Спорт

«Ақтөбе» газетінің жүлдесі үшін!

Өткен аптада қазақша күрестен облыстық біріншілік өтті

Қазақша күрестен Ақтөбе жұртшылығының өз мақтанышы бар. Бақтыбай Қисықов – біздің өңірден шыққан тұңғыш және жалғыз әлем чемпионы. Кіндік қаны Әйтеке би ауданының Басқұдық ауылында тамған палуан бұл жолғы додада төрешілік қызмет атқарды. Оның айтуынша, бұндай байрақты бәсекелер спортшылардың бағын ашады.

– Облыстық басылымның бізді қолдағандығы қуантады. Бұл жарыстың деңгейі осал емес. Жан-жақтан жиылған 80 палуан – еліміздің үміті, – дейді қуанышын жасыра алмаған Бақтыбай палуан.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов те бұл доданың салмағының ауыр екендігін атап өтті. Атап айтқанда, облыстық біріншілік жеңімпаздарына республикалық сайысқа жолдама алуға мүмкіндік береді.

– Міндетіміз – қазақ күресін дамыту. Қазір аудан орталықтарында бұл спорттың даму қарқыны жақсы. Облыс әкімдігі тарапынан күресті өркендетуге қолайлы жағдай жасалған, – дейді А. Құлмағамбетов.

Бұл күні ерекше құрметке ие болғандардың бірі – жарыстың бас төрешісі Орынбасар Жолмағамбетов. Облыста қазақ күресінің дамуына бір кісідей үлес қосып, шәкірт тәрбиелеуден жалықпай келе жатқан аға бапкер ересектер арасындағы жарысқа қатысушылар да, жанкүйерлер де аз келетіндігіне қынжылады.

– Биыл Ақтөбе қаласымен қатар Қарғалы және Қурайлы селолық округтері, облыстық №10 ат спорты мектебі, Алға, Әйтеке би, Темір, Мұғалжар, Мәртөк, Шалқар, Ойыл және Хромтау аудандарының өкілдері келді. Ал басқа аудандардың келмеуі жігіттерінің жан-жақтағы жарыстар мен оқуда жүргендігімен байланысты. Бұл жарыстың жеңімпаздары 5-7 маусым аралығында Семей қаласында өтетін республикалық жарысқа жолдама алады. Одан озғандар шілде айында Қытай Халық Респубуликасында өтетін халықаралық жарысқа қатысады.

Бүгінде елімізде, облыста қазақ күресінің даму қарқыны жақсы. Әсіресе, Әйтеке би ауданының бапкерлері бұл спортқа өлшеусіз үлес қосып келеді, – дейді О. Жолмағамбетов.

Ағайынды палуандар

Жарысқа қатысқан Самалбек Айнадинов – палуандар әулетінің ұлы. Бұл жолғы жарысқа Самалбекпен қатар оның екі інісі – Жандос пен Мұрат та қатысты. Ал осы үйдің кішісі Айдос мектеп бітіретін болғандықтан, ҰБТ дайындығына кіріскен. Спорт саласының басшылары Айдостың ертеңіне үмітпен қарайды. Өйткені ол – ел біріншілігінің жүлдегері. Бұл үйдегі ұлдардың қалғандары да осал емес.

– Қазақ күресі – менің мамандығым. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін дене шынықтыру пәні бойынша тәмәмдаған соң ауылда – Әйтеке би ауданындағы Қарашатау ауылында қалдым. Мектепте мұғаліммін. Осы күрес арқылы Қазақ елінің биігіне шыққым келеді. Оған ұстазым Сәрсен Қозыбағаров та үлес қосып жүр. Әрине, облыстық «Ақтөбе» газетінің құрметіне өткізілген жарыстың берері мол. Менің өзімді айтпағанда, шәкірттерім де әлем чемпионы Бақтыбай Қисықов туралы мақала жариялаған облыстық басылымның сол жолғы номерін сақтап қойды. Барлығының арманы – сүйікті спорты арқылы елдің мерейін үстем ету.

Бүгінгі жарысқа қатысып жатқан екі інім де спорт шеберлігінен үміткер. Мұрат – қазақ күресі мен белбеу күресінен ел чемпионы, – дейді Самалбек.

Облыстық біріншілікте мұндай отбасылардың өкілдері аз болған жоқ. Көпшілігі – ел ішінде мойындалған шеберлер.

Облыстық біріншілікте жеңімпаз атанғандардың көбі – Рүстем Ермағамбетовтің шәкірттері. Әйтеке би ауданының аға жаттықтырушысы – ел чемпиондарынының талайын тәрбиелеген жан.

Әйтеке би ауданы чемпиондарға кенде емес. Бақтыбайдың чемпион атануы көптеген балаларға сілкініс болғаны да рас. Бірақ қазақ күресінің насихаты жетпей келеді. Елбасы айтып жүргендей, «Саусақ бірікпей ине ілікпейді» ғой.  Шындап келгенде күрес – қазақтың байлығы, – дейді Р. Ермағамбетов.

Жеңімпаздық жүгі ауыр

Сонымен, боз кілемде басым түскен палуандар мыналар:

54 келі салмақта:

  1. Ғ. Байниязов – №10 ОБЖСМ
  2. М. Айнадин – Әйтеке би ауданы
  3. Д. Әлібеков – Әйтеке би ауданы

60 келі салмақта:

  1. Н. Қазбеков – №10 ОБЖСМ
  2. Е. Тағаев – «Жастар» спорт мектебі
  3. Б. Нұрекешов – Қарғалы ауданы
  4. Қ. Айдахметов – Әйтеке би ауданы

66 келі салмақта:

  1. Е. Қарабалин – ОБЖСМ
  2. А. Сейітқалиев – ОБЖСМ
  3. Ж. Савлеев – Мәртөк ауданы
  4. Н. Бекпанов – Қарғалы ауданы

74 келі салмақта:

  1. С. Жетібаев – ОБЖСМ
  2. Д. Молдашев – Қарғалы ауданы
  3. Ж. Қоңыров – Қарғалы ауданы
  4. С. Қаласов – ОБЖСМ

82 келі салмақта:

  1. А. Сағынбаев – «Жастар» спорт мектебі
  2. Е. Кәрімов – «Жастар» спорт мектебі
  3. Е. Досымов – «Жастар» спорт мектебі
  4. Б. Ниязов – «Жастар» спорт мектебі

90 келі салмақта:

  1. Р. Әлменов – «Жастар» спорт мектебі
  2. О. Болатбаев – «Жастар» спорт мектебі
  3. А. Тұржанов – «Жастар» спорт мектебі

Б. Жаубатыров – «Жастар» спорт мектебі

90 келіден жоғары салмақта:

  1. М. Базылбеков – Темір ауданы
  2. Т. Мұқанов – Алға ауданы
  3. О. Новеньков – «Жастар» спорт мектебі
  4. М. Жұбанқанов – «Жастар» спорт мектебі

Бас жүлде – Мейрамбекте

Біздің газеттің 85 жылдық мерейтойына орай өткізілген жарысты ұйымдастырушылар негізгі сайыстардан кейін түйе палуанды анықтау мақсатында палуандарды тағы да боз кілемге шақырды. Темірлік Мейрамбек Базылбековтің мысы басқан көп палуанның әуелде ақтық айқасқа аса ықыласы бола қойған жоқ. Өйтпегенде ше, бұқа мойын Мейрамбектің бұған дейін де бірнеше рет түйе палуан атанып, бірнеше автокөлік мінгенін кім білмейді?! Боз кілемнің шаңын шығаратын саңлаққа қарап тұрып та зәресі ұшатындар бар. Бірақ «Ерді намыс өлтіреді», бірнеше жұп бас бәйгені жеңіп алу үшін күш сынасты. Ең соңында Мейрамбек пен әйтекебилік Рашид Әминов қалды.

Қарсыласына қарағанда жұқалтаңдау көрінетін Рашид көпке дейін алдырған жоқ. Тіпті, бірнеше рет қауіпті шабуыл жасады. Бірақ салмағы басым, тәжірибесі мол Мейрамбек ыңғайлы сәтті мүлт жібермей, таза жеңіске жетті. Оған «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы газет құрылтайшысы –  «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы қол қойған Алғыс хат пен теледидар тапсырды. Ал Рашид Қазақ күресі федерациясының ақшалай сыйлығымен марапатталды.

Жарыс соңында «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жарысты ұйымдастырушыларға, барлық палуандарға газет ұжымы атынан алғыс айтты.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button