Спорт

Үміт үздірмеген үшінші жеңіс

Футбол

 Премьер-лиганың 29 сәуірдегі 8-турында ірі есеппен жеңіске жеткен «Ақжайық» көшбасшы болуының кездейсоқ еместігін тағы бір танытты. Ал оның өкшесін басып келе жатқан «Шахтер», «Тараз», «Ертіс» бір сатыға кейін жылжыды.

Енді ретімен баяндайық.

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда ойнады.

Бұған дейін төрт тур бойы жеңіске жете алмаған жерлестеріміздің чемпионат басталғалы бір-ақ рет ұтылған  «Ертісті» ұтатындығына толық сенімді болмағанымыз рас.

Павлодардағы кездесудің бірінші таймының алғашқы бөлігі күдікті тіпті ұлғайта түсті. Теңбіл доп шыр айналып орталық алаңда жүріп алды. Бұған 22-минутта жарақат алған Самат Смақовтың алаңды тастап шығуға мәжбүр болғанын қосыңыз. Міне, осыдан соң ғана «Ақтөбе» күшке мініп, павлодарлық қақпашы Давид Лорияның мазасын ала бастады. Сондай сәттердің бірінде «Ертістің» қорғаушысы Қайрат Өтебаев айып алаңында біздің Брана Иличті шалып құлатты да, төреші он бір метрлік айып добын тағайындады. «Ертістің» қақпашысы соққы бағытын аңдап қалғанымен Марат Хайруллин мүлт кетпеді, сөйтіп жерлестеріміз 32-минутта алға шықты.

Бірақ тайм соңына таман дәл осындай кепке «Ақтөбе» де душар болды. Қорғаушымыз Исламбек Қуат допты қолмен қайтарды да, бұл жолғы он бір метрлікті 45-минутта Ұлықбек Бақаев дәл соқты. Оған қоса Исламбек ойын ережесін бұзғаны үшін жасыл алаңнан қуылды.

Екінші таймда бір ойыншысы кем ақтөбеліктерді алаң иелері барынша тықсыруға тырысып бақты. Біздің қақпамызға төнген қауіпті сәттерді есепке алғанда нәтиже солай болуы да мүмкін сияқты еді. Осындай шақта екінші тайм басталғалы көзге түспей жүрген Брана Илич кенеттен жұлдыздай ағып шыға келді де, допты Лорияның үстінен асыра салды. 80-минутта осылайша «Ақтөбе» тағы да ілгері озды. Соңғы он минут бойы павлодарлықтар есе қайтаруға қаншама талаптанғанымен, біздің қорғаушыларымыз бен қақпашымыз Сидельников оған еш мүмкіндік бермей қойды.

«Ертісті» 2:1 есебімен ұтқан «Ақтөбе» бір ай төрт күн бойы күткен үшінші жеңісіне жетті.

Дегенмен бұл жеңіс тым «шығынсыз» болмағанын да ескергеніміз жөн. Исламбек Қуаттың жасыл алаңнан қуылуына қоса біздің ойыншыларымызға төрт ескерту қағазы (Исламбек Қуат, 11-минут; Владимир Вукайлович, 53-минут; Дмитрий Евстигнеев, 71-минут; Виталий Евтигнеев, 77-минут) және көрсетілді.

Бұл кездесуде «Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Самат Смақов (Дмитрий Евстигнеев, 22-минут), Юрий Логвиненко, Петр Бадло, Исламбек Қуат, Зоран Костич, Аслан Дарабаев (Виталий Евстигнеев, 46-минут), Владимир Вукайлович, Лукаш Байер, Марат Хайруллин, Брана Илич (Георги Даскалов, 83-минут).

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

  • Словакиядан келген бас бапкер Йозеф Скрлик футболшыларын қалай  баптайтынын, қандай тамақ ішкізіп, қандай ақыл айтатынын кім білсін, әйтеуір оралдық «Ақжайық» осы турда турнир кестесіндегі бірінші орнына мығым орналаса түскеніне қоса ең көп жеңіс иесі атанды. «Таразды» қабылдаған олар бар мәселені бірінші таймда шешіп-ақ тастады, үдемелете үш доп соқты. Үшінші орында келе жатқан тараздықтардың бұл өктемдікке бір доппен де жауап қайтаруға қауқары жетпей қойды. «Ақжайық» — «Тараз»: 3:0.
  • Ірі додаға  биыл араласқан қаскелеңдік «Сұңқар» сырт алаңдағы алғашқы жеңіс тойына қол жеткізді. Көкшетаудағы кездесуде Луис Родригес жарқылдап көзге түсіп, қарсыластар қақпашысын екі рет (26, 52-минуттарда) қапы қалдырды. «Оқжетпес» — «Сұңқар»: 0:2.
  • Шымкенттік «Ордабасы» үшін де бұл тур табыссыз өтті деуге келмейді. Олар Қарағанды қаласында «Шахтерді» ұтып кете жаздап барып, тең түсті. Шымкенттік Мансур Гуйе 56-минутта соққан голдан соң қарағандылық Николай Василевич 90-минутта әзер дегенде қарымта гол соғып, «Шахтер» ұтылыстан әупірімдеп аман қалды. «Шахтер» — «Ордабасы»: 1:1.
  • Соңғы турларда нәтижелі ойнап жүрген «Тобыл» бұл жолы да жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Қостанайлықтар Қызылордадан келген «Қайсардың» қақпасына жауапсыз екі доп соқты. 57-минутта екінші голды соққан Бауыржан Жолшиев сұрмергендер көшін бастап тұруды одан әрі жалғастырды. «Тобыл» — «Қайсар»: 2:0.
  • Бұған дейін өз алаңында әуелі «Тобылдан» (2:3), одан соң «Оқжетпестен» (1:4) ұтылған «Астана» Атырауда да ештеңе келістіре алмады. 15-минутта атыраулық Денис Родионов соққан гол ойын аяғына дейін өзгеріссіз қалды. «Атырау» — «Астана» — 1:0.
  • Алматыда да кездесу тағдырын бір гол шешті. «Қайрат» талдықорғандықтарды дәл осындай есеппен ұтты. «Қайрат» — «Жетісу»: 1:0.

Бұл күнгі кездесулердің өзгешеліктері қандай?

Біріншіден, бұл турдағы кездесулерде чемпионат басталғалы ең аз гол соғылды — 14 гол.

Екіншіден, бір ірі есеп нәтижесі (3:0) тіркелді және бір ойында бір футболшы екі гол соқты. 2:0 және 1:0 есептері екі реттен қайталанды.

Үшіншіден, кездесулерде екі рет он бір метрлік айып добы сәтті орындалып, ойын ережесін бұзғаны үшін екі футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Төртіншіден, «Ақжайық» қатарынан төртінші рет жеңіске жетті және чемпионат басталғалы ең көп жеңіске жеткен команда атанды.

Бесіншіден, бұған дейін қатарынан төрт рет жеңіске жеткен «Шахтер» тең ойынмен қанағаттанды.

Алтыншыдан, «Тобыл» қатарынан алтыншы рет ұтылыссыз ойнады.

Жетіншіден, «Астана» мен «Жетісу» қатарынан үшінші рет ұтылды.

 

Ойын кестесі

 

Командалар           О         Ж        Т         Ұ          Д         Ұ

 

1  «Ақжайық»           8          6          1          1          16-6    19

2  «Тобыл»               8          5          2          1          17-9    17

3   «Шахтер»            8          5          1          2          14-6    16

4   «Тараз»               8          5          0          3          8-8      15

5   «Ертіс»                8          4          2          2          16-8    14

6   «Ордабасы»      7          3          3          1          10-6    12

7   «Ақтөбе»            8          3          2          3          9-6      11

8   «Атырау»            8          3          2          3          9-10    11

9   «Қайрат»             8          3          2          3          8-10    11

10  «Сұңқар»           8          2          3          3          4-8      9

11 «Астана»            7          2          1          4          9-13    7

12 «Жетісу»             8          2          0          6          10-19  6

13 «Қайсар»            8          1          1          6          7-15    4

14 «Оқжетпес»        8          1          0          7          7-20    3

 

(О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұ — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұ — ұпай).

 

Сұрмергендер:

Бауыржан Жолшиев («Тобыл») — 7 доп.

Эдин Юнузович («Жетісу») — 5 доп.

Давид Чегашвили («Оқжетпес») — 5 доп.

Үш футболшы 4 доптан, жеті футболшы 3 доптан соқты.

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Брана Илич — 3 доп;

Марат Хайруллин — 2 (біреуі — он бір метрлік айып добы);

Лукаш Байер — 1;

Арунас Климавичюс — 1;

Дарко Малетич — 1;

Сергей Лисенков — 1.

Ескерту қағаздарын алғандар: Виталий Евстигнеев (төрт рет), Самат Смақов (екі рет), Исламбек Қуат (екі рет), Владимир Вукайлович (екі рет), Юрий Логвиненко, Зоран Костич, Петр Бадло, Дарко Малетич, Дмитрий Евстигнеев. Алаңнан қуылғандар — Петр Бадло, Дарко Малетич, Исламбек Қуат.

6 мамырда, жексенбіде «Ақтөбе» өз алаңымызда «Тобылды» қабылдайды.

Былтырғы кездесулерде жерлестеріміз қостанайлықтарды екі рет бірдей есеппен (2:1) ұтқан болатын. Бірақ биылғы «Тобыл» басқа «Тобыл». Қазір олардың екінші орында келе жатқанын, чемпионат басталғалы бір-ақ рет ұтылғанын ескерсек, қостанайлықтардың Ақтөбеге ұпай беріп кету үшін келе жатпағаны түсінікті шығар. Ал біздің екі бірдей жартылай қорғаушымыз — Виталий Евстигнеев төртінші «сары қағаз» алғаны үшін және  Исламбек Қуат «қызыл қағазбен» «марапатталғаны» үшін бұл кездесуге қатыса алмайды. «Ертіспен» кездесу кезінде тағы да жарақат алған Самат Смақовтың да алаңға шықпауы әбден мүмкін.

Қалған кездесулер:

«Астана» — «Шахтер»;

«Сұңқар» — «Атырау»;

«Қайсар» — «Оқжетпес»»;

«Жетісу» — «Ертіс»;

«Тараз» — «Қайрат»;

«Ордабасы» — «Ақжайық».

 

УЕФА

 

9 мамыр: Кім жеңеді?

 

Иә, 9 мамыр — жеңімпаз анықталатын күн. Басты жеңімпаз, әрине, Испания екені белгілі. Өйткені Еуропа лигасының Кубогын жеңіп алу үшін ақырғы таласқа түсетін екі мықты да Испания клубтары.

Алдымыздағы сәрсенбі күні бейтарап алаңда, Румынияның астанасы — Бухарест қаласының «Национал Арена» стадионында «Атлетико» (Мадрид) мен «Атлетик» (Бильбао) былтырғы жазда басталған «майданның» соңғы нүктесін қояды. Бұл бәйге, өз дәрежесі жағынан Чемпиондар лигасы Кубогынан кейінгі екінші орында тұрғанымен, Еуропадағы таңдаулылар ғана араласа алатын айрықша дода. Өткен жылы Португалияның «Порту» командасы топ жарған болатын.

Биылғы финалдық ойынға бұған дейінгі қарсыластарының барлығын жеңген испаниялық осы екі команда жолдама алып отыр.

Мадридтік клуб бұл Кубокты 2010 жылы жеңіп алған болатын, ал бильбаолықтар 1977 жылы осындай финалдық сайыста «Ювентустан» (Италия) жеңіліп қапы қалған еді.

Биылғы жылға дейін Еуропа лигасы Кубогын Германия клубтары 9 рет жеңіп алса, Испания командалары бұл мәртебені жетінші рет иеленгелі отыр. 6 реттен жеңіске жеткендер — Германия мен Англия клубтары.

Енді бақ пен бап таластыратын екі командаға оралсақ, қазір Испания чемпионатында мадридтік команда 6-орында келе жатса, Бильбао футболшылары 7-орында тұр. «Атлетико» 9 рет ел чемпионы болса, бұл жетістікке «Атлетик» 8 рет жетті. Демек, бұлар қай көрсеткіштер бойынша да иық тіресіп келе жатқан клубтар.

Интернет мәліметтерінің деректері бойынша, биыл финалдық ойынның жеңімпазына 3 миллион еуро көлемінде сыйақы берілсе, ұтылған команда да өз ауылына құр қол қайтпай, 2 миллион еуроға ие болмақшы.

 

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button