Жаңалықтар

Жақсы дәстүр жалғасы

Акция

«Қазхром» трансұлттық компаниясы және Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қызметкерлері балаларымен  16 мамырда Тұрғындар қалашығындағы скверге «Ағаш отырғыз» PR акциясы ұйымдастырды. Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына орай 140 ағаш көшетін отырғызды. Акцияның игі бастамашысы – «Қазхром» трансұлттық компаниясы. Металлургтер қаламыздың жасыл желекке бөлінуіне, болашағына, қоршаған табиғатқа бейжай қарамайтындарын бүгін тағы да істерімен дәлелдеді. Жайқалған Тұрғындар қалашығындағы сквер  ағаштарының қатары 140 әр түрлі ағаш көшетімен толықты. Қазхромдықтардың игі бастамасына экологтар да  қатысты. Акцияға  жиналғандар металлургтердің  тәтті тағамдарға толы ақ дастарқанынан дәм татты.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қызметкерлері балаларымен  ағаш егуді үлкен мерекеге айналдырғалы қашан. Өткен жылдың күзінде ғана «Посадим дерево – украсим землю» атты PR – акция ENRC-дің игі бастамасы мен корпоративтік  экологиялық сенбілігін өткізді. Биылғы ағаш отырғызу акциясы  соның жалғасы іспеттес. Әдеттегіндей металлургтер балаларымен Тұрғындар қалашығындағы алаңға түгелі дерлік жиналды. Игі бастамаға арнайы шақырылған  бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерімен бірге зауыттықтар және балалар зауыт аймағына жеткізілді. Ата-аналарының жұмыс орнымен жақынырақ  таныстырған өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы Бақыткерей Каванов қонақтарға Ақтөбе ферроқорытпа зауытының тарихы мен шығаратын өнімі туралы мағлұмат беріп, өндіріс аймағына  экускурсия жасады.

Зауыттықтар «Ағаш отырғыз» атты PR – акциясына  ерекше бір құлшыныспен сенбілікті бастап та кетті. Тұрғындар қалашығындағы скверде көшеттер отырғызылатын орындар алдын ала қазылып, қара топырақ, ағаш көшеттері дайындалып қойылған. Қолдарына күректерін ұстаған металлургтер   көшет отырғызса, балалар шелекпен су құйып, топырақ пен тыңайтқыш тасып жүгіріп жүр. Ағаш – өмір символы деп түсінген зауыттықтар әп-сәтте Тұрғындар қалашығындағы скверге қарағаш, терек, т.б. 140 ағаш көшетін отырғызды. Қазхромдықтардың игі бастамасына эколог мамандардың қатысуы жарасымды-ақ. Мемлекеттік экология инспекциясының экология жөніндегі Тобыл-Торғай  департаментінің сектор  меңгерушісі Сергей Касаевты сөзге тартқан едік.

– Біз қазхромдықтардың игі бастамасына өте қуаныштымыз. Тұрғындар қалашығындағы шағын скверге  металлургтердің ағаш отырғызуы орынды. Себебі бұл қала бөлігі өндіріс аймағына өте жақын орналасқан. Отырғызылған ағаш көшеттері қоршаған ортаға ерекше жасыл сән беріп қана қоймайды, ауаны ластанудан сақтайды, – деп өз ойын жеткізді.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты газдан тазарту учаскесінің шебері Елжан Әлиев:

– Қоршаған ортаны  көгалдандыру, абаттандыру – бізге де, келер ұрпаққа да өнегелі іс.  Бүгінгі іс-шараға қызым Алинаны ертіп келіп отырмын. Қызым әкесінің қызмет жасайтын зауытын көріп, оның шығаратын өнімі жайында хабардар болды. Осындай  игі істер баршаға ортақ,  дұрыс ойластырылған жақсы бастама, – деп өз ниетін білдірді. Ал сенбіліктің ең кішкентай жеті жастағы қатысушысы Әнуар Жаймақ  зауыттан, сенбіліктен алған әсерін журналистермен бөлісті.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз барлық зауыттықтарға  қанат бітіргендей. Ауа райы да  күлімдеп зауыт қызметкерлерін сенбілікке шақырғандай, шуағын шашқан күннің көзі зауыт қызметкерлері мен балалардың жұмысқа деген құлшынысының артуына септігін тигізді. Осындай көтеріңкі көңіл-күймен зауыттықтар бір кісідей жұмылып тайлы-таяғымен өз үлестерін қосты. Бір мезгіл қызметтерін күрекке айырбастаған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директорынан бастап цех басшыларына дейін көшеттер отырғызып, қара жұмыстан да құр алақан еместігін өз істерімен дәлелдеді. Жұмыла жасаған  көгалдандыру ісі болашақта Тұрғындар қалашығының көркейіп, абаттануына септігін тигізуіне өзіндік қолтаңба қалдырды. Бір сөзбен айтқанда, «Қазхромның» игі бастамасына жеті жастан жетпіс жасқа дейінгі азаматтар қатысып, сенбілікке бір кісідей жұмылдыра кірісіп, қызу ең­бе­к­тің үлгісін көрсетті.

Сондай-ақ, зауыт басшылары келген қонақтарымыз бен балаларға, яғни сен­бі­лікке қатысушыларға арнап ыстық тоқаштар мен тәттіге толы дастарқан мәзірін әзірлепті. Балалар зауытты тағы бір қырынан таныды. Ондағы аспаздарымыздың қолынан шыққан кондитерлік өнімдердің тәтті тоқаш, ыстық, дәмді бәліштердің дәмін татқан  бүлдіршіндеріміз рахметтерін айтып, ризашылықтарын білдіріп, болашақта да  осындай акциялар жиі ұйымдастырылса екен деген ыстық  ниеттерін қуана жеткізді. Ал кішкентай Әнуар Жаймаққа зауыттың  дәмді бәліші қатты ұнаса, басқа балғындарды алып зауыттың тыныш-тіршілігі қызықтырыпты. Осылайша, зауыттықтар «Ағаш отырғыз» акциясына бір кісідей ат салысты.

Ұлтуар АСАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button