Ресми

Қамаудағылар тағдыры назарда ұсталады

Сейсенбі, 19 мамырда облыс әкімі Елеусін Сағындықов Өзбекстан Республикасында тұтқында отырған ақтөбеліктердің туған-туыстарымен кезекті рет кездесті.

Сәуірде болған бірінші кездесуде тұтқында отырғандардың туыстары облыс әкімінен көмек сұрап, оларды елге қайтаруды өтінген болатын. Облыс басшысы тарапынан барлық мүмкіндіктер қаралды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшісі З.Тұрысбековпен байланыс жасалды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде жағдайды реттеу жөнінде комиссия құрылды, оған бірінші вице-министр Н.Әбіқаев жетекшілік етуде. Облыс әкімі бұл басшылармен тұрақты түрде хабарласып отыр.

Енді өздерінің жақындарының тағдырына алаңдағандар облыс әкімінен қайтадан көмек сұрауда.

Жиналғандарды тыңдаған Елеусін Сағындықов мән-жайды күн сайын және тұрақты назарда ұстап, барлық шараларды жасап отырғанын айтты. Мәселен, өткен аптада Астанада болған кезінде осы мәселе бойынша Сыртқы істер министрі Марат Тәжинмен және Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшісі Зауытбек Тұрысбековпен кездескен. Лауазымды адамдар барлық жағдайды біліп отыр және қолдарынан келетін барлық шараларды алуда. Бұдан басқа, ведомоствоаралық комиссия құрылған. Сондай-ақ, бұл мәселені шешу үшін адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдар тартылатын болады.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшісінің айтуынша, ұсталған ақтөбелік азаматтардың бәрінің де денсаулықтары жақсы. Облыстың құқық қорғау органдары материалдарды өзбек жағына берген.

Облыс әкімі ақтөбеліктердің көмек сұраған отбасыларға материалдық, басқа да көмек беруге дайын екенін айтты. Сонымен қатар берік болуға және халықаралық қарым-қатынастар туралы алып қашпа сөздерге ермеуге шақырды. Елеусін Сағындықов бұл мәселемен әлі де айналыса беремін деп уәде етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button