Экономика

Ақтөбеде ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары


«ҚазАгро» АҚ басшысы солай дейді

Кеше облыс орталығына  жұмыс сапарымен «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Асылжан Мамытбеков және «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары Есмұқанбет Спанов жұмыс сапарымен келді. Сапардың мақсаты облыстағы «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» акционерлік қоғамы қаржыландыратын инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысуды көздейді.

Түстен кейін қонақтарды облыс әкімі Елеусін Сағындықов қабылдады. Кездесу кезінде облыс басшысы аймақта жүзеге асырылып жатқан инвестициялық ірі жобалар туралы  әңгімеледі. Азық-түлік қауіпсіздігін жасауға байланысты Елбасы тапсырмасының облыстағы орындалу барысынан хабардар етті. Өңдеу орындарын нығайтуға байланысты таяу уақытта аймақта атқарылатын жұмыстарды баяндады. Облыс басшысымен әңгімелескеннен кейін Астанадан келген қонақтар облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақовпен бірге «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт зауытына барды. Кеңес Нокин атындағы селодағы «Izet Greenhouse» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 3 гектар жылыжай кешені құрылысының барысын қарады. Алға ауданының «Парижская коммуна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, осында салынып жатқан Бестамақ мал шаруашылығы кешенін көрді.

«ҚазАгро» Ұлтық холдингі»  акционерлік қоғамының басшысы Асылжан Мамытбековтің құрылыс басында журналистерге берген сұхбатында айтылғандай, осы қаржы институтының көмегімен біздің аймақта 6 инвестициялық жобаны қаржыландыру көзделіп отыр. Бұл құрылыс жобалары 5,37 млрд. теңгені құрайды.

– Біз Ақтөбе облысына бірнеше мақсатпен келдік, – деді Асылжан Мамытбеков. – Қазір осы қалада үлкен жылыжай жобасы іске асырылуда. Оны салып жатқан кәсіпорын сіздерге белгілі. Бұл жоба еліміздің «Қазақстанның 30 көшбасшысы» бағдарламасына енген. Демек, бұл жобаның іске асырылуы ерекше бақылауда тұр. Үкімет, басқа да ресми орындар мұны қатты қадағалауда. Сондықтан осы жылыжай құрылысының барысын көріп кету – бір мақсат. Екінші мақсат – мынау сүт тауарлы фирмасы жобасының барысымен танысу. Жақында ғана ол жөнінде несиелік комитетте мақұлданды. Жуық арада 2 млрд. 211 млн. теңге құрайтын бұл жоба құрылысы басталады. Яғни жоба  іске асырыла бастайды. Бұл жобаның қорытындысы бойынша айына қосымша 800 тонна сүт өндіріледі. Және қазіргі сүт зауытын шикізатпен толық қамтамасыз етуге жағдай жасалады.

Қазақстанның батыс бөлігінде басқа облыстарға қарағанда  Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы әлеуеті әлдеқайда жоғары. Бұл жерде өздеріңіз көріп отырсыздар, табиғаты жағынан, жерінің қолайлылығы, экономикасының дамуы тарапынан бұл облыстың мүмкіндігі кең. Азық-түлікпен Қазақстанның батысындағы облыстардың халқын қамтамасыз етуге толық шамасы жетеді. Қазіргі әкімдіктің іске асырып жатқан саясаты бойынша бюжеттен де, бюжет қаржысынан тыс та ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге барлық қолайлы жағдайлар жасалуда.

Өндіріс барысындағы әңгімеде айтылғандай, «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1100 асыл тұқымды сиыр сатып алып, Мәртөк ауданында тауарлы сүт фермасын құрмақ. Оған 1,98 млрд. теңге жұмсалады. Бұл жылына 7200 тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Осындай тауарлы сүт фермасын Мәртөк ауданынан ашуды «Agro Food Investment» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де ойластыруда. Онда асыл тұқымды 600 сиыр болады. Жылына бұл ферма 3500 тонна құнарлы сүт өндіреді.

Ал тек біздің аймақ емес, республикадағы бірегей жылыжай болатын жаңа кәсіпорын жылына 1600 тонна көкөніс береді. Сол арқылы қаланы көкөніспен жабдықтауды бүтіндей жақсартады. Тек маусымдық емес, қысы-жазы қалада көкөністің үзілмеуін қамтамасыз етеді. Алға ауданынан салынып жатқан мал шаруашалығы кешені ет өндірісін нығайтады.

Мұнымен бірге Ырғыз ауданынан «АгроОдақЫрғыз» әлеуметтік кәсіпкерлік кешені мал соятын цех салады. Ол тәулігіне 2-3 тонна ет өңдеуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік кәсіпкерлік кешені ет, сүт өңдеу бойынша «Алғабас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында ірі қара және ұсақ мал соятын кәсіпорын салуды қолға алады. Осы аталған жобалар жүзеге асқан кезде қосымша 420 жұмыс орны ашылады. Және бұл аталған өңдеу кәсіпорындары шығаратын дайын өнімдер аймақтың қажетінен артылып, Қазақстанның батыс облыстарының мұқтаждықтарын да өтейді. Мұның өзі Ақтөбе аймағы ауыл шаруашылығының әлеуетін көрсетеді. Ал оның болашағы мұнан да зор. Астанадан келген қонақтар осылай деп бағалады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button