Билік

Жол картасы игі жолға жетелейді

Дағдарыс деп аталатын дүрбелең қай салада да етең-жеңді жинақтап, барды да, жоқты да үнемдеп, қазақша айтқанда, «көрпеге қарай көсілуге» жол сілтеді. Осы тұста Елбасының арнайы тапсырмасымен «Жол картасы» бағдарламасы аясында байыпты бағдарлама қолға алынып, билік тарапынан жүзеге асырылуға кірісіп те кетті.

Біздің облысымызда қазіргі сәтте қандай шаралар қолға алынуда? Жалпы, Жол картасының игіліктері, халыққа берер көмегі қандай? Осы мәселелер төңірегінде біз облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатовамен әңгімелескенбіз.

– Сара Қайыржанқызы, Жол картасы бізге, нақты айтқанда, біздің облысымызға не береді? Сөз басын осыдан өрбітсек.

– Негізінде Жол картасы инвестициялық бағыттары аясында біздің облысымызда 234 жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 24 200 жаңа жұмыс орны ашылатын болады деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Жол картасының барлық бағыттары бойынша бюджеттерді нақтылау жүргізіліп, бюджеттік бағдарламалардың республикалық әкімшіліктері мен облыс әкімі арасында келісімге қол қойылды.

– Жол картасында қаржы бөлініп, арнайы қамтылған мәселелердің бірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері мен жол жөндеу жұмыстары екені белгілі. Шынында, адам тіршілігі үшін қажетті осы салалар бізде қаншалықты дәрежеде жақсартылмақшы?

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері, нақтырақ айтқанда, су, жылу, энергетика және кәріз сулардың желілерін жөндеу көп проблеманы шешуге себепші болмақшы. Нақ осы салаға 5 миллиард теңге бөлінуінен-ақ осыны сезіну қиын емес. Бұл бағытта маңызды 18 жоба игерілмекші және жұмыстарды жүзеге асыру үшін 10 350 адам еңбек етеді. Ал жол құрылысы жұмыстарына 2 миллиард тоғыз жүз миллион теңге бөлініп отыр. Жол жұмыстарына 6000 адам қамтылмақшы. Бұл келтіріліп отырған деректердің астарында халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуге бағытталған қаншама шаралар атқарылатындығын, сірә, алдағы уақыт көрсететін шығар деп ойлаймыз.

– Әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы бағдарламасын кеңейту жайы туралы мәселелерге маңыз беріліп отырғаны кездейсоқтық болмас. Бұл бір жағынан мемлекеттік саясаттың ажырағысыз бір бөлшегіне айналған секілді…

– Күнделікті өмір туындатқан қандай да мәселелер дер кезінде шешімін таппаса, кейін оның салдарлары сабақтала беруі мүмкін. Осы ретпен қарағанда аталған жайдың күн тәртібінде тұруы түсінікті болар деп ойлаймын.

Облысымыздағы әлеуметтік жұмыс орындары және жастар практикасы бағдарламасын кеңейтуге қатысты 475,7 млн. теңге бөлінді. Соның есебінен 3368 әлеуметтік жұмыс орындары жасақталады, сондай-ақ барлық деңгейдегі кәсіптік оқу орындарының 1926 түлектері үшін жастар практикасы ұйымдастырылады.

Осы аталған мақсатқа бөлінген қаржы Ақтөбе қаласы мен облыс аудандары арасында тұрғындардың мақсатты топтары мен түлектердің жұмысқа орналасуына сұраныстарына орай жасалған есеппен бөлінді.

Қазіргі уақытта барлық аудандарда әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға байланысты қажетті өзгерістер енгізілді, мақсатты топтарға қатысты тұрғындар категориясы тізімдері жұмыстан босағандармен толықтырылды, жастар практикасын ұйымдастыру ережелеріне оған қатысушылардың еңбекақысына қатысты қосымшалар жасалды.

Аталған бағыт бойынша үміткерлер тізімі қазіргі уақытта аудандарда реттеліп болды, ал Ақтөбе қаласында аяқталу ыңғайында.

– Дағдарыс салдары қалай болғанда да айналып өтпейтін сала болмауы керек деп ойлаймыз. Осы ретте жұмыс орындарының қысқаруы жағдайында кадрларды қайта даярлықтан өткізу, сөйтіп, оларды басқа жұмыстармен қамтамасыз ету туралы айтсаңыз.

– Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отырған бұл жай облыс әкімінің басты назарында ұсталуда. Біздің облысымызда 4731 адамды қайта даярлықтан өткізу көзделіп отыр. Оған 475 миллионға жуық теңге бөлінді. Бұл деректерді таратып айтуға болады. Мәселен, жұмыстан босатылған мамандарды қайта даярлау саласы бойынша 3392 адам қамтылады. Бұрыннан бар бос орындарға жұмыс істеу үшін 208 маман даярлықтан өтеді. Сондай-ақ, экспорттық мамандануды жүзеге асыру бағытына сәйкес 1060 адам, қазақстандық кадрлардың шетелдік мамандарды ауыстыруы үшін 71 адам қамтылады.

Кәсіптік даярлық жұмыстар бойынша жоспар әрбір аймақ бойынша жүйелі түрде, қалыптасқан ахуал толық ескеріліп жасалды. Ал оқыту мерзімдері оқу орындарымен келісілді, оқу топтарын жасақтау басталып та кетті. Жол картасы аясында техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарында 833 адам оқуға кірісті. Бұл – жоспарланған мөлшердің төрттен біріне жуығы.

– Жол картасы бағдарламасында мектептерді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік объектілерді жөндеу  арнайы қамтылғаны көрініп тұр. Демек, мұны дағдарыс жағдайының өзінде білім беру, денсаулық сақтау салаларына мемлекетіміздің ерекше мән беріп отырғаны деп түсінген дұрыс болар.

– Әрине. Елбасының өзі Жолдауында бұл туралы қадап тұрып айтты. Ал бұны деректер тілімен бейнелер болсақ, аталған салалар бойынша облысымызда жалпы мөлшері 172 объекті жөнделеді. Оларды қаржыландыруға қазіргі уақытта 3 миллиард 444 миллион теңге бөлініп отыр. Ал осы жұмыстарды атқару үшін жаңадан 6970 жұмыс орны құрылмақшы.

Атап өтетін тағы бір жайт, жөндеу жұмыстары қалай болса солай, яғни жеңіл жүргізіледі деп ойлап қалуға болмайды. Оның бәрі – алдын ала нақтыланған күрделі жөндеулер.

Әлеуметтік объектілер арасында мектептерді жөндеу мәселесі бірінші орында тұр. Биыл 145 білім ордасы күрделі жөндеуге тартылмақшы. Олардың бәрі де тендер арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, тоғыз денсаулық сақтау, сегіз мәдениет, сегіз спорт объектісі осы бағдарламада қамтылды.

Денсаулық сақтау объектілерінің жағдайын жақсарту да күн тәртібінен түспейді. Себебі бүгінгі күні адамдардың денсаулығын сақтау, олардың арасында сырқат түрлерін болдырмау қай кездегіден де ерекше маңызды болып отыр. Өзіміз де сарапқа салып қарағанымызда, Алға, Ырғыз, Қобда, Мұғалжар, Мәртөк аудандарындағы ауруханалардың, облыс орталығындағы жедел жәрдем ауруханасының ғимараттарының уақыт талабынан қалып отырғандығын байқамау мүмкін емес. Сонымен бірге мәдениет мекемелері арасында да күрделі жөндеуді күтіп тұрған объектілер аз емес. Бұл орайда біз ауылдардағы Мәдениет үйлері мен клубтарға ерекше көңіл бөлмекпіз. Мәселен, Қобда, Мәртөк, Шалқар аудандық Мәдениет үйлері, облыс орталығындағы драма театры ғимараты осы тізімге еніп отыр. Жасөспірімдер мен балалар спорт мектептері де жоспарлы жөндеуге енеді. Байғанин, Ырғыз, Қарғалы аудандарындағы спорт мектептері биыл жөнделмекші.

Демек, біз аталған бағытта күрделі жөндеулер жүргізу арқылы бірнеше мәселелерді шешпекшіміз. Ең алдымен, халықтың әлеуметтік қамтылуы, осы тұрғыдан оларға қызмет көрсету бүгінгі күн талабына сай ыңғайластырылады. Екіншіден, жаңадан жұмыс орындары ашылып, көптеген адамдар еңбекпен қамтылады.

– Ауыл шаруашылығында маусымдық жұмыстар кезінде еңбек қолы жетіспейтіндігі белгілі. Бірақ қазір көптеген жерлерде шаруашылық қожалықтары болғандықтан, олар барынша сырттан адам алмай, өздері атқаруға ұмтылады немесе жалдамалы жұмысшыға аз еңбекақы қоюға мүдделі. Осы арада үйлестіруге болатын шаруалар реттеріне тоқталсаңыз.

– Нақ осындай көрініс алып отырғаны рас. Өйткені бұл – нарық заңы. Дегенмен біз жеке қожалықтардың жаңағыдай адам күшін қажет ететін тұстарына сырттан жұмысшы алуларына жағдай жасамақшымыз. Нақтылай айтсақ, алыс ауылдағы шаруа қожалығы бір адамды жұмысқа алды делік. Ол жұмысшыға көп ақша төлемей-ақ қойсын, мүмкіндігіне қарап бес мың не он мың теңге төлесін. Ал оған қосымша он бес мың теңгені мемлекет төлейді. Яғни бұл – мемлекет қолдауы деген сөз. Бұл арада айта кететін бір мәселе, үйде қол қусырып отырып алып, мемлекет мені қолдасын деуге болмайды. Дені сау, күші бар адам еңбек етсін, ұмтылыс жасасын. Біздің қоғам масылдыққа тәрбиелемейді.

– «Жұмыссыздық» деген термин қазір қалай болғанда бұқаралық ақпарат арқылы жиі айтылады. Осыған байланысты біздің өңірдегі ахуалға қатысты өз ой-пікіріңізді айтып берсеңіз.

– Біз өзіміздегі жағдайды ғана бақылап қоймаймыз, сонымен бірге көрші өңірлермен де хабарласып отырамыз. Сонда байқайтынымыз, жұртшылықтың арасында елегізу тудыратын, дүрбелең әкелетін, жаппай жұмыссыздық белең алды дейтіндей реттер жоқ. Дағдарысқа қатысты бірқатар ірі кәсіпорындар жұмыс көлемін азайтқанымен, жұмысшыларын қысқартуға жол берген жоқ. Өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында бірсыпыра қиындықтар болғанын сезіндік. Бірақ жергілікті билік тарапынан дер кезінде алынған шаралар, мекемелермен жасалған меморандумдар өз жесмісін берді.

Жұмыссыздыққа қатысты бір деректі айтуға болады. Мәселен, биылғы сәуір айының 1-ші жұлдызына есептегенде, 1065 адам қысқартылған жұмыс күнінде болғаны анықталды. Талдау жасағанымызда, ол қыс мезгілінде жұмыс ауқымы азайтын құрылыс компанияларына қатысты болып шықты.

Әрине, мұны айту арқылы біз жұмыссыздықтың кейбір деректеріне көз жұма қарай алмаймыз. Бірақ, ең бастысы, соның бәрі облыстық әкімдіктің жіті бақылауында.

Біз шетел мамандарының мөлшерден тыс жұмыс істеуіне де жол бермейміз. Елбасы Жолдауында айтылғандай, шетел мамандарын өз мамандарымызбен алмастыру шаралары қолға алынуда. Биылдың өзінде шетелдік компаниялар өз қаржыларымен 2298 жергілікті кадрды оқытып, біліктілігін көтеру мүмкіндігін жасады.

Мен жақында арнайы іссапармен Мәртөк, Әйтеке би аудандарында болып қайттым, алда тағы да жоспарлар бар. Сонда халықпен жүздесу барысында алыстағы ауылдардың өзінде жұмыссыздыққа мойынсұнып отырған ешкім байқалмайды. Бұған мысал ретінде жақында шалғайдағы Ойыл ауданында жұмыс жәрмеңкесі өткендігін айтсақ та жеткілікті.

…«ЖОЛ КАРТАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША БІЗДІҢ ОБЛЫСЫМЫЗҒА БӨЛІНГЕН 11 МИЛЛИАРД ЖЕТІ ЖҮЗ ЕЛУ ТӨРТ МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАЛАРДЫ БІР СЕРПІЛТЕРІ АНЫҚ. НАҚТЫЛЫ ҚАРЖЫ, НАҚТЫЛЫ АТҚАРЫЛУЫ ТИІС ЖҰМЫСТАР ҚОЛМЕН ҚОЙҒАНДАЙ БЕЛГІЛІ БОЛЫП ОТЫР.

ЕНДЕШЕ, ЕРТЕҢІМІЗДІҢ БІР ИГІЛІКТІ ІСТЕРІ БҮГІННЕН БАСТАУ АЛДЫ. СӘТ-САПАР ДЕЛІК.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button