Спорт

Қобалжыған қожайындар

Футбол

 Премьер-лиганың 8 сәуір күні өткен бесінші туры көшбасшыларға жеңіс сыйлаған жоқ. Сондай-ақ көш соңындағылар да жанкүйерлерін қуанта алмады. Енді ретімен баяндалық.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңында шымкенттік футболшыларды қабылдады. Чемпионат басталғалы жеңіліске ұшырай қоймаған «Ордабасы» тас-түйін әзірлікпен келгені сөзсіз еді. Ал өткен жылғы чемпионатта бұларды төрт рет ұтқан «Ақтөбенің» үш ұпай олжалайтынына біздің жанкүйерлеріміз сенімді болғаны және рас. Бірақ…

«Ақтөбе» бірден шабуылға көшті. Ойынның бағыты осылай боларын, әрине, жақсы білетін шымкенттіктер қорғаныста қате жібермеуді, оған қоса қарсы шабуылдар ұйымдастырып отыруды мықтап ойластырғаны байқалды.

Жерлестеріміздің ынтасына тағар кінәміз жоқ. Мысалы, бірінші таймның бастапқы кезеңі мен соңғы минуттарға дейін Брана Иличтің гол авторы атануына кемінде бес мүмкіндік болды. Әйтпесе Марат Хайруллин мен Аслан Дарабаевқа да қақпа торын бүлк еткізер оңтайлы сәттердің орайы келіп еді-ау. Дегенмен осындай өкініштерге доптан айрылып қалу немесе айдалаға теуіп жіберу секілді кемшіліктерді қоссақ, «Ақтөбе» әлі де тұтас түсіністікке қол жеткізе алмай келе жатқаны аңғарылады.

Рас, қонақтарымыздың да бұл кездесуге тыңғылықты әзірленіп келгені анық көрініп тұрды. Біздің қақпашымыз Андрей Сидельниковтің бұл ойында бірнеше рет жеке шеберлігімен көзге түскені қарсыластарымыздың да қалайша қайрат көрсеткендігінің дәлелі еді. Тәжімбетов, Касьянов, Карповичтер ентелей ұмтылды, еңірете доп тепті, әйтеуір, «Ақтөбенің» қақпасын тікелей нысанаға алған соққылар аз болған жоқ.

Тоқсан минут, міне, осындай алма-кезек тартыстармен зыр етіп өте шықты.

Қай команданың анық басым болғанын нақтылап айту қиынға соғатын бұл кездесудің есебі де екіұшты болуы заңдылық сияқты: 0:0.

Бұл кездесуде «Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Самат Смақов (капитан), Петр Бадло, Юрий Логвиненко, Дарко Малетич, Марат Хайруллин, Лукаш Байер (Георги Даскалов, 80-минут), Зоран Костич, Аслан Дарабаев (Владимир Вукайлович, 74-минут), Сергей Лисенков (Исламбек Қуат, 77-минут), Брана Илич.

Резерв: Станислав Павлов, Юрий Мокроусов, Виталий Евстигнеев, Дмитрий Евстигнеев.

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

Жеке дара көш бастап тұрған, оның үстіне ұтылыс түгілі тең ойынға да келіспей келе жатқан «Тараз» Талдықорғанға сапар шеккен болатын. Беті қайтпаған батырдың қаһары қандай болатыны белгілі. Ал сырт алаңдарда өткен соңғы екі турда да оңбай ұтылған (0:4, 1-5) «Жетісу» бұл жолы жанкүйерлерін жұбатып алуы тиіс еді. Жұбатты да. Чемпионаттағы сұрмергендер көшін бастаушылардың бірі Эдин Юнузович тараздықтардың қақпасына 65, 69-минуттарда жүйдемелете екі гол соғып, ойын тағдырын шапшаң шешті. «Жетісу» — «Тараз»: 2— 0.

Астана қаласы екінші орында келе жатқан «Ертісті» қабылдады. Павлодарлықтардың бұған дейін жеңілістің ащы дәнегін жей қоймағаны белгілі. Рас, бұл жолы да жеңілген жоқ, бірақ ұтысқа да жете алмады. Ең өкініштісі, сырт алаңда екі гол соғып, жеңістің сәулесіне шомылып тұрған шақта, қақпаға 79, 89-минуттарда екі жауап гол енгізіп алды. «Астана» — «Ертіс»: 2 — 2.

Алғашқы үштікті түйіндеп тұрған «Тобыл» бұл турда ат басын Атырауға тіреді. Атыраулық Джонатастың бірінші таймда соққан голына Бауыржан Жолшиев екінші таймның соңында ғана, 89-минутта ғана оқыс жауап қатып, «Атырау» қорғаушылары мықтап бармақ тістеп қалды. «Атырау» — «Тобыл»: 1— 1.

Еш ұпайсыз келе жатқан «Қайсар» оралдықтардан үш ұпай олжалап қалуды мықты мұрат тұтқандары айтпаса да түсінікті. Бұлар 16-минутта алғашқы голды соқты да (Александр Сытник), дегенмен оралдық Борут Семлер қызылордалықтарды 71,87-минуттарда екі рет қапы қалдырды. Сөйтіп «Қайсар» бесінші рет ұтылуға мәжбүр болды. «Қайсар» — «Ақжайық»: 1 — 2.

Төрт турда өз қақпасына ең көп доп енгізіп алған «Оқжетпес» осы «төл есебін» өз алаңында одан әрі ұлғайтуы бек мүмкін екендігін жоққа шығарушылар көп бола қоймаған шығар. Себебі олардың бұл жолғы қарсыласы қазіргі чемпион «Шахтер» еді. Ойлағандай болды да. 76-минутта Филип Арсениджевич, 90-минутта Андрей Финонченко «Оқжетпестің» қақпасын дәл нысанаға алды. Дегенмен қарағандылықтарға бұл жеңіс тіпті де оңайға соқпағанын да атап өткен жөн. «Оқжетпес» — «Шахтер»: 0—2.

Қаскелеңдік «Сұңқар» мен алматылық «Қайрат» жерлестер ретінде ғана емес, бір-бір жеңіске ғана ие болуларымен де ұқсас еді. Енді екінші жеңіс қайсысының есебіне жазылуы керектігін анықтау қалып тұрған. «Қайрат» тісққақандығын көрсетті, қаскелеңдіктердің қақпасына екі гол енгізді. Бұл клубтағы шотландиялық Стюарт Дафф Қазақстан чемпионатындағы алғашқы голын соқты. «Сұңқар» — «Қайрат»: 0 — 2.

Бұл күнгі кездесулердің өзгешеліктері қандай?

Біріншіден, алаң иелері 1 кездесуде ғана жеңіске жетті, ал 3 кездесуде жеңіліп, 3 кездесуде тең ойнады, яғни шын қожайын екендіктерін таныта алмады.

Екіншіден, жеті кездесуде 15 доп соғылды, бұл чемпионат басталғалы ең аз доп соғылған тур болды.

Үшіншіден, чемпионат басталғалы алғаш рет осы турда ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ.

Төртіншіден, төрт тур бойы жеңіске ие болып келе жатқан «Тараз» ұтылуға мәжбүр болды. Жалпы, алғашқы үштіктегі бір команда осылайша жеңіліп, екі команда тең ойын нәтижесін қанағат тұтты.

Бесіншіден, «Қайсар» мен «Оқжетпес» командалары қатарынан бесінші рет жеңілді. Ал «Ертіс» пен «Ордабасы» ұтылыссыз кездесулерін жалғастырды.

Алтыншыдан, бұл турда чемпионаттағы 2:2 есебі алғаш рет тіркелді, ал 2:0 есебі бір турда алғаш үш рет қайталанды, сондай-ақ бір турда алғаш рет үш кездесу тең есеппен аяқталды.

Жетіншіден, үш футболшы — Эдин Юнузович («Жетісу»), Борут Семлер («Ақжайық») және Игорь Юрин («Ертіс») қарсыластар қақпасына екі доптан соқты.

Сегізіншіден, «Шахтердің» 20 жастағы шабуылшысы Сергей Хижниченко Қазақстан премьер-лигасындағы ойындарында жасыл алаңға 100-ші рет шықты. Бұл аралықта ол қарсыластар қақпасына 27 доп енгізді.

 

5-турдан кейінгі турнир кестесі

Командалар           О         Ж        Т         Ұ         Д         Ұ

1  «Тараз»                5          4          0          1          6-3      12

2  «Ертіс»                 5          3          2          0          11-4    11

3   «Тобыл»             5          3          1          1          12-7    10

4   «Ақжайық»         5          3          1          1          10-5    10

5   «Шахтер»           5          3          0          2          10-5    9

6   «Ордабасы»      4          2          2          0          4-2      8

7   «Астана»            4          2          1          1          6-5      7

8   «Ақтөбе»            5          2          1          2          6-3      7

9   «Жетісу»             5          2          0          3          8-12    6

10  «Қайрат»           5          2          0          3          5-8      6

11 «Атырау»           5          1          2          2          6-7      5

12 «Сұңқар»                       5          1          2          2          2-4      5

13 «Қайсар»                        5          0          0          5          4-12    0

14 «Оқжетпес»       5          0          0          5          2-15    0

(О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұ — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұ — ұпай).

 

Сұрмергендер:

Бауыржан Жолшиев («Тобыл») — 5 доп.

Эдин Юнузович («Жетісу») — 5 доп.

Игорь Зенкович («Ақжайық») — 4 доп (екеуі — он бір метрлік айып добы).

Рохер Каньяс («Шахтер») — 3 доп.

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Брана Илич — 2 доп;

Лукаш Байер — 1;

Арунас Климавичюс — 1;

Дарко Малетич — 1;

Сергей Лисенков — 1.

Ескерту қағаздарын алғандар: Виталий Евстигнеев (үш рет), Самат Смақов (екі рет), Юрий Логвиненко, Исламбек Қуат, Зоран Костич.

15 сәуірде, жексенбіде «Ақтөбе» Оралда «Ақжайықпен» кездеседі.

Өз шаһарының стадионын былай қойғанда, сырт алаңда екі рет жеңіске жеткен «Ақжайықтың» көш басындағылармен құйрық тістесіп келе жатқанын ескерсек, тәуір ойын өрнегін нәтижелі есепке айналдыра алмай жүрген жерлестерімізді оңай сын күтіп тұрмағанын болжауға болатын сияқты.

Қалған кездесулер:

«Шахтер» — «Тараз»;

«Ордабасы» — «Жетісу»;

«Қайрат» — «Қайсар»»;

«Ертіс» — «Сұңқар»;

«Тобыл» — «Астана»;

«Оқжетпес» — «Атырау».

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button