Білім

Ұбт-ға дайынсыз ба?

Тура екі аптадан кейін біздің облыстағы мектеп түлектері бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысады. Бұл сынақ түлектер үшін жауапты сәт екені белгілі. Біз ҰБТ-ға байланысты облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергеновпен тікелей телефон ұйымдастырған едік. Сонымен…

Сұрақ

А. БОЛАТБЕКОВА, ата-ана:

– Жоғары және орта білім беретін оқу орындарына түсу ҰБТ-ның қорытындысына байланысты. Сондықтан болар, соңғы кездері көпшілік оқушылар 9-сыныпты бітіргеннен кейін колледждерге түседі. 11-сынып оқушыларының саны күрт азайды.  Мұны қалай түсінуге болады?

Жауап

Аманғали ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

– Соңғы кезде колледждер мен кәсіптік лицейлерге көп көңіл бөлініп жатыр. Мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін білім алуға да жағдай жасалуда. Расын айту керек, бұрын облыста орта және арнаулы оқу орындары санаулы болды. Педагогикалық, медициналық, кооперативтік техникумдар ғана бар болатын. Ал қазір облыс бойынша 24 колледж бар. Олардың 10-ы (Ақтөбе көлік, коммуникация  және жаңа технологиялар колледжі, гуманитарлық, медициналық, ауыл шаруашылық, политехникалық, байланыс және электротехникалық колледжі,

А. Жұбанов атындағы музыкалық колледжі, Қ.Жұбанов атындағы көпсалалы колледж, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университет жанындағы колледж, №41 разъездегі Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң колледжі) – мемлекеттік оқу орны. Айта кететін жайт, заң колледжі – республикалық колледж. Жастар колледжді бітіргеннен кейін мамандықтарына сәйкес білімдерін жоғары оқу орнындарында жалғастыруға болады.

9-сыныптан кейін оқушылардың біразы колледждерге түсуінің себебі сұраныс пен оқу орындарының, мамандықтардың көбейгендігіне байланысты.

Сұрақ

Асқар,

Алға ауданы:

– Балам биыл мектеп бітіреді. Бірақ бұған дейін ол тестілеуге қатыспаймын деп жүрген. Енді ҰБТ-ға қатысқысы келеді. Өтінішті қайда тапсыру керек?

Жауап

Аманғали ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

–  ҰБТ-ға қатысу үшін алдымен өтініш жазу керек. Мектеп бітіруші өтініш беру  бланкілерін өзі оқитын мектепте толтырады. Жыл сайын өтініштер 10 наурыздан 25 сәуірге дейін қабылданатын. Биыл өтініш қабылдау мерзімі 30 сәуірге дейін ұзартылды. Демек, тестілеуге қатысу үшін енді өтініш қабылданбайды. ҰБТ-ға қатыспаған түлек кәсіптік лицейден басқа оқу орындарына түсе алмайды.

Сұрақ

Мұрат ТӨЛЕГЕНОВ,

Алға ауданы:

– ҰБТ-ға қатысып, тиісті балл жинамаған бала жоғары және орта білім беретін оқу орындарына түсе алмайтыны белгілі. Айтайын дегенім, жеке оқу орындарына құжат тапсыруға бола ма?

Жауап

Аманғали ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

– Тестілеуге қатысып, шектеулі балл алмаған түлектер мемлекеттік те, жеке меншік те оқу орындарына түсе алмайды. Егер мұндай балалардың құжаттары қабылданса, заңсыздыққа жол берілгендік болады. Сондықтан оқу орнының басшысы тиісті балл жинамаған адамның құжатын қабылдамайды деп ойлаймын. Егер жөнсіздікке жол берілсе, ректор немесе директор басымен жауап береді. Әрине, мұндай жағдайда бала да оқудан шығарылады.

Сұрақ

Айгүл САРИНА,

Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының тұрғыны:

– Менің баламды мектеп директоры ҰБТ-ға қатыстырмай отыр. Түсінбегенім, ҰБТ-ға қатысу әркімнің өз еркіндегі іс емес пе? Мектеп директорының әрекеті дұрыс па?

Жауап

Аманғали ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

– Әрине, дұрыс емес. Министрліктің Ережесіне сәйкес ҰБТ-ға қатысып-қатыспау әр түлектің өз еркінде. Мен қазір газет оқырмандарының сұрақтарына жауап берген бойда, яғни тікелей телефон уақыты аяқталысымен мән-жайды анықтаймын. Сосын сізді көп кідіртпей, жауап беремін.

Сұрақ

Айбек АМАНБЕКОВ,

Ақтөбе қаласы:

– Мен 2008 жылғы мектеп түлегімін. Колледжге немесе жоғары оқу орнына  қалай түсуге болады? Қабылдау комиссиясына құжаттармен бірге  былтырғы тестілеудің сертификатын тапсырамын ба?

Жауап

Аманғали ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

– Сертификаттың жарамдылық мерзімі – желтоқсанның 31-іне дейін. Яғни сертификат тек қана сол жылы мектеп бітірушілер үшін керек. Сондықтан сіз өзіңіз таңдаған оқу орнында кешенді тест тапсырасыз. Ол үшін қандай құжаттар керектігін әр оқу орнының  қабылдау комиссиясынан анықтайсыз.

Сұрақ

Сәрсен ӘУБӘКІРОВ,

Темір ауданы:

– ҰБТ тапсыру кезінде  аудиторияда отыратын орындарды кім белгілейді?

Жауап

Аманғали ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

– Орындар Ұлттық тестілеу орталығымен белгіленеді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың  үлгеріміне ағымдық бақылаудың,  оларды аралық және қорытынды  аттестаттаудың  үлгі ережесінің»  №46, 47, 48 тармақтарына сәйкес, түлектерге бір орыннан екінші орынға ауысып отыруға, емтихан материалдарын басқа бітірушімен ауыстыруға, көшіріп жазуға, шпаргалкаларды, оқулықтарды және басқа да әдістемелік әдебиеттерді, ұтқыр байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефондар) аудиторияға кіргізуге және пайдалануға рұқсат етілмейді.

Бітіруші осы Ереженің 46, 47-тармақтарын бұзған жағдайда, Министрлік өкілі Нұсқаулыққа сәйкес акт жасайды. Мемлекеттік комиссия шешімімен бітіруші аудиториядан шығарылады, ал оның тест нәтижелері жойылады.

Айта кететін жайт, басқа облыстарда өткен сынақ кезінде кімде телефонның бар-жоқ екенін анықтайтын арнайы құрал – металл іздеуші пайдаланылған. Биылдан бастап мұндай құрал бізде де қолданылады.

Сұрақ

Рысты ӘДІЛОВА,

Мұғалжар ауданы:

– Апелляцияға өтініш кімнің атына жазылады?

Жауап

Аманғали ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

–  Апелляцияға берілетін өтінішті тестілеуге қатысушының өзі апелляциялық комиссия төрағасының атына жазады.

Тест тапсырмаларының мазмұны және техникалық себептер бойынша өтініштер тестілеу нәтижесі жарияланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін қабылданады және Нұсқаулыққа сәйкес апелляциялық комиссия тәулік бойы қарастырады.  Өтініш берушінің өзімен бірге оның жеке басын куәландыратын құжаты, ҰБТ-ға жіберу рұқсаттамасы болуы керек.

Сұрақ

Жанат ЖАҚЫП,

Ойыл ауданы:

– Ұпайларға қойылатын бағаны білгім келеді. Сол жөнінде нақтырақ жауап берсеңіз.

Жауап

Аманғали ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

р/с Пән 2 (қанағаттанар-лықсыз) 3

(қанағаттанарлық)

4

(жақсы)

5

(үздік)

1. Қазақ тілі 0-2 3-13 14-20 21-25
2. Орыс тілі 0-2 3-13 14-20 21-25
3. Қазақстан тарихы 0-2 3-13 14-20 21-25
4. Математика 0-2 3-11 12-19 20-25
5. Физика 0-2 3-11 12-19 20-25
6. Химия 0-2 3-11 12-19 20-25
7. Биология 0-2 3-13 14-20 21-25
8. География 0-2 3-13 14-20 21-25
9. Дүние жүзі тарихы 0-2 3-13 14-20 21-25
10. Қазақ әдебиеті 0-2 3-13 14-20 21-25
11. Орыс әдебиеті 0-2 3-13 14-20 21-25
12. Ағылшын тілі 0-2 3-13 14-20 21-25
13. Неміс тілі 0-2 3-13 14-20 21-25
14. Француз тілі 0-2 3-13 14-20 21-25
15. Орыс мектептеріне арналған қазақ тілі 0-2 3-11 12-17 18-25
16. Қазақ мектептеріне арналған орыс тілі 0-2 3-11 12-17 18-25

Сұрақ

Дархан, оқушы,

Ақтөбе қаласы:

– ҰБТ  бойынша бір пәннен қанағаттанарлықсыз баға алсам, орта білім туралы аттестат ала аламын ба?

Жауап

Аманғали ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

–  11-сынып оқушылары бір немесе екі пәннен қанағаттанарлықсыз баға  алған жағдайда, сол оқу пәндерінен білім беру ұйымдарында емтихан үлгісінде екінші қайта  қорытынды аттестациядан өтуге рұқсат етіледі. Егер осы емтиханды жақсы тапсырып шықса, жалпы орта білім туралы аттестат беріледі.

Сұрақ

Мұратбек БЕКТЕМІСОВ:

– Емтиханды уақытынан бұрын тапсыруға рұқсат етіледі ме?

Жауап

Аманғали ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

– Егер оқушы шетелге оқуға баратын болса немесе қоныс аударса, онда 9, 11-сынып оқушыларына қорытынды аттестацияны  уақытынан бұрын тапсыруға болады. Айта кететін бір жайт, емтихан  оқу жылының аяқталуынан екі ай бұрын болмауы тиіс.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

4 Comments

  1. конечно тусе аласын, бірақ таңдау пәнің қандай? соған байланысты. сосын жубанов атындағы гос.универ бар и пед.институт бар? бирак педка миндетти турде тусесин

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button