Спорт

Жеңіс иелері — көш соңындағылар

Футбол

 Премьер-лиганың 22 сәуірдегі 7-туры ойын кестесінің бірінші орнына жаңа көшбасшыны шығарды. Ең соңғы орында келе жатқан командалар мықтыларды тұқыртты. Тағы бір хет-трик орындалды. Енді ретімен баяндалық.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңында «Қайратты» қабылдады.

Жанкүйерлердің жеңісті нәтиже күткені рас та еді, заңдылық та еді. Алматылықтар бұған дейін Қостанайда «Тобылдан» (0:4), Атырауда «Атыраудан» (0:2), тіпті Алматыда «Астанадан» (0:2) ұтылған. Өз алаңында «Қайсарды» жеңе алмаған. Ендеше жерлестеріміздің олжасыз қалатын реті жоқ-ты. Бірақ қолға жеңіс құсы тағы да қонбай қойды.

Екі тайм бойы «Ақтөбе» шабуылдады, «Қайрат» қорғанды деуге болады. Байер, Малетич, Дарабаев, Костич, Хайруллин, әйтеуір, алматылықтардың қақпасын нысанаға алмағандар аз қалды. Бірақ есепті 35-минутта «Қайрат» (Дмитрий Мамонов) ашты. «Ақтөбе» бұны да елеген жоқ. Қарқынды қимылдарынан танбады. Әйтсе де алыс-жақыннан соғылған доптардың қай-қайсысы да қақпаға дарымай-ақ қойды. Негізінен қақпадан не асып кетіп жатты, не қиыс кетумен болды. Тек айып алаңында Байер ережеден тыс тәсілмен тоқтатылғанда ғана Марат Хайруллин он бір метрлік айып добын 69-минутта дәл соқты. Осыдан соң есеп еселенуге тиіс сияқты еді, оның орнына 73-минутта Малетич екінші рет ескерту қағазын алды да, алаңнан қуылды. 90-минутта Вукайловичке «сары қағаз» көрсетілді. Дамылсыз шабуыл мен сауатты қорғаныстың, бәлкім, бақ пен баптың осындай тайталасы ақыры тең есепке жүгінді — 1-1.

Аяулы «Ақтөбеміз» осымен қатарынан төрт ойын бойы жеңіске жете алмады. Рас, командада (бұл кездесуде де) негізінен жаңа ойыншыларға сенім артылғаны белгілі. Дегенмен қаншалықты бейтаныс болғанымен футболшылардың бір-бірін түсінісуіне жеті тур жеткілікті мерзім де сияқты ғой. Футболшылардың ұғымталдығы нашар ма, әлде бапкердің үйретері таусылды ма?..

Бұл кездесуде «Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Марат Хайруллин (капитан), Юрий Логвиненко, Дарко Малетич, Лукаш Байер, Владимир Вукайлович, Брана Илич (Георги Даскалов, 84-минут), Исламбек Қуат, Зоран Костич, Аслан Дарабаев (Владимир Евстигнеев, 86-минут), Дмитрий Евстигнеев.

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

Бұл турға дейін 1-орында келе жатқан павлодарлық «Ертіс» Қызылордада 13-орында келе жатқан «Қайсардан» жеңілуге мәжбүр болды. «Қайсардың» бас бапкері ретіндегі ресми қызметін Владимир Никитенконың жеңіспен бастауын жанкүйерлер жақсы ырымға балап отыр. «Қайсар» — «Ертіс»: 2-0.

Бұған дейін жеңіс түгілі тең ойнауға да қолы жетпей ең соңғы орында келе жатқан «Оқжетпес» сенсация жасады. Көкшетаулықтар Астанаға келді, көрді, жеңді. Үш допты Давид Чегашвили соқса, бір голды астаналықтар өз қақпасына өздері соғып алды. «Астана» — «Оқжетпес»: 1-4.

Келген, көрген, жеңген тағы бір команда — «Ақжайық». Рас, бұлардың жеңіске жетуіне жетісулықтар бір автогол соғып алып, өздері «көмектесті». Бірақ, қалай болғанда да, Талдықорғандағы кездесуде оралдықтар көш бастаушылар сапында кездейсоқ жүрмегендерін анық дәлелдеді. Әрі ұтты, әрі ойын кестесіндегі бірінші орынға шықты. «Жетісу» — «Ақжайық»: 1-2.

Дәл осындай есеп Таразда да қайталанды. Бірақ үш ұпай бұл ретте алаң иелерінің қоржынын толықтырды. Мирослав Лечич екі таймда соққан екі голға шымкенттіктер бір доппен ғана жауап қайтара алды. Дегенмен ұтылып қалса да «Ордабасы» турнир кестесіндегі алтыншы орнынан төмен сырғи қойған жоқ. «Тараз» — «Ордабасы»: 2-1.

Бұған дейін екі жеңіс, екі тең ойыны, екі ұтылысы бар Атырау өз алаңында шарасыздық көрсетті. Ұтылды. Сөйтіп қарағандылықтарды екінші орынға «өсіріп» жіберді. «Атырау» — «Шахтер: 0-2.

Ал қаскелеңдік «Сұңқар» екінші орындағы қостанайлық «Тобылды» бесінші орынға «төмендетіп» тастады. Рас, ұтқан да жоқ, ұтылған да жоқ, гол да соққан жоқ, өз қақпасына гол да жіберген жоқ. «Сұңқар» — «Тобыл»: 0-0.

Бұл күнгі кездесулердің өзгешеліктері қандай?

Біріншіден, турнир басталғалы ұтылыссыз ойнап келе жатқан соңғы екі команда да («Ертіс», «Ордабасы») жеңілуге мәжбүр болды.

Екіншіден, көш соңындағы екі команда («Қайсар», «Оқжетпес») ең алғашқы жеңістерін тойлады.

Үшіншіден, бұл турда бір ірі есеп нәтижесі (4-1) тіркелді, ал 2-0, 2-1 есептері екі реттен қайталанды, алаң иелері екі рет қана жеңіске жетті.

Төртіншіден, бір кездесуде ғана гол соғылған жоқ.

Бесіншіден, чемпионат басталғалы үшінші рет бір футболшы бір ойында қарсыластар қақпасына үш гол соқты. Бұл хет-триктің авторы — Давид Чегашвили («Оқжетпес»). Ал Мирослав Лечич («Ақжайық») бір кездесудегі екі голдың авторы болды.

Алтыншыдан, «Шахтер» қатарынан төртінші рет жеңіс тойын тойлады.

Жетіншіден, бұл турда он бір метрлік үш айып добы сәтті орындалды, сондай-ақ екі автогол соғылды. Турда соғылған голдардың жалпы есебі — 17.

Сегізіншіден, чемпионаттағы кездесулерде ең көп қайталанған есептің саны тура он болды — 2-0.

Тоғызыншыдан, «Жетісудың» жартылай қорғаушысы Сергей Скорых премьер-лига чемпионаттарындағы 250-ші ойынын өткізді. Осы кезеңде ол қарсыластар қақпасына 20 гол соғыпты. Ал «Қайраттың» жартылай қорғаушысы, бір кезде «Ақтөбенің» құрамында ойнаған Дмитрий Мамонов Қазақстан чемпионаттарындағы 30-шы голын «Ақтөбенің» қақпасына соқты.

 

Ойын кестесі

 

Командалар           О         Ж        Т         Ұ          Д         Ұ

 

1 «Ақжайық»            7          5          1          1          13-6    16

2 «Шахтер»              7          5          0          2          13-5    15

3 «Тараз»                 7          5          0          2          8-5      15

4 «Ертіс»                  7          4          2          1          15-6    14

5 «Тобыл»                7          4          2          1          15-9    14

6 «Ордабасы»        6          3          2          1          9-5      11

7 «Ақтөбе»              7          2          2          3          7-5      8

8 «Атырау»              7          2          2          3          8-10    8

9 «Қайрат»               7          2          2          3          7-10    8

10 «Астана»             6          2          1          3          9-12    7

11 «Жетісу»             7          2          0          5          10-18  6

12 «Сұңқар»                        7          1          3          3          2-8      6

13 «Қайсар»            7          1          1          5          7-13    4

14 «Оқжетпес»        7          1          0          6          7-18    3

(О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұ — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұ — ұпай).

 

Сұрмергендер:

Бауыржан Жолшиев («Тобыл») — 6 доп.

Эдин Юнузович («Жетісу») — 5 доп.

Давид Чегашвили («Оқжетпес») — 5 доп.

Үш футболшы 4 доптан, бес футболшы 3 доптан соқты.

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Брана Илич — 2 доп;

Лукаш Байер — 1;

Арунас Климавичюс — 1;

Дарко Малетич — 1;

Сергей Лисенков — 1.

Марат Хайруллин — 1 (он бір метрлік айып добы).

Ескерту қағаздарын алғандар: Виталий Евстигнеев (үш рет), Самат Смақов (екі рет), Юрий Логвиненко, Исламбек Қуат, Зоран Костич, Петр Бадло, Дарко Малетич, Владимир Вукайлович. Алаңнан қуылғандар — Петр Бадло, Дарко Малетич.

29 сәуірде, жексенбіде «Ақтөбе» Павлодарда «Ертіспен» кездеседі.

Былтырғы кездесулерде жерлестеріміз павлодарлықтарды үш рет жеңіп (3:2; 7:2; 2:0), бір рет тең (0:0) түскен болатын. Ал биыл «Ертіс» чемпионат басталғалы бір-ақ рет ұтылды.

Қалған кездесулер:

«Шахтер» — «Ордабасы»;

«Ақжайық» — «Тараз»;

«Қайрат» — «Жетісу»»;

«Тобыл» — «Қайсар»;

«Оқжетпес» — «Сұңқар»;

«Атырау» — «Астана».

 

Қазақстан кубогы

 

Бірінші бәсекелесіміз — «Биік»

 

Өткен аптада Қазақстан Республикасы кубогы үшін таласқа түсетін командалар арасында жеребе тартылды.

«Ақтөбе» командасы алғашқы іріктеу кезеңінде Шымкенттің жергілікті «Биік» командасымен кездесетін болады. Бұл команда туралы мәлімет өте аз. Себебі бұлар биыл ғана бірінші лигада бақ сынауға кірісіпті.

Ал «Ақтөбе-Жастың» қарсыласы — қызылордалық «Қайсар».

16 мамырда өтетін осы бір кездесу қай командалардың жарысты одан әрі жалғастыратынын анықтап береді.

«Биіктің» ойыншылары ылғи жастар көрінеді. Бірақ өткен жылы осы іріктеу ойынында «Ақтөбені» бірінші лигадағы «Ақжайық» жеңіп кетіп, бармақ тістеткенін ұмытпағанымыз жөн.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button