Экономика

Банкирлер кәсіпорынға келді

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

«Ақтөбе металл құрастыру зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі күні Батыс Қазақстан өңіріндегі құрылыс индустриясы үшін әр түрлі типтегі металл құрылымдарын шығаратын, заман ағымына сай үздіксіз даму үстіндегі кәсіпорындардың бірі болып отыр. Осыдан тура қырық жыл бұрын тәжірибелік-эксперименталды жөндеу-механикалық зауыты ретінде өз жұмысын бастаған бұл өндіріс орны тоқырау кезеңдерін де бастан өткерді. 2003 жылдан бастап жаңа құрылымдық негізде жұмысқа кіріскен кәсіпорын қазіргі уақытта заманауи жоғары технологиялық металл өңдейтін құрал-жабдықтарға ие және оны ұдайы жаңартып отыруды жүзеге асыруда.

– Бүгінгі күні облыс орталығындағы салынып жатқан ірі объектілердің металл қаңқалары – біздің өнімдеріміз, – дейді зауыттың бас директоры Қайрат Қойлыбаев, – Ғылыми-техникалық қызметкерлеріміз әбден дайындықтан өткен, ысылған мамандар, оның үстіне күшті конструкторлық бюромыз бар.

Зауытта негізінен бүкіл операциялар шетелдік жабдықтармен атқарылады, оның ішінде жапон, итальян, чех, австралия құралдары бар. Мәселен, «Сэндвич»-панельдер шығару бойынша «Hilleng» австралиялық фирмасының автоматтандырылған желісі мұнда 2005 жылдан бері жұмыс істейді.

Өткен жұма күні «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова мен оның орынбасары Сәуле Кішкенбаева Ақтөбеде болған сапарында осы зауытта болып, кәсіпорын басшысы Қайрат Қойлыбаевпен бірге өндіріс ахуалымен танысты.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры желісі бойынша бөлінген қаржыдан «Халық банкі» арқылы 4 млн. АҚШ доллары көлемінде несие алған «Ақтөбе металл құрастыру зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұрынғы қарызын жеңілдікпен қайтару жолын реттеп, жаңадан өндіріс аясын кеңейту мүмкіндіктеріне жол ашты.

Банкирлер зауыттың өндірістік цехтарын аралап, 80 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатқан жұмыс алаңдарында болды. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазақОйлАқтөбе» ЖШС, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ, «Экотон-Батыс» ЖШС, «Қазхром» ТҰК, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы сияқты көптеген ірі кәсіпорындармен қоян-қолтық жұмыс істеп отырған зауыттың  алдағы жоспарлары да қомақты. Өндірістік қуаттылығы айына 250-300 тонна металл құрылымдарын шығаруға мүмкіндігі бар кәсіпорынмен таяу аймақтағы бәсекелес Орскідегі металл өнімдері зауыты екен. Демек, «Ақтөбе металл құрастыру зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанның батыс аймағындағы металл құрылымдарына сұранысты толығынан өзіне қабылдай алады.

Сонымен, кәсіпорынның бүгінгі жұмыстарына, келешегіне банкирлердің көңілдері толғандай болды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button