Билік

Съезд елдің бағыт-бағдарын белгіледі!

делегаттар пікірі осындай!

Жуырда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен партияның кезектен тыс XII съезі болып өтті.  Аса маңызды шараға партияның барлық өңірлік филиалдарынан 600-ге тарта делегат,  екі мыңнан астам қонақ шақырылды. Қонақтардың ішінде көрнекті саясаткерлер, мәдениет және қоғам қайраткерлері, шетелдік партиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері де болды.

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІ съезіне облыстан 30 делегат және алдын ала съезд жұмыстары үшін болған форумға арнайы шақырумен 37 адам барып қайтты. Айта кету керек, партияның облыстық филиалы атынан съезге қатысқан делегаттар үстіміздегі жылдың 1 сәуірі күні Ақтөбеде «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Дархан Калетаевтың қатысуымен болған партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сайланған болатын. Біз съезге қатысып келген делегеттардың бірқатарын сөзге тартқан едік.

Рухани жетілу – басты ұстаным

Ғалымжан НҰРЫШЕВ,  Ақтөбе мемлекеттік

педагогикалық институтының ректоры, «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе

филиалының партиялық бақылау комиссиясы төрағасы:

– Партиямыздың кезектен тыс XII съезіне облыстық филиалдан сайланған делегаттар құрамында қатысып қайттым. Көшбасшы партияға жүктелетін міндет те, жауапкершілік те, талап та зор екендігі съезге дайындық және өту барысында анық байқалды. Съезд қарсаңында партияның Саяси кеңесінің мәжілісі болып өтті. Онда негізінен үш мәселе қаралды. Талқылау нәтижесінде аталған жобалар бір ауыздан мақұлданып, партия съезінің қарауына енгізілді. Мамырдың 14-і күні «Нұр Отан» ХДП депутаттары форумында Қазақстан азаматтарына Үндеу қабылданды. Үндеу Қазақстан халқын осы күрделі экономикалық кезеңде ұлттың және «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағыты аясына одан әрі ынтымақтасып, топтаса түсуге шақырды. Келесі күні Тәуелсіздік сарайында партия съезі ашылды. Онда Елбасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Н.Назарбаев сөз сөйледі. Съезге аймақтық және аумақтық партия ұйымдарынан сайланған 610 делегаттың 592-сі қатысты. Съезд зор саяси өрлеу жағдайында өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің баяндамасында: «Қазақстандағы ең ірі саяси ұйым, көшбасшы партия – «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс 12-ші съезі, партияның 10 жылдық мерейтойы еліміздің төрт құбыласы түгелденген, кемелдену кезеңімен дөп келіп отыр», – деп атап көрсетті. Партия төрағасы бүгінгі күні еліміздің белді де беделді саяси күшіне айналған «Нұр Отан» партиясының он жылдығы қоғам мен ел игілігін арттыруға бағытталған жасампаздықтың он жылы екендігіне айрықша тоқталды. Партия құрылғаннан бергі жүріп өткен жолымызды саралай келе, Президент: «Өткен 10 жыл – бұл серпінділік уақыты, бұл Қазақстанның қауырт даму уақыты», – деп зор мақтаныш сезіммен мәлімдеді.

Шындығында, он жыл ішіндегі жетістіктеріміз  қалай айтсақ та лайықты. Елдің ішкі өнімі сегіз есе ұлғайды, жан басына шаққанда 1 мың доллардан 8400 долларға дейін өсіп, Орталық және Шығыс Еуропаның бірқатар мемлекеттерінің көрсеткіштерімен теңелді. Он жылда денсаулық сақтау мен білім беруді қаржыландыру 8,5 есеге ұлғайған. Бүгін әрбір мектепте жаңа толқындағы компьютерлер жұмыс істейді. Мектептердің 98 пайызы Интернет желісіне қосылған. Осындай жетістіктер біздің облыс өмірінде де анық аңғарылады. Қазір облыс тұрғындарының 40 пайызы шағын кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыс істейді. Өткен жылы осы салаға 85 миллиард теңге қаржылық-несиелік қолдау көрсетілді. Халықтың әлсіз бөлігіне жататын 240 мың 800 адамға 3 миллиард 339 миллион теңге көлемінде тікелей төлем түріндегі жәрдем берілді, 70-тен астам білім, мәдениет, денсаулық сақтау ғимараттары салынды. Еңбек жолдарын ауыл мектептерінен бастап жатқан институт түлектеріне жергілікті билік тарапынан көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау шаралары жылдан-жылға кеңейіп, етек алып келеді. Сөз жоқ, осындай игі істердің басым көпшілігінің бастамашысы да, ұйымдастырушы, қадағалаушы, орындаушысы да – «Нұр Отанның» көшбасшысы мен оның жергілікті жердегі қосшылары мен қоштаушылары. Сондықтан да съезде партияның бүгінгі күнгі дағдарысты еңсерудегі рөлі туралы, экономикамызды дағдарыстан кейін дамыту, партия беделін арттыру жөніндегі міндеттері туралы келелі әңгіме болды. Мәселен, съезде партияның бақылау-тексеру комиссиялары туралы Ереже қабылданды. Бұл жаңа партиялық құжаттың жергілікті партия ұйымдарының жұмысын жетілдіріп, олардың пәрменін арттыруға игі әсерін тигізері сөзсіз. Біздің облыстық филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының жұмысы осы құжатқа сәйкес жаңа серпін алатындығына сенімдімін. Аталмыш комиссия өзі құралған аз уақыт ішінде біршама іс тындырып үлгерді. «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі бойынша, Республикалық қоғамдық кеңестің тапсырмасына сәйкес, облыстағы құқық қорғау органдарының білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде еліміздің сыбайлас жемқорлық туралы заңының орындалуын бірлесе тексеру жұмыстарының нәтижелері сарапталды. Тексеру қорытындылары бойынша тиісті шешім қабылданды. Атап айтсақ, 2008 жылы жүргізілген 80 тексеріс бойынша заңдылықты бұзудың 188 фактісі анықталды, 108 адам тәртіптік жауапкершілікке, 19 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 4 қылмыстық іс қозғалды, 20 қарсылық қанағаттандырылды, 47 836 133 теңгеге бағаланған зиянның орны толтырылды. Комиссия облыс халқына көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасына, қызметтік автокөлікті пайдалану ретіне байланысты талаптардың орындалу барысын үнемі назарында ұстайды, қажет болған жағдайларда тиісті тексеру жұмыстарын ұйымдастырады, олардың қорытындысын жергілікті баспасөз бетінде тұрақты түрде жариялап тұрады.

Сондай-ақ, съезде Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясы қоғамда құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру жөніндегі жұмыстың көш басында болуға тиіс деген міндет қойды. Осыған сәйкес партияның бүгінгі таңдағы идеологиялық жұмысының негізгі бағыттары айқындалды. Партия төрағасы атап көрсеткеніндей, қоғамымызда рухани-парасаттылық құндылықтардың жаңа жүйесін орнықтыру, жастар арасында этносаралық келісім мен отаншылдық құндылықтарын әспеттеу, экстремизм мен ұлтшылдыққа, заңдарды бұзу мен қылмысқа төзгіссіздік сезімін табанды түрде қалыптастыру осы саладағы негізгі міндеттеріміз болмақ.

Съезден алған әсер мол. Ендігі атқарар шаруа сол көріп, естіп, түйгендерімізді ұжым мүшелеріне, жұртшылыққа зерделеп жеткізу, күнделікті ісіміздің бағдарламасына айналдыру болмақ.

Елбасы облысқа үлкен баға берді…

Балғали ОРДАБАЕВ, «Қазпошта» АОФ директоры, облыстық «Нұр Отан» ХДП жанындағы жемқорлықпен күрес қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Біз партияның XІІ съезінде өте өткір мәселелер көтеріледі деп күткен едік, дәл солай болды. Съезде партияның 2009-2012 жылдарға арналған даму стратегиясы қабылданды, қоғам өміріндегі аса маңызды мәселелерді шешу жөніндегі партия жұмысының басым бағыттары айқындалды, партияның орталық органдарын сайлау, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу секілді  ұйымдастырушылық мәселелер қаралды. Съезде Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда назар аударатын 7 басым мәселені атап көрсетті. Олар – Ұлттық қордың мүмкіндігін дағдарысқа ғана бағыттап қоймай, елдің экономикасын өркендету, оны өндірістік бағытқа қарай бұру. Осы жылдар ішінде елімізде 45 ірі жаңа кәсіпорын іске қосылған, олардың қатары әлі де толығып жатыр. Еліміздегі басым бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін ел ішінде өңдеу, сыртқа шығарылатын өнімдердің көлемін көбейту. Бұл шаралардың бәрін Президент партия мүшелеріне қадағалауға тапсырды.

Елбасы өз сөзінде Ақтөбе облысының жұмысына үлкен баға берді. Енді съезден кейін «Нұр Отан» партиясының елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайына қатысты жауапкершілігі бұдан да күшейетініне сенімдімін.

Партия қатары көбейіп келеді…

Любовь ИСМАҒАМБЕТОВА, Қобда ауданының әкімі, «Нұр Отан» ХДП Қобда аудандық филиалының төрайымы:

Еліміздің көшбасшы партиясының 10 жылдығы тұсында Астана қаласында өткен ХІІ съезге Қобда ауданының атынан үш адам бардық. Съезд өте жоғары деңгейде өтті. Шақырылған 2000 адамның арасынан еліміздің көрнекті саясаткерлерін, қоғам қайраткерлерін көрдік. Қытай, Ресей, Франция, Италия, Монғолия астаналарынан келген шетелдік партиялар мен халықаралық ұйымдар партия жұмысына қызығушылық танытты.

Жылдың ең үлкен оқиғасына теңестіруге болатын «Нұр Отан» партиясының съезі Елбасының саясатын халыққа жеткізіп отырған біздерге, атқарушы билік өкілдеріне, көп міндет жүктеді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі қанат бітіргендей болды, ауылға жаңа қарқынмен жұмыс істеуге деген ынтамен оралдым десем, артық айтпаспын.

Президент біздің облыс туралы жақсы пікірлер айтты, ел экономикасының «локомотивіне» айналып отырған Ақтөбенің жетістіктерін өз сөзінде төрт рет атады. Сондай-ақ, Үкімет үйінде облыс, қала, аудан және селолық округтер мен шағын қалалардың әкімдерімен өткен форумда Ақтөбенің жетістігі жайында жеті рет айтылды. Осының өзі ақтөбелік делегация құрамындағы 67 адамға қанат бітіргендей болды, қатты қуандық. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың жанаршырлығының, мықты іскерлігінің арқасында облысымызда дағдарыс тұсында да көп шаруалар жүзеге асып жатқанына Астанадағы көп жұрттың қызыға қарағанына куә болдық.

Енді біз бүгін «Нұр Отан» партиясының қатарында кімдер барын анықтап алуымыз қажеттігін түсіндік. Әрбір партия мүшесі өзінің нұротандық екеніне жауапкершілікпен қарауы үшін жергілікті жерлерде партия қатарындағы жастарды тәрбиелеу, жетекші кадрларды тұрақтандыру, партияның ішкі кадрлық жұмысының, ұйымдастырушылық-саяси бағыттарының белсенділігінің мығым болуын қарауымыз керек. Осы  бағытта аптаның бірінші күні аудан активін өткіздік. Съезге қатысқан партия мүшелері алған әсерлерімен бөлісіп, Президент жүктеген міндеттерді әріптестеріне жеткізді. Аудан активі «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының қатысумен атқаратын істердің жоспарын талқылады.

Қазіргі таңда Қобда ауданы бойынша «Нұр Отан» партиясының 1638 мүшесі бар, оның ішінде 350 адам – «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері. Аудан бойынша жыл өткен сайын көшбасшы партияның саясатын қолдағандар қатары көбейіп, оның қатарына өтіп жатқандар саны артып отыр. Партия мүшелері ауданда өтіп жатқан кез келген шараның басы-қасынан табылады, партия филиалының ықпалымен әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға, өнерлі балаларға, жалғыз басты қарияларға қолдау көрсетіліп келеді. Әрбір мереке қарсаңында олар тұрғындарға көңіл бөлуді мақсат тұтады – ауыл көшелерін тазарту, тал егу, жас көшеттер отырғызу жұмыстарын ұйымдастырып жүр. Мәселен, партия мүшелерінің ұйымдастыруымен ауданда жүрегі ауыратын балаларға қаржылай көмек көрсету мақсатында жақында «Алтын жүрек» акциясын өткізіп, көпшіліктің ықыласына ие болды.

Жігерлі жастардың жұмысы

Аманғос СӘРСЕН, «Нұр Отан» ХДП Байғанин аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Байғанин аудандық мәслихаты депутаттық фракциясының жетекшісі:

– Еліміздегі жетекші партия – «Нұр Отанның» он жылдығына арналған съезд әлемдік дағдарыстың салдары мен оны еңсеру жолдарын басты назарда ұстады. Елбасы бұл орайда Үкімет, Парламент және жалпы еліміздегі бүкіл мекемелердің алдына тиісті мақсаттарды қойды. Сөз соңында Елбасы халыққа арнап: «Біз еріншектіктен арылып, еңбексүйгіштікке бой түзеуіміз керек. Біз еңбек етіп қана егемендігімізді сақтап, дамыған 50 елдің қатарына қосыламыз», – деді.

Ауданда партияның құрамында 1586 адам бар. Жастарымыздың қоғамдық негіздегі жұмыстарға  белсенділігі өте жоғары. Мектептер жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері де әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге дайын тұрады. Көктемгі көгалдандыру жұмыстары кезінде де жастардың еңбегі ерекше көрінді.

Съезден оралғаннан кейін біз аудандағы түрлі саладағы мекеме басшылары мен еңбек ардагерлерінің басын қосып, актив өткіздік. Онда съезде айтылған басым бағыттар халыққа түсіндіріліп, алдағы жасалатын жұмыстардың іс-жоспарымен таныстырдық.

Басты мақсат – жаңа жол мен жаңару

Советбай САПАРБАЕВ, «Нұр Отан» ХДП Ырғыз аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 10 жыл толды. Оның үстіне, кезекті жиын әлемдік қаржы дағдарысы тұсында өткізіліп отыр. Елбасы айтқандай, съездің мақсаты – дағдарысты еңсеріп қана қоймай, ел халқын жаңа жолға, жаңаруға бастау. Бұл бағытта партия өз мақсат-бағдарларын да айқындап алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде индустриялық-инновациялық даму саясатын жүзеге асыру қажеттігімізді баса айтты.

Қазіргі таңда  «Нұр Отан» партиясының Ырғыз аудандық филиалында 1568 мүше бар. Олар 26 бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Бүгінгі күні партияның әрбір ұйымында үгіт-насихат тобы құрылып, олар тұрғындарға Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Дағдарыстан – жаңару мен дамуға» атты Жолдауын кеңінен түсіндіріп жүр. Бұл мақсатта  қырыққа жуық кездесу ұйымдастырылып, дөңгелек үстелдер өтті.

Халықпен тығыз байланыс орнатуда,  оның қолдауына ие болуда және мүддесін қорғауда партия филиалы қоғамдық қабылдауға баса көңіл бөліп келеді. Жыл басынан бері 37 адам түрлі мәселелер бойынша көмек сұрап, тиісті шешімдерін алды.

Енді біз жергілікті тұрғындарға партияның ХІІ съезінің мақсаты мен мазмұнын түсіндіруге байланысты ауқымды жиын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Бетті әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button