Спорт

«Ақтөбенің» кезекті жеңісі

Футболдан ел біріншілігінің 10-турында ақтөбеліктер Қарағандының «Шахтер» командасын қабылдады.

Ойын алдында Ақтөбе футбол клубының директоры Сағат Еңсегенұлы 250-матчын өткізгелі отырған Самат Смақов пен Мұрат Тілешевке ескерткіш сыйлықтар тапсырды. Сондай-ақ, футбол жанкүйерлері үшін бұл күн Петр Бадлоның туған күнімен есте қалды.

Сонымен, ойын алғашқы минуттан-ақ жерлестеріміздің өткір шабуылымен басталды. Юрий Логвиненко оң қанаттан берілген допты баспен ұрған еді. Алайда доп қақпадан сәл қиыс кетті. 7-минутта Эмиль Кенжесариевтің соққан айып добын қақпашы Александр Григоренко қолмен қағып, қақпадан асырып жіберді. Забродин де қарсыластар қақпашысын жиі-жиі мазалады.

Жанкүйерлер асыға күткен голдың да сәті түсті. 22-минутта Ұлықбек Асанбаев көтерген пасты Тілешев қақпадан бір-ақ шығарды. Есеп – 1:0. Алайда қарсыластардың санаулы ғана шабуылдарының бірі олар үшін сәтті аяқталды. Арада екі минут өткенде Чичулин допты қайтарамын деп өзіміздің қақпамызға соғып алды. Осылайша, ойын теңесіп кетті.

Екінші кезеңде қақпашымен жекпе-жек шығып, әдемі екінші голын торда тулатқан Мұрат Тілешев өзінің мерейлі матчын қуанышпен өткізді.

Ойын 2:1 есебімен аяқталды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button