Спорт

Футбол

Турдың ірі жеңісі: «Оқжетпес» – «Ақтөбе» — 1:4

 Премьер-лиганың 12 мамырда өткен 10-туры тым ерекше есептермен басталды.

Мысалы, 1-таймның қорытындысы бойынша алаң иелері негізінен жеңіліп жатты. Үзіліске бір қожайын 0:2, үш қожайын 0:1 есебімен ұтылып аттанды. Ол аз десеңіз, екі ойын тең есепке (0:0, 1:1) құрылып тұрды.

Қожайындарға екінші тайм да аса зор шаттықтар сыйламады.

Енді ретімен баяндайық.

«Ақтөбе» бұл турда Көкшетауға барды.

«Ертістен», одан соң өз алаңымызда «Тобылдан» ұтылғаннан кейінгі жерлестеріміздің бұл сапарға қандай мақсатпен шыққаны белгілі болатын. Әрине, осы кезге дейін өз алаңында жанкүйерлеріне қуаныш сыйлап көрмеген «Оқжетпестің» де шамырқанар шағы келгендей еді. Өйткені бұларға бас бапкер Владимир Чебурин қайта оралған болатын.

Алғашқы сәттерде көкшетаулықтар расында да есеп ашып кете жаздады. Ақтөбелік қақпашы шығарып салған доп кездейсоқ Абылайхан Махамбетовтің аяғына тап болды да, ол Евгений Самохинге ысыра салды. Бірақ Евгений тым баяу қозғалғаны себепті қауіп бұлты ыдырап кетті.

Енді ақтөбеліктер атқа мінді. Көшетаулық қақпашы Руслан Абжанов әуелі Самат Смақовтың, одан соң Марат Хайруллиннің соққыларын дарытпай қойды. Маңдайшадан кері серпілген доп «Оқжетпесті» және абыржыта түсті.

Ақыры қақпаның құлпы ашылар шақ келді. 18-минутта шабуыл барысында қорғаушылар ортасында қалған Владимир Вукайлович Петр Бадлоға пас беріп үлгерді де, ол допты қақпаның алыс бұрышына итере салды. Сөйтіп Петр чемпионаттағы алғашқы голын соқты. 0:1.

Екінші голдың иесі Самат Смақов болды. Алаң иелері тура айып алаңына таяу тұста ойын ережесін бұзды да, чемпионат басталғалы гол соғудың ретін келтіре алмай жүрген Самат 43-минутта айып добын кәнігі әдетінше «тоғыздыққа» сіңіріп жіберді. 0:2.

Екінші таймда енді «Оқжетпес» есе қайыруға жан сала кірісті де Андрей Сидельниковтің қақпасына қауіп төндіре бастады. Сондай сәттердің бірінде 54-минутта Тимур Досмағамбетов айып алаңына тақау тұста пас алды да, бірден «тоғыздықты» көздеді. 1:2.

Жанкүйерлер дуылдап қоя берді. Ойынды теңестіруге, тіпті басым есеп жасауға уақыт жеткілікті еді. Бірақ барлық шабуылдың соңы ылғи голмен аяқтала бермейді ғой. Ілгері ұмтылған алаң иелерінің аңғырт тұстарын сәтті пайдаланған ақтөбеліктер тез аралықта екі голды ес жидырмай соғып жіберді. 80-минутта Зоран Костич чемпионаттағы алғашқы голын соқса, 86-минутта Сергей Лисенков ұтыс есебін ірі нәтижеге жеткізді.

Турдағы ең нәтижелі есеп бұдан да ұлғаюы мүмкін еді. Мысалы, Петр Бадло мен Тимур Досмағамбетов екінші гол иелері атануға сәл қалса, Лукаш Байер мен Игорь Чучман да олжалы болар сәттерді орайлы пайдалана алмай қалды.

Сөйтіп өткен турда өз қаламыздың 10 мың жанкүйерін ренжітіп алған «Ақтөбе» командасы бұл жолы 1,5 мың көкшетаулық жанкүйерді өкпелетіп оралды.

Бәрі де дұрыс-ау. Дегенмен сырт алаңда осымен үшінші рет жеңіске жетіп отырған «Ақтөбе» неге өз қаласында бір-ақ рет ұтысқа ие болады? Әйтпесе чемпионат басталғалы неге сырттан 9 ұпай әкеліп, өз алаңымызда 5 ұпайға ғана ие боламыз?

«Оқжетпес» – «Ақтөбе» — 1:4.

Бұл кездесуде «Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Самат Смақов, Исламбек Қуат, Юрий Логвиненко (Сергей Лисенков), Петр Бадло, Дарко Малетич, Зоран Костич (Виталий Евстигнеев, 90-минут), Владимир Вукайлович (Аслан Дарабаев), Лукаш Байер, Марат Хайруллин, Арунас Климавичус.

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

  • Бірінші таймды ұтылыспен аяқтаған үш қожайынның бірі «Тобыл» еді. 17-минутта талдықорғандық Сергей Скорых соққан голға қостанайлықтар 64,84-минуттарда жауап қатып (Менсур Куртиши, Игорь Бугаев), алаң қожайыны ретіндегі абыройын да, көш басындағы орнын да сақтап қалды. «Тобыл» – «Жетісу» — 2:1.
  • Ал екінші орында келе жатқан «Ақжайық» төмендеу сатыға түсуге мәжбүр болды, өткен жолғыдай тағы да жеңіліп қалды.  Оралдық шабуылшы Игорь Зенкович 3-минутта алаң иелерін қапы қалдырғанмен, қарағандылықтардың еңсесі түскен жоқ. Жамбыл Көкеев соққан екі голға (біреуі — он бір метрлік айып добы) Гедеминас Вичюс бір доп қосты. «Шахтер» – «Ақжайық» — 3:1.
  • Үшінші орында тұрған «Тараз» бір саты төмендегенімен, жеңілген жоқ. Бұған дейін сырт алаңда өткен соңғы үш ойын бойы жеңіліп келе жатқан тараздықтар Павлодарда өткен кездесуді тең есеппен аяқтады. Тіпті алғашқы голды да 38-минутта тараздықтар (Бауыржан Исламхан) соққанын ескерген жөн. «Ертіс» – «Тараз» — 1:1.
  • Дәл осындай тең ойын есебі Алматыда да қайталанды. Шымкенттен келген қонақтар соққан бір допқа «Қайрат» та бір доппен жауап үн қатты. «Қайрат» – «Ордабасы» — 1:1.
  • Бұл турда гол соғылмаған жалғыз кездесу Астанада өтті. Бұдан бұрынғы ойындарда, мысалы, «Тобылмен» де (0:0), «Ақжайықпен» де (1:1) тең ойнаған қаскелеңдіктер ұлттық құрамамыздың бас бапкері Мирослав Беранек қолға алған «Астанаға» да дес бермеді. «Астана» – «Сұңқар» — 0:0.
  • Осылайша алаң иелері үш кездесуде тең ойнауға мәжбүр болса, «Атырау» тіпті «асып» түсті, ешкім күтпеген нәтиже ұсынды. Обалына не керек, атыраулықтар кездесудің басынан аяғына дейін-ақ шабуылдап бақты, қызылордалық қақпашының мазасын алумен болды. Бірақ жалғыз голды Градимир Црнограц (59-минут) соқты да, «Қайсар» ауылына тұңғыш рет сырт алаңнан үш ұпай олжалап оралды. «Атырау» – «Қайсар» — 0:1.

10-турдың 10 ерекшелігі.

Біріншіден, бұл турдың жалпы нәтижесі — 17 гол, бір доп он бір метрлік айып нүктесінен соғылды, алаң иелері кемшін есеппен (8:9) екі жеңіске ғана жетті.

Екіншіден, бір кездесу ғана ірі есеп нәтижесімен (4:1) аяқталды, ал 1:1 есебі екі рет қайталанды. Бір кездесуде бір ойыншы 2 гол соқты (Жамбыл Көкеев, «Шахтер). Көшбасшыдан кейінгі үш бірдей команда бірдей ұпай (19 ұпайдан) жинады.

Үшіншіден, «Тобыл» қатарынан сегізінші рет ұтылыссыз ойнады.

Төртіншіден, «Тараздың» еншісіне алғаш рет тең ойын есебі жазылды.

Бесіншіден, былтырғы чемпионаттың күміс жүлдегері («Жетісу») қатарынан бесінші рет ұтылды.

Алтыншыдан, «Оқжетпес» өз алаңында өткен бес ойынның барлығында да ұтылды.

Жетіншіден, «Шахтер» өз алаңында өткен бес кездесуде де ұтылған жоқ, есебіндегі 17 доптың 12-сін олар өз алаңында енгізді. Өз алаңында ұтылмай келе жатқан басқа да командалар — «Тобыл», «Ақжайық», Тараз», «Ордабасы».

Сегізіншіден, чемпионат барысында 2:1 есебі оныншы рет, 4:1 есебі бесінші рет қайталанды. Жалпы чемпионат басталғалы қақпаларға 172 доп соғылды, орта есеппен әр кездесуде 2,49 гол соғылып тұр.

Тоғызыншыдан, «Ордабасы» алты тур бойы не ілгері озбай, не кейін сырғымай, ерекше тұрақтылықпен 6-орында келе жатыр.

Оныншыдан, Семей футболының түлегі, «Жетісу» командасының қорғаушысы Данияр Мұқанов Қазақстан чемпионаттарындағы 400-інші кездесуін өткізді. Бұл кезеңде ол қарсыластар қақпасына 23 доп енгізіпті.

 Ойын кестесі

Командалар           О         Ұ         Т         Ж        Д         Ұп

1  «Тобыл»              10       7          2          1          20-10  23

2  «Шахтер»            10       6          1          3          17-8    19

3   «Ақжайық»         10       6          1          3          17-11  19

4   «Тараз»               10       6          1          3          11-10  19

5   «Ертіс»                10       5          3          2          19-10  18

6   «Ордабасы»      9          4          4          1          13-7    16

7   «Ақтөбе»           10       4          2          4          13-8    14

8   «Атырау»            10       3          3          4          9-11    12

9   «Қайрат»            10       3          3          4          10-13  12

10  «Астана»           9          3          2          4          10-13  11

11 «Сұңқар»                       10       2          5          3          4-8      11

12 «Қайсар»                        10       3          1          6          9-15    10

13 «Жетісу»             10       2          0          8          12-23  6

14 «Оқжетпес»       10       1          0          9          8-25    3

 (О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай).

 Сұрмергендер:

Бауыржан Жолшиев («Тобыл») — 7 доп.

Эдин Юнузович («Жетісу») — 5 доп.

Мирослав Лечич («Тараз») — 5 доп.

Давид Чегашвили («Оқжетпес») — 5 доп.

Игорь Зенкович («Ақжайық») — 5 (екеуі — он бір метрлік айып добы).

Йосип Кнежевич («Қайрат») — 5 (2).

Үш футболшы 4 доптан соқты.

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Брана Илич — 3 доп;

Марат Хайруллин — 2 (екеуі де — он бір метрлік айып добы);

Сергей Лисенков — 2;

Лукаш Байер — 1;

Арунас Климавичус — 1;

Дарко Малетич — 1;

Петр Бадло — 1;

Самат Смақов — 1;

Зоран Костич — 1.

20 мамырда, жексенбі күні «Ақтөбе» өз алаңында «Атырауды» қабылдайды.

Былтыр жерлестеріміз атыраулықтарды өз алаңымызда ұтып (2:0), сырт алаңда тең ойнаған (1:1) болатын. Ал өткен турда «Қайсардан» ұтылып, өз жанкүйерлері алдында тым ұятқа қалған атыраулықтар бізбен кездесуге ширығып-ақ келетіні белгілі.

Қалған кездесулер:

«Сұңқар» — «Шахтер»;

«Қайсар» — «Астана»;

«Жетісу» — «Оқжетпес»»;

«Тараз» — «Тобыл»;

«Ордабасы» — «Ертіс»;

«Ақжайық» — «Қайрат».

 Ерекше күн

 Капитанның рекорды

 Көшетаудағы кездесуде «Ақтөбенің»  байырғы қорғаушысы, команда капитаны Самат Смақов гол соғып қана қойған жоқ, біздің командамыздағы 154-ші ойынын өткізіп, рекордқа қол жеткізді.

Бұған дейін бұл тізімді «Ақтөбе» сапында 153 ойын өткізген Дмитрий Юрист бастап келген еді.

«Sports.kz» порталының мәліметінше, Саматтың ендігі ең жақын бәсекелестері — Юрий Логвиненко (141 ойын) мен Марат Хайруллин (137 ойын).

 ФИФА

 Өзгерген жоқпыз!

 Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) өткен аптада әлемдегі ұлттық футбол құрамаларының ай сайын өңделіп ұсынылатын рейтингінің жаңа нұсқасын жариялады.

Біздің құрамамыз өткен айдағы 137-орнында өзгеріссіз қалды.

Бұл рейтингіде алғашқы ондық та сол күйі сақталып, бір түзету ғана енгізілді. Дания өз орнын Аргентинаға берді.

Сонымен алғашқы 10 команда былай түзілді.

1. Испания.

2. Германия.

3. Уругвай.

4. Голландия.

5. Португалия.

6. Бразилия.

7. Англия.

8. Хорватия.

9. Аргентина.

10. Дания.

Келесі айда басталатын Еуропа чемпионатына қатысқалы отырған көршіміз Ресей де өткен айдағы 11-орнын өзгерткен жоқ.

Ал біздің 2014 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирінде кездесетін бәсекелестеріміздің жағдайы төмендегідей:

2. Германия.

17. Швеция.

18. Ирландия.

73. Австрия.

118. Фарер аралдары.

Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button