Тегін кеңес берілді


Мәртөкте аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Халық заңгері» атты республикалық акциясы өтті. Оған заңгерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында өткен акция барысында прокуратура, полиция бөлімі, мемлекеттік органдардың өкілдері, адвокаттар, нотариус пен жеке сот орындаушылары тұрғындарды қабылдады. Келушілер адвокаттар мен нотариустар көмегіне жүгініп, өздерін мазалаған сұрақтарына жауап алды. Заңгерлер тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция елімізде 2016 жылдан бері республикалық деңгейде қолға алынып келеді. Аталған іс-шара халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, өзекті мәселелерді шешу және тегін заңгер көмегін көрсету мақсатында жиі өткізіледі.
— «Халық заңгері» республикалық акциясы тұрғындар тарапынан қолдау тауып, құқықтық мәдениетті дамыту мен әділдік қағидатын нығайту бағытында нәтижесін көрсетіп келеді. Заңгер көмегі күрделі мәселелердің алдын алуға көмектеседі. Осындай акцияларды халық пен құқықтық жүйе арасындағы кедергілерді жою мақсатында өткіземіз. Келушілерге үздік адвокаттар мен заңгерлер кеңес берді. Олар әр адамның сұрағын мұқият тыңдап, жауапты мекемелерге бағыттады, — деді ұйымдастырушылар.
Ақмарал МҰҚАШЕВА,
Мәртөк ауданы.



