсіпкерлер орталықтың әр қабатын аралып, орталықтың осындай артықшылықтарын көрді. Олармен бірге «Astana Group» компаниясының президенті Нұрлан Сұмағұлов, қала әкімдігінің басшылары жүрді.

Бұл жобаның облыс, қала әкімдігі тарапынан үлкен қолдау тапқанын айта кету керек. Сауда-ойын-сауық ғимаратының қаланың коммуникация желісіне уақытында қосылу мәселелерін кідіртпей шешті. Жаңа құрлыстың жоспарын бекіткен кезде  оның Мәмбетова және Заречный көшелерімен жалғасатын жаңа жолдарға ыңғайласуын қарастырды.

Ақтөбе қаласы өзінің 140 жылдық мерейтойы қарсаңында бұрынғыдан да сәулеттене түседі. Ол Қазақстанның батыс аймағындағы ең сәнді қалаға айналды. Жаңа ғимарат – осы мақсаттағы салынған сәулетті ғимараттың бірі. Егер ақиқатына келсек, мұндай алып құрылыстар барлық жерде бірдей салынып жатқан жоқ. Ақтөбе – «МЕGА» сауда-ойын-сауық орталығы орнаған Қазақстандағы төртінші қала. Мұндай орталық елордамыз Астанада, республикамыздың қаржы орталығы Алматыда және Оңтүстік Қазақстандағы ірі қала Шымкенте ғана салынған.

Орталық ең қолайлы жерден қоныс тепті. Мұнда қала қонақтары жиі келеді. Түрлі той-салтанаттар өткізуге де ыңғайлы. Жалпы, бұл сауда-ойын-сауық орталығына келушілер өте көп болады деп есептелуде. Оның жобасы француз компанияларының үлгісінде жасақталған. Демек, әлемдік деңгейдегі қызмет үлгісін көрсететін бірегей орын болмақ. Бұл жүйенің құрылысын және оның қызметін ел ішінде дамытумен отандық ірі инвесторлардың бірі «Astana Group» компаниясы шұғылданады.

Аманқос

ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button