Спорт

Футбол

Кездесулер кестесі (Ойындар Ақтөбе уақытымен 21.00 және 23.45 сағатта басталады)

Топтық кезең

8 маусым, жұма. 21.00. Варшава.

Польша — Грекия

8 маусым, жұма. 23.45. Вроцлав.

Ресей — Чехия

9 маусым, сенбі. 21.00. Харьков.

Голландия — Дания

9 маусым, сенбі. 23.45. Львов.

Германия — Португалия

10 маусым, жексенбі. 21.00. Гданьск.

Испания — Италия

10 маусым, жексенбі. 23.45. Познань.

Ирландия — Хорватия

11 маусым, дүйсенбі. 21.00. Донецк.

Франция — Англия

11 маусым, дүйсенбі. 23.45. Киев.

Украина — Швеция

12 маусым, сейсенбі. 21.00. Вроцлав.

Грекия — Чехия

12 маусым, сейсенбі. 23.45. Варшава.

Польша — Ресей.

13 маусым, сәрсенбі. 21.00. Львов.

Дания — Португалия

13 маусым, сәрсенбі. 23.45. Харьков.

Голландия — Германия

14 маусым бейсенбі. 21.00. Познань.

Италия — Хорватия

14 маусым, бейсенбі. 23.45. Гданьск.

Испания — Ирландия

15 маусым, жұма. 21.00. Киев.

Швеция — Англия

15 маусым, жұма. 23.45. Донецк.

Украина — Франция

16 маусым, сенбі. 23.45. Вроцлав.

Чехия — Польша

16 маусым, сенбі. 23.45. Варшава.

Грекия — Ресей

17 маусым жексенбі. 23.45. Харьков.

Португалия — Голландия

17 маусым, жексенбі. 23.45. Львов.

Дания — Германия

18 маусым, дүйсенбі. 23.45. Гданьск.

Хорватия — Испания

18 маусым дүйсенбі. 23.45. Познань.

Италия — Ирландия

19 маусым, сейсенбі. 23.45. Донецк.

Англия — Украина

19 маусым, сейсенбі. 23.45. Киев.

Швеция — Франция

Ширек финал

21 маусым, бейсенбі. 23.45. Варшава. №1.

«А» тобындағы 1-орын — «В» тобындағы 2-орын

22 маусым, жұма. 23.45. Гданьск. №2.

«В» тобындағы 1-орын — «А» тобындағы 2-орын

23 маусым, сенбі. 23.45. Донецк. №3.

«С» тобындағы 1-орын — «Д» тобындағы 2-орын

24 маусым, жексенбі. 23.45. Киев. №4.

«Д» тобындағы 1-орын — «С» тобындағы 2-орын

Жартылай финал

27 маусым, сәрсенбі. 23.45. Донецк.

№1 топ жеңімпазы — №3 топ жеңімпазы

28 маусым, бейсенбі. 23.45. Варшава.

№2 топ жеңімпаз — №4 топ жеңімпазы 

Финал

1 шілде, жексенбі. 23.45. Киев.

1х3 жұп жеңімпазы — 2х4 жұп жеңімпазы.

Төрт топтың түзілімі

«А» тобы

Польша

Грекия

Ресей

Чехия

«В» тобы

Голландия

Дания

Германия

Португалия

«С» тобы

Испания

Италия

Ирландия

Хорватия

«Д» тобы

Украина

Швеция

Франция

Англия

Чемпиондар

1960 жыл. КСРО

1964 жыл. Испания

1968 жыл. Италия

1972 жыл. Германия

1976 жыл. Чехословакия

1980 жыл. Германия

1984 жыл. Франция

1988 жыл. Голландия

1992 жыл. Дания

1996 жыл. Германия

2000 жыл. Франция

2004 жыл. Грекия

2008 жыл. Испания

Он төртінші дода: Бақ шаба ма, бап шаба ма?..

8 маусым күні көптен күткен чемпионаттың финалдық кезеңі басталады. Еуропадағы ең мықты ұлттық құрамалар төрт жылда бір келетін ұлы додада бақ сынайды.

Әрине, мұндайда алдын ала болжам айту аса бедел әперерлік шаруа емес. 2004 жылы Грекияның Еуропа чемпионы атануы немесе 2002 жылы Түркияның Әлем чемпионатында үшінші орын алуы көріпкелдердің ырқынан тыс болған табыстар еді.

Дегенмен футболдың майын ішкен мамандар мен көріпкелше сөйлейтін білгірлердің болжамдарын тіпті ескерусіз қалдыруға да болмайды. Біраз тұста қателесетінімізді алдын ала біліп отырсақ та, сол болжамдардың басын қосуға тырыстық.

«А» тобы

Польша

Заманында Польшаның ұлттық құрамасы құрлықтың мен деген мықтыларымен жағаласқан мығым команда болды.

Әлем чемпионатының ақтық сайысына 7 рет қатысып, 1974 және 1982 жылдары үшінші орын алды.

Рас, Еуропа чемпионатында бағы жана қойған жоқ. Бұл доданың финалдық сайысына олар бір-ақ рет, 2008 жылы қатысты, бірақ топтық кезеңдегі ойындармен қанағаттануға мәжбүр болды.

Биылғы додада бұл құрамаға «жақтасатын» екі фактор бар.

Біріншіден, ойын өз елінің алаңында өтетіндіктен, жанкүйерлердің қолдауынан тапшылық көрмейді. Екіншіден, қалай болғанда да, жеребе бұларға оң көзбен қарап, өзі шамалас командаларды бұйыртты.

Міне, поляктардың «көзірі» — осы. Әйтпесе бұл құрамадан тап қазір ешкім аса шебер ойын күтіп отырған жоқ. Сол себепті мамандар поляктардың ширек финалға жетіп жығылуының өзі аз табыс емес екендігі туралы болжам айтып жүр.

Қазір ФИФА рейтингісі бойынша Польша құрамасы 65-орында тұр.

Грекия

Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне екі рет, 1994, 2010 жылдары қатысқан гректерге доданың ортасында жүру ерекше оқиға емес.

Бұған бұл құраманың Еуропа чемпионатының ақтық бәсекесіне 3 рет қатысып, 2004 жылы чемпион болғанын қосыңыз.

Сол 2004 жылғы чемпионатта топтық кезеңде Португалияны, ширек финалда Францияны, жартылай финалда Чехияны, финалда тағы да Португалияны жеңген гректердің бүкіл ойынын жеңілгендердің барлығы да, олардың жанкүйерлері де, тіпті ФИФА президенті Йозеф Блаттердің өзі де «тек қорғанысқа негізделген сүреңсіз ойын» деп жақтырыңқырамай бағалағанын ұмыта қойғанымыз жоқ.

Білгіштер биыл да гректердің сүреңсіз ойнайтынын болжап, не шабуылшыларының жарқылдаған жетістіктері жоқ, не қақпаны қалтырататын әйгілі сұрмергені жоқ бұл құрама топтық кезеңнен аса алмайтыны жөнінде кесім айтып жатыр. Бірақ 2004 жылы да Грекия құрамасы туралы осы шамада пікір айтқан болатынбыз…

Қалай болғанда да, ФИФА рейтингісіндегі гректердің қазіргі көрсеткіші — 14-орын.

Ресей

Әлем чемпионатының финалдық бәсекесіне КСРО ыдырағаннан кейінгі Ресей екі рет қатысты. Жүлделі орындарға жете алмады.

Еуропа чемпионатының ақтық сынына үш рет қатысқандағы жалғыз табысы — 2008 жылы Түркиямен бірге 3-4 орынды бөліскендігі (1984 жылдан бері бұл чемпионатта үшінші орын үшін ойын өткізілмейтін болды, жартылай финалда жеңгендер ғана бірінші орын үшін таласады). Сол жолы ресейліктер ширек финалда Голландия құрамасын ұтып (3:1), жартылай финалда Испанияға (0:3) жол берген еді. (Испания сол жылы чемпион болды).

Енді мына додаға Дик Адвокат әзірлеп жатқан бұл құрамада да қарсыластарының қорғаушыларын шыр айналдырып жіберерліктей өте шебер шабуылшы жоқ деуге де болады. Дегенмен әуелі тәжірибе, сосын өзара түсіністік көмектесуге тиіс.

Бұл чемпионаттың ақтық сынындағы топтық кезеңде қандай құрамалармен ойнайтыны анық болған кезде ресейлік футболшылар бөріктерін аспанға атты. Сондықтан да бұлардың ширек финалға өз тобында бірінші орын иелену арқылы шығатындықтарына сенімдері молдау.

ФИФА рейтингісінде ресейліктер соңғы екі ай бойы 11-орында тұр.

Чехия

Чехтар әлем чемпионатының ақтық додасына бір-ақ рет, 2006 жылы қатысты. Топтық кезеңнен әрі аса алған жоқ.

Ал 1996 жылдан бері төрт рет қатысқан Еуропа чемпионатындағы табысты шағы — сол 1996 жыл, 2-орын.

Сол 1996 жылғы доданың финалында Германиямен тоқайласқан чехтар негізгі уақытты 1:1 есебімен тең аяқтап, қосымша уақытта ғана, 95-минутта Оливер Бирхоффқа гол соққызып алды. Рас, чехтар неміс шабуылшысының допты офсайдтан соққанын жарыса айтып, дау шығарды. Бірақ итальяндық төреші Пьерлуиджи Пайретто, әрине, шешімін өзгерткен жоқ.

Ал биыл чехтар үшін екінші орын тіпті жақындатпас арман болып қалатын сияқты. Себебі іріктеу кезеңіндегі ойындарда бұл құрама еш сүйсінерлік шеберлік көрсете алмады. Ол аз десеңіз, бұл финалдық турнирге жолдаманы ең аз ұпай жинаған сегіз командаға арналған қосымша кездесулерден соң, өзімен шамалас Черногория құрамасын жеңу арқылы әзер қолға түсірді. Міне, осындай жағдайларды сараптай келгенде, болжамшылардың Чехия құрамасының топтық кезеңнен әрі өте алмайтындығы жөніндегі пікірлеріне құлақ аспауға болмайтын да сияқты.

Чехтардың қазіргі көрсеткіші — ФИФА рейтингісіндегі 26-орын.

«В» тобы

Голландия

Бұл елдің құрамасы Әлем чемпионатының ақырғы додасына тоғыз рет қатысып, үш рет (1974, 1978, 2010) финалға шығып, үшеуінде де жеңіліске ұшырап, күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Ал Еуропа чемпионатының ақтық сынына сегіз рет қатысты да, 1988 жылы финалда КСРО құрамасын 2:0 есебімен жеңіп (Гуллит, Ван Бастен) чемпион атанды.

Бұл құраманың биылғы «соры» — «жанкештілер тобына» («группа смерти») кіріп кеткені. Тап қазіргі шақта Германия мен Дания футболшылары голландықтарға қарағанда тым тамаша ойын өрнегін көрсетіп жүр. Бұған жасыл алаңда қозғалу техникасын шебер меңгерген португалдықтарды қосатын болсақ, Голландия құрамасының топтық кезеңнен әрі ұзауы тым неғайбылдау көрінеді.

Дегенмен Голландия құрамасы қазір ФИФА рейтингісінде 4-орынды иеленіп тұр.

Дания

Әлем чемпионатының ақтық кезеңіне бұл ел құрамасы үш рет қатысып, 1998 жылы ширек финалға жетіп жығылды.

Оның есесіне Еуропа чемпионатында үлессіз қалған жоқ. 1984 жылы жартылай финалда Испания құрамасымен негізгі, қосымша уақыттарда тең ойнап (1:1), пенальти бойынша жеңіліп (4:5) қалды да, 1992 жылы финалда Германияны талассыз жеңіп (2:0) чемпион атанды.

Дания құрамасы биыл сол табысын қайталайтындығын сеніммен айту қиын. Бірақ, мамандардың болжамынша, жартылай финалға ентікпей жететін сияқты. Өйткені бұлардың соңғы ойындарындағы нәтижелі көрсеткіштер, оған қоса мығым қорғаныс (іріктеу кезеңіндегі ойындарда қақпасына алты доп қана енгізіп алды), құрама сапында Еуропадағы ең талантты футболшылардың бірі, «Аякстың» шабуылға бейімделген жартылай қорғаушысы Кристиан Эриксонның болуы осындай болжам жасауға негіз жасап отыр.

10-орын — Данияның ФИФА рейтингісінідегі қазіргі көрсеткіші.

Германия

Бұл құраманы таныстырудың өзі артықтау шаруа.

Әлемнің үш дүркін чемпионы (1958, 1974, 1990). Төрт дүркін вице-чемпион — 1966, 1982, 1986, 2002. Үшінші орыннан және төрт рет көрінді — 1934, 1970, 2006, 2010.

Еуропа чемпионаттарында да талай жарқылдады. 1972, 1980, 1996 жылдары жеңімпаз атанса, 1976, 1992, 2008 жылдары екінші орынды еншіледі.

Міне, осындай әйгілі құрама қалайша сыбағасыз қалмақ. Оның үстіне бас бапкер Йоахим Лев қазір нағыз команданы қалыптастырып қойды: мінсіз механизм, үздік техника, қуатты комбинация, ұйымдасқан ұжым.

Осындай себептерге байланысты биылғы алтын медальдың Германияға жол тартатындығын сеніммен айтатындар қарамы өте мол.

Бұндай пікірлерді Германияның ФИФА рейтингісінде 2-орында тұру фактісі де қоштай түседі.

Португалия

Бір жағынан қарағанда, Португалия құрамасының осы кезге дейін не әлемдік додада, не еуропалық бәсекеде чемпион атанбауы обал да сияқты.

Рас, Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне бес рет қатысты, 1966 жылы қола жүлде алды, 2006 жылы төртінші орыннан көрінді.

Рас, Еуропа чемпионатының ақтық сынына да бес рет қатысып, 2004 жылы екінші орын алса, 1984, 2000 жылдары жартылай финалға дейін жетті.

Бірақ басты шыңға шыға алмай-ақ қойды.

Білгірлер бұл құраманың биыл да ерекше көзге түсетіндігіне күмәнмен қарап отыр. Іріктеу кезеңіндегі ойындарда бұлар Данияны алға жіберіп алып, екінші орында қалып қойды да, мына финалдық кезеңге қосымша кездесулер арқылы ғана шықты. Сол Даниямен, міне, тағы да бір топқа түсіп отыр. Бір деп қойыңыз. Екіншіден, бұл команданың қорғанысы тым әлсіз. Мысалы, Кипр, Исландия, Норвегия, әрине, Дания сияқты елдердің құрамаларымен кездесулерде қақпасына 12 доп кіргізіп алуы іш жиғызатын факт.

Сол себепті де Португалия құрамасы бұл жолы топтық кезеңнен де аса алмайтын шығар деген байламға қосылмасқа амал кем.

Бірақ Португалияның қазір ФИФА рейтингісіндегі көрсеткіші тым төмен емес — 5-орын.

«С» тобы

Испания

Бұл елдің құрамасы Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 13 рет қатысқанымен, тек бір рет, 2010 жылы чемпион болды.

Ал сегіз рет қатысқан Еуропа чемпионатының ақтық сынында екі рет, 1964 және 2008 жылдары топ жарды да, 1984 жылы финалда Франциядан 0:2 есебімен жеңіліп (Платини, Беллон), екінші орын алды.

Өткен чемпионаттың жеңімпазы биыл да сол жетістігін қайталауға әбден лайық. Шабуылды негізгі құрал ретінде ұстанатын бұл құрамада әлемдегі ең мықты үштік, бір-бірін тамаша түсінетін үш жартылай қорғаушы бар: Иньеста, Хави және Сеск.

Егер футболшылары жарақаттан аман болса, Испанияның шашасын шаң шалуы қиын. Соңғы жылдары бұлар ғажап ойын өрнектерін көрсетіп жүргені де белгілі. Испания құрамасының жолын, өздеріне тән кемшіліктері, қорғаныстағы тұрақсыздық пен негізгі уақыттан кейінгі пенальти соғудағы сәтсіздіктер кеспесе, бұлар жартылай финал түгілі финалдық жекпе-жекке жетуі мүмкін.

Испанияның ФИФА рейтингісінде қазір 1-орында тұруы — осының бір дәлелі.

Италия

Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 17 рет қатысқан Италия төрт рет ең биік тұғырға шықты — 1934, 1938, 1982, 2006 жылдар. 1970 және 1994 жылдары екінші орын алды.

Ал Еуропа чемпионатының ақтық бәсекесіне жеті рет қатысып, бір рет, 1968 жылы чемпион болды. Одан соң 2000 жылы финалда Франциядан негізгі уақыттан соңғы қосымша таймда 1:2 есебімен жеңіліп, бармақ тістеп қалды.

Қорғанысқа мықты көңіл бөлетіндігімен ерекшеленетін итальяндар топтық кезеңнен шығатындығына дау жоқ секілді. Бірақ шабуылшыларының ескі ауыр жарақаттары сыр бермей қоймайтынын ескерсек, ширек финалдағы ойынмен шектелуі мүмкін.

Италияның ФИФА рейтингісінде алғашқы ондыққа ілікпеуі де (14-орын) негізсіз емес.

Ирландия

Ирландия құрамасы Әлем чемпионатының ақтық додасына үш рет қатысты.

Ал Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне бір-ақ рет қатысқандағы көрсеткіші — бір ұтыс, бір жеңіліс, бір тең ойын.

Ирландиялық жігіттердің ынталы жігерлеріне, стандартты сәттерді тиімді пайдалана білетіндігіне, өжеттігіне, жалпы жауынгерлік рухтары мықтылығына дау жоқ. Бірақ ойын техникасына келгенде бұлар тым әлсіз.

Сол себептен де топтық кезеңнен әрі аса алмайтын шығар.

Ираландияның ФИФА рейтингісіндегі көрсеткіші — 18-орын.

Хорватия

Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне үш рет қатысқан хорваттар 1998 жылы қола жүлдеге қол жеткізді.

Еуропа чемпионатының ақтық додасына да үш рет қатысты. Бірақ екеуінде де, 1996 және 2008 жылдары төртінші орынмен қанағаттанды.

Бұл ақтық сайысқа іріктеу кезеңіндегі негізгі ойындардан соңғы қосымша кездесулер арқылы қол жеткізгенімен, хорваттарды әлсіздер сапына қосу қиын. Дегенмен жарау аттардай тебініп Испания мен Италия тұрғанда Хорватияның ширек финалға шығу мүмкіндігі жоққа тән екендігін сезінбеске де болмайды.

Дегенмен Хорватия қазір ФИФА рейтингісінде 8-орында тұр.

«Д» тобы

Украина

Украиндар Әлем чемпионатының ақтық додасына бір рет, 2006 жылы қатысты да, ширек финалға жетті.

Ал тұңғыш қатысқалы отырған Еуропа додасына биыл алаң қожайыны есебінде қатысу хұқын алдын ала алғаны мәлім.

Әрине, өз алаңыңда ойнағанға не жетсін?! Ең болмағанда, соншама мол жанкүйерлер дем беріп отырады. Бірақ дәл өзі секілді Польша құрамасына қарағанда украиндардың келесі айналымға шығу мүмкіндігі жоққа тән. Англия мен Франция бұларға дес бере қоюы қиын. Оған қоса Златан Ибрагимович бастаған шведтер де оңай шаға қоятын жаңғақ емес.

Міне, осындай жағдайларды сараптай келгенде Украина құрамасының топтық кезеңнен аса алмайтыны көрініп-ақ тұрған сияқты.

Осы ақтық сынға қатысушылардың ішінде Польша секілді рейтингі төменгісі де Украина құрамасы — 50-орын.

Швеция

Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне тоғыз рет қатысқан Швецияның басты жетістіктері — 1958 жылғы екінші орын, 1950, 1994 жылдарғы үшінші орын.

Ал Еуропа чемпионатының ақтық сынына төрт рет қатысқан болатын. Бір рет жартылай финалға (1992), бір рет ширек финалға (2004) шықты да, 2000, 2008 жылдары топтық кезеңнен аса алмады.

Ал биыл шведтердің топтық кезеңнен әрі асу мүмкіндігі бар екендігіне дау жоқ. Бірақ сол мүмкіндік ширек финалмен тұйықталатын да сияқты. Өйткені бастапқы қиын кездесулер бұлардың күшін барынша сарқып алатыны анық.

ФИФА рейтингісі бойынша Швеция 17-орында тұр.

Франция

Өткен шағымен лайықты мақтана алатындардың бірі — Франция құрамасы.

13 рет қатысқан Әлем чемпионатының финалдық кезеңдеріндегі жетістіктері: 1998 жылғы чемпиондық тұғыр; 2006 жылғы екінші орын; 1958 және 1986 жылдарғы үшінші орын.

Еуропа чемпионатының ақтық додаларына жеті рет қатысып, екі рет жеңімпаз болды — 1984 және 2000 жылдар.

Бірақ дәл қазір француз футболшыларының бұрынғы өзгеше ойын өрнегі жоғалып кеткені де әбден мәлім. Егер Франция құрамасы ертеңгі сында табысты ойнаса, бұл заңдылық ретінде емес, кездейсоқтық ретінде бағалануы да ғажап емес.

Осындай себептерге байланысты көптеген мамандар француздардың топтық кезеңнен аса алмайтынын айтуға құмар болып отыр.

ФИФА да рейтингіні түзгенде Францияға мырзалық танытпай жүр — 16-орын.

Англия

Ағылшын футболшылары Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 13 рет қатысып, бір рет, 1966 жылы чемпион болды.

Ал Еуропа чемпионатының ақтық додаларына жеті рет қатысқандағы екі ірі табысы: 1968 жылы КСРО құрамасын 2:0 есебімен жеңіп чемпион болғандығы және 1996 жылы жартылай финалға жеткені.

Соңғы кездері ағылшын құрамасы тәп-тәуір шеберліктер көрсетіп, тұрақтылық танытып келеді. Ерен жүйрік футболшылары да баршылық.

Міне, осыларды есепке алғанда Англия құрамасы жартылай финалға шығатын төрт команданың бірі болатындығы жөніндегі болжамға құлақ түрген жөн секілді.

ФИФА рейтингісіндегі 7-орын — Англияның қазіргі көрсеткіші.

 

Төрт рет қайталанған есептің бірі: «Ақтөбе» – «Атырау» — 1:0

 

Премьер-лига командаларының 20 мамырда өткен кездесулері гол ең аз соғылған турлардың қатарын толықтырды. Рас, тең есеп нәтижесі тіркелмегендіктен, бұл турды мәмілесіз ойындар тізіміне енгіземіз. Бірақ «Шахтерден» басқа алты команданың барлығы да тек бір гол басымдылығымен ғана ұтқанын ескерсек, талассыз жеңістер туралы түйін айту да қиындай түсетін сияқты.

Енді ретімен баяндайық.

«Ақтөбе» бұл 11-турда өз алаңында «Атырауды» қабылдады.

Әрине, бұған дейін ақтөбеліктер өз алаңында атыраулықтарға дес бере қоймағаны мәлім. Дегенмен өкшелес келе жатқан клубтың да бір бармағы бүгулі болатыны және белгілі.

Бірінші тайм туралы дәмді сөздер айту қиын, Рас, алаң иелері екенін жерлестеріміз үнемі еске салумен болды, теңбіл допты олай да, бұлай да ойнақшытты, әрқилы шабуылдар бастауға тырысып бақты, бірақ елең еткізерліктей ештеңе өндіре алмады. Сүреңсіздеу қимылдар, алдашап жүгірістер тайм соңына таман жанкүйерлерді де жалықтыра бастағандай болды.

15 минуттық үзілістен соң алаңға басқа «Ақтөбе» шыққандай болды. Алғашқы минуттарда басталған шабуыл ойын соңына дейін толастаған жоқ. Әрине, екінші таймның басында тыңнан қосылған шабуылшылар Брана Илич пен Сергей Лисенков қосымша күш қосты. Дегенмен кездесу барысында Дарко Малетич ерекше көзге түсті. Осы Малетич бүйірден тастаған әдемі  пасты Марат Хайруллин баспен соғып, 56-минутта есеп ашты. Кездесуде соғылған гол осымен аяқталды. Бірақ ақтөбеліктердің ойынды ірі есеп нәтижесімен түйіп тастауы да мүмкін еді. Мысалы, Илич «Атырау» қақпашысымен жекпе-жек келген сәт болды, әйтпесе Лисенков бос қалған қақпаны дәл көздей алмады. Бұл ойында атыраулық қақпашы, бұрынғы ақтөбелік Бойченконың шеберлігін мойындауға тура келеді. Марат соққан голды ұстап қала алмағаны болмаса ол басқа эпизодтарда өте сенімді қимылдады.

Текетіреспен өткен ойын барысында ескертулер де аз болмады. Төрешінің «сары қағазы» біздің үш ойыншыға көрсетілсе (Зоран Костич, 40-минут; Владимир Вукайлович, 69-минут; Виталий Евстигнеев, 90 минут), атыраулықтар төрт ескерту алды.

Сөйтіп «Ақтөбе» биыл Орталық стадиондағы алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, 9 мың жанкүйерді риза етті.

«Ақтөбе» – «Атырау» — 1:0.

Бұл кездесуде «Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Петр Бадло, Зоран Костич (Брана Илич, 46-минут), Самат Смақов (капитан), Лукас Байер, Марат Хайруллин, Владимир Вукайлович (Виталий Евстигнеев, 76-минут), Юрий Логвиненко, Арунас Климавичус, Дарко Малетич, Исламбек Қуат (Сергей Лисенков, 46-минут).

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

  • Соңғы екі ойында да жеңіске жеткен қызылордалықтар бұл турда «Астананы» қабылдаған болатын. «Қайсар» бұл кездесуде де қарсыластарымен шамалас дәрежеде ойын өрнегін көрсеткенімен, 79-минутта қорғаушы Виктор Дмитриенконың биылғы чемпионатта соққан алғашқы голы астаналықтарды ілгері шығарып жіберді.

«Қайсар»-«Астана» — 0:1.

  • Талдықорғанға келген «Оқжетпес» екінші таймның соңында негізгі 90 минутқа қосылатын әдеттегі қосымша уақытқа дейін қақпасын аман сақтап келген болатын. Міне, осындай соңғы сәтте Горан Марич көкшетаулықтарды оқыс қапы қалдырды. «Жетісудың» кездесу бойғы дамылсыз шабуылы осылайша ақталды.

«Жетісу»-«Оқжетпес» — 1:0.

  • Алғашқы үштікке иек артып тұрған тараздықтар «Тобылды» тоқтатты. 52-минутта Иван Перич соққан голға жауап қайтара алмаған қостанайлықтар биыл сырт алаңда жеңіске жете алмай келе жатқан әлсіздігін тағы бір мойындады.

«Тараз»-«Тобыл» — 1:0.

  • Көшбасшылардың тағы бірі өз алаңында сақалды қолдан берді. Оралда 60-минутта есеп ашып, ойынды табысты аяқтауға жақын қалған «Ақжайықтың» қақпасына «Қайрат» футболшылары 84,85-минуттарда жүдемелете екі гол соғып, Алматыға үш ұпай олжалап аттанды.

«Ақжайық»-«Қайрат» — 1:2.

  • «Сұңқар» да өз алаңында ұтылып қалды. Дегенмен ойын кестесінде екінші орында келе жатқан «Шахтер» футболшыларының ащы тері мықтап төгілді. Андрей Финонченко 87-минутта ғана гол соқса, Жамбыл Көкеев бұл есепті 90-минутта он бір метрлік айып добының көмегімен еселеді.

«Сұңқар»-«Шахтер» — 0:2.

  • «Ордабасы» өз алаңында жанкүйерлеріне тек жеңіс сыйлауды тағы да жалғастырды. 16-минутта қонақтардың шабуылшысы Ұлықбек Бақаев есеп ашқанымен, 25,53-минуттарда Эндрю Мвесигва екі гол соғып, шымкенттік жанкүйерлердің ризашылығына бөленді.

«Ордабасы»-«Ертіс» — 2:1.

11-турдың ерекшеліктері.

Біріншіден, бұл турда 12 гол соғылды, 1:0 есебі төрт рет, ал 2:1 есебі екі рет қайталанды, тең есеппен аяқталған кездесу болған жоқ.

Екіншіден, чемпионат басталғалы осымен үшінші турда (5,9,11-турлар) ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ, сондай-ақ осымен үшінші турда (1,2,11-турлар) тең ойын нәтижесі тіркелмеді.

Үшіншіден, бұл турда бір футболшы бір кездесуде екі гол соқты (Эндрю Мвесигва, «Ордабасы»), бір футболшы ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін жасыл алаңнан қуылды (Анатолий Богданов, «Тобыл»).

Төртіншіден, «Тараз» өз алаңындағы бес ойынның барлығында да жеңіске жетті. «Ордабасы» да Шымкенттегі төрт ойынын түгелдей ұтыспен өткізді.

Бесіншіден,  «Ақжайық» өз алаңында алғаш рет осы турда жеңілуге мәжбүр болды. Әзірге өз алаңында ұтылмай келе жатқан командалар — «Тобыл», «Тараз» «Ордабасы», «Шахтер».

Алтыншыдан, бұл турдағы үш кездесуде жеңіс голдары 85, 87, 90-минуттарда соғылды.

Жетіншіден, алты тур бойы алтыншы орында келе жатқан «Ордабасы» жоғары көтерілді, төртінші орынға шықты.

Сегізіншіден, «Оқжетпес» оныншы рет ұтылды.

Тоғызыншыдан, бұған дейін қатарынан бес рет ұтылған «Жетісу» жеңіске жетсе, бұл кездесуге дейін қатарынан сегіз тур бойы ұтылыссыз ойнап келе жатқан «Тобыл» жеңілуге мәжбүр болды.

 Ойын кестесі

Командалар           О         Ұ         Т         Ж        Д         Ұп

1  «Тобыл»              11       7          2          2          20-11  23

2  «Шахтер»            11       7          1         3          19-8    22

3   «Тараз»               11       7          1         3          12-10  22

4   «Ордабасы»      10       5          4         1          15-8    19

5   «Ақжайық»         11       6          1         4          18-13  19

6   «Ертіс»                11       5          3         3          20-12  18

7   «Ақтөбе»           11       5          2         4          14-8    17

8   «Қайрат»            11       4          3         4          12-14  15

9   «Астана»            10       4          2         4          11-13  14

10  «Атырау»          11       3          3         5          9-12    12

11 «Сұңқар»                       11       2          5         4          4-10    11

12 «Қайсар»                        11       3          1         7          9-16    10

13 «Жетісу»             11       3          0         8          13-23  9

14 «Оқжетпес»       11       1          0         10       8-26    3

 (О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай).

 Сұрмергендер:

Бауыржан Жолшиев («Тобыл») — 7 доп.

Эдин Юнузович («Жетісу») — 5 доп.

Мирослав Лечич («Тараз») — 5 доп.

Давид Чегашвили («Оқжетпес») — 5 доп.

Игорь Зенкович («Ақжайық») — 5 (екеуі — он бір метрлік айып добы).

Йосип Кнежевич («Қайрат») — 5 (2).

Бес футболшы 4 доптан, он футболшы 3 доптан соқты.

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Брана Илич — 3 доп;

Марат Хайруллин — 3 (екеуі  — он бір метрлік айып добы);

Сергей Лисенков — 2;

Лукас Байер — 1;

Арунас Климавичус — 1;

Дарко Малетич — 1;

Петр Бадло — 1;

Самат Смақов — 1;

Зоран Костич — 1.

27 мамырда, жексенбі күнгі ойынын «Ақтөбе» Астанада өткізеді.

Өткен жылғы кездесулерде «Астанамен» өз алаңымызда екі рет тең ойнап (0:0, 1:1), елордадан екі рет жеңіліп (0:1, 2:3) оралғанбыз. Ал қазір жаңа бапкер келгеннен бергі үш ойынды да астаналықтардың ұтылыссыз өткізіп келе жатқанын ұмытпағанымыз жөн.

Қалған кездесулер:

«Шахтер» — «Қайрат»;

«Ертіс» — «Ақжайық»;

«Тобыл» — «Ордабасы»;

«Оқжетпес» — «Тараз»;

«Атырау» — «Жетісу»;

«Сұңқар» — «Қайсар».

P.S. Бұған дейін де басқа клубтардың мәселелерін «май шаммен» қарап келе жатқан Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік бақылау комитеті жақында «Ақтөбе» клубына қатысты да қатаң шешімдер қабылдады.

«Ақтөбе» футбол клубына 9-турда Орталық стадионда өткен ойын барысында жанкүйерлердің бір тобы «Тобыл» командасының ресми өкілдеріне қатты заттар лақтырғаны үшін 500 мың теңге, оған қоса чемпионат ойындары кезінде жанкүйерлер үнемі қоғамдық тәртіп бұзып келе жатқаны үшін 300 мың теңге, сонда барлығы 800 мың теңге айыппұл салынды.

Бұл соңғы ескерту екендігі, алда мұндай жағдайлар қайталанатын болса, жерлестеріміздің Ақтөбе стадионындағы ойыны жанкүйерсіз өткізілетіні қадап айтылды.

 Айқара бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button