Спорт

Алаң иелері алдырмады

Премьер-лиганың 15 сәуірдегі 6-турының кездесулері күтпеген есеп нәтижелерімен таң қалдыра алған жоқ. Оған, мысалы, турнир кестесінің алдыңғы алтылығында тұрғандардың («Тараздан» басқасы) жеңіске жеткендері дәлел болмақшы. Дегенмен төрт кездесуде есеп шапшаң ашылғанын ерекше атап өтуге болады-ақ. Енді ретімен баяндалық.

Бұл турда «Ақтөбе» Оралға жол тартқан еді.

Чемпионат басталғаннан-ақ жұртты өзіне жалт қаратқан оралдық футболшылардың бұл сынаққа үмітпен ғана емес, сеніммен де мықтап дайындалғаны байқалып тұрды.

Екі тайм бойы «Ақжайық» футболшылары шабуылдаудан тынбады. Ақыры 71-минут шамасында Янко Валканов біздің қақпамызға гол соғып, кеуде кере демалды. Бұған дейін де, әсіресе, осыдан соң ақтөбеліктер ойын әуенін өзгертуге тырысып-ақ бақты. Бірақ оралдықтар биыл ала-құла ойнап жүрген жерлестерімізге тізгінді бермей қойды. Бұның бір себебін тәжірибелі қорғаушымыз, капитанымыз Самат Смақовтың өткен турда «Ордабасымен» кездесуде алған жарақаты салдарынан бұл бәсекеге қатыса алмауына да аудара салуға болатын сияқты.

Бірақ, қалай болғанда да, осылайша «Ақтөбе» командасы, міне, үшінші тур бойы қарсыластар қақпасына бір де бір доп енгізе алмай шаршады. Оның есесіне осы ойын барысында қорғаушымыз Петр Бадло кездесу аяқталуға санаулы секундтар қалған шақта екінші рет ескерту қағазын алды да, жасыл алаңнан қуылуға мәжбүр болды.

Бұл кездесуде «Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Петр Бадло, Юрий Логвиненко, Марат Хайруллин, Исламбек Қуат (Сергей Лисенков, 46-минут), Брана Илич, Зоран Костич, Дарко Малетич, Георги Даскалов, Дмитрий Евстигнеев, Владимир Вукайлович (Лукаш Байер, 46-минут).

Резерв: Станислав Павлов, Юрий Мокроусов, Виталий Евстигнеев, Аслан Дарабаев, Дмитрий Мирошниченко.

Тағы бір жаңалық. «Ақтөбе» футбол клубының ресми сайты команда мүшелері арасында тәртіпті күшейтуге байланысты шаралар қабылданғанын, енді түн ортасында көңіл көтерер сауықтық ордаларда шалқып жүрген немесе ішімдікке масайған футболшылар қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Дұрыс та шығар. Бірақ футболшыларды осындай кейіпте көргендердің бұл туралы сайтта көрсетілген телефондарға дереу хабар салуға болатындығы жөніндегі пункт орындалмай қалатын-ақ шығар. Себебі біз өз футболшыларымызды өкпеге қисақ та, «өлімге» қимаймыз ғой.

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

Павлодарлық жанкүйерлер бөріктерін аспанға атты. Себебі соңғы екі кездесуде тең ойыннан аса алмай жүрген «Ертіс» өз алаңында қаскелеңдік қарсыластарын ірі есеппен ұтты, оған қоса турнир кестесіндегі бірінші орынға жайғасты. «Ертіс» — «Сұңқар»: 4-0.

Қостанайға келген «Астананы» да «Тобыл» дер кезінде кері шегіндірді. 6,12-минуттарда қонақтар екі гол соғып, үрей туғызған. Дегенмен алаң иелері бұған қарымта үш доп соғып, жанкүйерлерін риза етті. «Тобыл» — «Астана»: 3-2.

Ал бұған дейін турнир кестесінің басында келе жатқан «Тараз» сүрінді. Сүрінгенде де бірден кейіндеп, бесінші орынға сырғып кетті. Тараздықтар сырт алаңдағы ойында қарағандылықтар соққан бір допқа қарымта жауап қайтара алмады. Ал алаң иелері осымен қатарынан үшінші рет жеңіске ие болды. «Шахтер» — «Тараз»: 1-0.

Бұл турда өз алаңында ойнаған шымкенттік «Ордабасы» мығымдана түсті. «Жетісуды» ірі есеппен ұтып жіберді. «Ордабасы» — «Жетісу»: 4-1.

Алматыда «Қайрат» пен «Қайсар» тең ойнады да, қызылордалықтар алғашқы ұпайға ие болды. Бұл алматылықтардың да чемпионаттағы алғашқы тең ойыны еді. «Қайрат» — «Қайсар»: 1-1.

Көкшетаулық футболшылардың бағы жанбай-ақ қойды. Бұл жолы олар өз алаңында атыраулықтардан ұтылды. «Оқжетпес» — «Атырау»: 1-2.

Бұл күнгі кездесулердің өзгешеліктері қандай?

Біріншіден, бұл турда алаң иелері басым болды: 5 ойында ұтып, 1 кездесуде тең түсті, 1 ойында ғана ұтылды.

Екіншіден, гол соғылмаған кездесу болған жоқ, ал 8 гол алғашқы 12 минуттың ішінде (1,5,6,6,8,10,12,12-минуттарда) соғылды.

Үшіншіден, екі ірі есеп нәтижесі тіркелді — 4-0; 4-1.

Төртіншіден, екі команда ұтылыссыз ойындарын, екі команда жеңіссіз кездесулерін жалғастырды.

Бесіншіден, «Қайсар» алғашқы 1 ұпайға ие болды. Ал «Оқжетпестің» есебінде әлі еш ұпай жоқ.

Алтыншыдан, бұл турда 21 гол (үшеуі — он бір метрлік айып добы) соғылды, бір доптан артық гол соққан футболшы болған жоқ.

 

Ойын кестесі

 

Командалар           О         Ж        Т         Ұ          Д         Ұ

 

1  «Ертіс»                6          4          2          0          15-4    14

2  «Тобыл»               6          4          1          1          15-9    13

3   «Ақжайық»          6          4          1          1          11-5    13

4   «Шахтер»            6          4          0          2          11-5    12

5   «Тараз»               6          4          0          2          6-4      12

6   «Ордабасы»      5          3          2          0          8-3      11

7   «Атырау»            6          2          2          2          8-8      8

8   «Астана»             5          2          1          2          8-8      7

9   «Ақтөбе»            6          2          1          3          6-4      7

10  «Қайрат»            6          2          1          3          6-9      7

11 «Жетісу»             6          2          0          4          9-16    6

12 «Сұңқар»                        6          1          2          3          2-8      5

13 «Қайсар»            6          0          1          5          5-13    1

14 «Оқжетпес»        6          0          0          6          2-17    0

(О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұ — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұ — ұпай).

 

Сұрмергендер:

Бауыржан Жолшиев («Тобыл») — 6 доп.

Эдин Юнузович («Жетісу») — 5 доп.

Игорь Зенкович («Ақжайық») — 4 доп (екеуі — он бір метрлік айып добы).

Алты футболшы 3 доптан соқты.

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Брана Илич — 2 доп;

Лукаш Байер — 1;

Арунас Климавичюс — 1;

Дарко Малетич — 1;

Сергей Лисенков — 1.

Ескерту қағаздарын алғандар: Виталий Евстигнеев (үш рет), Самат Смақов (екі рет), Юрий Логвиненко, Исламбек Қуат, Зоран Костич. Ал Патр Бадлоға бір ойындағы екінші ескертуден соң «қызыл қағаз» көрсетіліп, алаңнан қуылды.

22 сәуірде, жексенбіде «Ақтөбе» өз алаңымызда «Қайратты» қабылдайды.

Былтырғы чемпионатта өз алаңымызда «Қайратты» 3:0 есебімен ұтып, оның есесіне Алматыдан дәл сондай 0:3 есебімен жеңіліп оралғанбыз. Ал қазір алматылықтардың турнир кестесінде бізбен өкшелес келе жатқанын ескерсек, аса қамсыз болмағанымыз мақұл-ақ.

Қалған кездесулер:

«Атырау» — «Шахтер»;

«Астана» — «Оқжетпес»;

«Сұңқар» — «Тобыл»»;

«Қайсар» — «Ертіс»;

«Жетісу» — «Ақжайық»;

«Тараз» — «Ордабасы».

 

ФИФА

 

Бес адым алға бастық

 

Халықаралық футбол федерациясы 11 сәуірде футбол құрамаларының ай сайын өзгертіліп тұратын жаңа рейтингін жария етті.

Мирослав Беранек басқаратын Қазақстан құрамасы наурыз айындағы көрсеткішке қарағанда бес саты ілгерілеп, 137-орынға табан тіреді.

Ал алғашқы 10 орын иелері былай сипатталады:

1. Испания;

2. Германия;

3. Уругвай;

4. Голландия;

5. Португалия;

6. Бразилия;

7. Англия;

8. Хорватия;

9. Дания;

10. Аргентина.

Көршіміз Ресей құрамасы бір саты жоғарылап, 11-орынға көтерілді.

Енді 2014 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирінде, «С» тобында біздің Қазақстан құрамасымен күш сынасатын бәсекелестеріміз қандай орындарда тұрғандарына назар аударайық.

2. Германия;

17. Швеция;

18. Ирландия;

73. Австрия;

118. Фарер аралдары.

 

Рейтинг

 

Жұрттың жаттықтырушысы сондай…

 

Қазір футбол маусымының ең қызған шағы.

Оның үстіне қыр астында тұрған ірі дода — Еуропа чемпионаты да бір бүйірді әлсін-әлсін түрткілеп қояды.

Міне, осындай шақта америкалық футбол журналистері мен «Bleaһcer Report» интернет-басылымының шолушылары Еуропаның үздік 25 бапкерінің рейтингін жасақтапты.

Олардың сараптаулары бойынша алғашқы ондық былай түзіледі:

1. Испандық «Барселона» клубының бапкері Хосеп Гвардиола.

2. Мадридтік «Реалдың» жаттықтырушысы Жозе Моуринью.

3. Ағылшындық «Манчестер Юнайтед» командасының бас бапкері сэр Алекс Фергюсон.

4. Германия ұлттық құрамасының тізгінін ұстап келе жатқан Йоахим Лев.

5. Испания ұлттық командасының жаттықтырушысы Висенте дель Боске.

6. Голландия ұлттық құрамасының бапкері Берт Ван Марвийк.

7. Германиядағы дортмундтық «Боруссияның» бас жаттықтырушысы Юрген Клопп.

8. Немістің «Бавариясының» бапкері Юпп Хейнкес.

9. «Валенсияның» тізгінін ұстап тұрған Унаи Эмери.

10. «Миланның» мығым бапкері Максимилиано Аллегри.

Бұл тізімде ресейлік құраманың бапкері Дик Адвокат 14-орынға табан тірепті.

Үздіктер тізімінде сондай-ақ төмендегі есімдер бар:

Вальтер Маццари («Наполи»), Риккардо Пинту («Спортинг»), Иван Йованович (АПОЭЛ), Хорхе Жезус («Бенфика»), Диего Симеоне («Атлетико», Мадрид), Хууб Стивенс («Шальке-04) және Хуан Игнасио Мартинсе («Леванте»)

 

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button