Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Күйеуімді келтіре алмай жүрмін

— Күйеуіміз екеуіміз бірнеше жылдан бері бірге тұрмаймыз. Баламыз жоқ. Ол қазірде басқа облыста тұрады. Оған бәрібір шығар, бірақ маған жаңадан тұрмыс құру үшін некеден жедел түрде ажырасу қажет болып тұр. Оның қатысуынсыз өзім тұратын қаладағы азаматтық хал актілерін жазу бюросына арыз жазу арқылы ажыраса аламын ба? Күйеуім қаражаттан қысылатынын айтып, келуден бас тартады.    

Әсел Иманбекқызы,

Қобда.

— Сіз жұбайыңыздың қатысуынсыз азаматтық хал актілерін жазу бюросында некеден ажыраса алмайсыз. Балалары жоқ ерлі-зайыптылар бірін-бірі сотқа сүйремей-ақ, АХАЖ арқылы ажыраса алады. Бірақ ол үшін олардың өзара келісімі және бірлесіп жазған арызы болуы керек. Арыздың мазмұны некеден ажырасу жөніндегі жазу актісінде екеуінің бірдей қол қоюымен қуатталуы міндетті.

Егер күйеуіңіз ажырасуға ынталылық танытпаса және оны өзіңіз тұратын қалаға келтіре алмасаңыз, оның тұрғылықты жеріндегі сотқа жүгінуіңізге тура келеді.

Жалғандық жұмыстан шығаруға негіз бола ма?

— Егер қызметкердің жұмысқа тұрған кезінде жалған құжат немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет тапсырғаны анықталса, осы қаракеті жұмыс берушінің бастамасымен қызметтен шығарып жіберуге негіз бола ма? 

Рыскүл Алпамысқызы,

Алға.

— Ондай негіз Еңбек кодексінің 54-бабының 1-тармағының 15-тармақшасында көзделген. Соған сәйкес еңбек шартын жасасу кезiнде қызметкердің жұмыс берушiге ұсынған құжаттары немесе мәлiметтері көрінеу жалған болып шықса және олар басында еңбек шартын жасасудан бас тартуға негiз болатындай болса (мысалы, қызметіне мамандығын сәйкестендіру үшін жалған куәлік, диплом ұсынса) жұмыс берушiнiң өз бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға құқығы бар.

Жартылай еңбек демалысына шығуым заңды ма?

— Кәсіпорнымызда еңбек демалысының ұзақтығы – 30 күн. Мен жарты ставкада жұмыс жасаймын. Маған еңбек демалысының ұзақтығын 15 күннен аспайтындай етіп бергелі отыр. Осы дұрыс па?

Дінмұхамбет Жетпісбайұлы,

Темір ауданы.

— Дұрыс емес. Еңбек кодексінде көрсетілгеніндей, меншік түріне қарамастан, мекемелер мен ұйымдарда еңбек демалысының ұзақтығы 24 күнтізбелік күннен аз болмауы міндетті. Егер кәсіпорын әкімшілігі мен жұмысшы-қызметкерлердің арасында жасалған ұжымдық еңбек шартында еңбек демалысы одан да ұзақ мерзімге белгіленсе, толық ставкадағылардың да, жарты ставкадағылардың да оны пайдалануы сол мөлшерден кем болмауға тиісті. Тек демалыс ақысы жалақысының көлеміне қарай белгіленеді.

Қысқарған маманды менің орныма ауыстырды

Қысқартуға дейін ауылдық округте штат кестесі бойынша үш бас маман, бір жетекші маман болды. 1 қарашадан бастап, бір бас маман штаты қысқартылып, қысқарған бас маманды менің орныма жетекші маман штатына ауыстырды да, мені жұмыстан босатты. Жетекші маман қызметін атқарып келген менің осындай жолмен жұмыстан қысқаруым заңды ма?

Айбек Ихсанов,

Әйтеке би ауданы.

— Бұл заңға қайшы келеді. Айтуыңызға қарағанда, сіздің жұмыс орныңыз қысқартуға түсіп отырған жоқ. Бар болғаны сізбен жасалған еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылған. Ал ол үшін дәлелді, салмақты негіз керек. Ондай негіздер Еңбек кодексінде, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда көрсетілген. Сонымен бірге Мемлекеттік қызмет әдебін сақтамаушылық та мемлекеттік қызметшіні атқарып отырған жұмысынан босатуға әкеліп соғуы мүмкін. Осындай негіздер болмаған жағдайда сот төрелігіне жүгіну арқылы қызметіңізді қалпына келтіруге болады.

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 51-04-13; 8-707 892 55 14; 8 701 586 11 10

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button