Хромтаудағы «күй күмбірі»

Күй — қазақ халқының төл мәдениетінің жаршысы. Ұлттың киесі іспетті домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру бүгінде өте маңызды. Өйткені арғы-бергі ғасырға көз салғанымызда қазақтың киіз үйінің түндігінен әуеге көтерілген домбыраның сазды әуені үлкенге де, кішіге де қуат беріп, жүрегін жылытқан.
Кешегі кеңестік заманда да қаншалықты қысым жасалғанымен ұлттық аспабымызды шаң басып қалған жоқ. Қос ішекті қара домбыра талайларға серік болды.

Есте қалған есім
Солардың бірі Ермекбай Беркінбаев өмірінің көп бөлігін Ресей жерінде өткізсе де, домбырасын жанынан тастамай алып жүріпті.
Аға ұрпақ үлгісі қашанда кейінгі буын үшін ілгеріге тартылған сара жол іспетті. Өзінің мамандығы ішкі істер қызметі саласында адал да абыройлы еңбек ете жүріп, туған халқының төл мәдениетін төбесіне көтерген Ермекбай Қалжанұлының игілікті қадамдары бүгінде жанды жалғасын тауып келеді.
Биыл оның құрметіне арналған «Күй күмбірі» байқауының Хромтау ауданы әкімдігінің қолдауымен дәстүрлі түрде бесінші мәрте өткізілуі — соның айғағы.
Ермекбай Беркінбаев әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнауды жете меңгерген. Ол иісі қазаққа танымал өнер туындыларын нақышына келтіре орындап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған. Күй атасы Құрманғазының «Адай», «Ақсақ киік», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Байжұма» атты күйлері, Дәулеткерей, Дина, Түркеш туындыларын нәшіне келтіре орындаған. Олардан кейінгі буыннан Әбдімомын Желдібаев пен Секен Тұрысбеков күйлеріне де ерекше көңіл бөлген.
Жергілікті Мәдениет үйінің ғимартында өткен байқау жиынын ашқан Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов былай деді:
— Ұлтымыздың ұлы мұрасы күй өнеріне арналған бұл сайыстың орны ерекше. Бұл байқау — жай ғана өнер жарысы емес, екінші жағынан рухани тағылым, асыл қазынамызға құрмет. Кезінде домбыра арқылы тыңдарманының жүрегіне жол тапқан Ермекбай Беркінбаев сияқты асыл ағаның ізгілікті іздері ешқашан да өшпейді.
Қазіргі уақытта біздің ауданда музыка мектептері тұрақты жұмыс істеп, оның ішінде домбыра тартушылар қатары да көбейіп келеді. Осындай сайыстар жастарымызға игі әсерін тигізіп, насихаттық рөл атқаратыны да сөзсіз.
Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин өз сөзінде қазақтың ұлттық өнерін барынша дамыту, баспасөз арқылы оны ел ішінде кеңінен насихаттау маңызды екеніне тоқталып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
— Біз Ермекбай Беркінбаев секілді ел ішіндегі дәулескер күйшілердің есімін жұртшылыққа жария етіп, олардың еңбегін көрсету арқылы жас буынның жүрегіне сәуле түсіреміз. Кейінгі ұрпақ дамыған қоғамда өмір сүргенімен ұлттық құндылықтарымыздан мейірі қана сусындауға тиіс, — деді ол.
Хромтау ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Арынғазы Беркінбаев бас болып, тұрақты түрде күй жарысын ұйымдастырып жүр.
— Ағам Ермекбай Мәскеуде, Омбыда жүріп қолынан домбырасын тастамаған. Өзі студент кезінде Мәскеу қаласының «Динамо» спорт қоғамында самбо күресімен шұғылданып, әлденеше рет ірі жарыстардың жеңімпазы атанған. Сондай-ақ фотобейнелеуді өнер тұтқан. Бүгінгі жастарымыз одан үлгі алса деймін, — деп жас буынды осындай игілікті ізденістерге шақырды.
Айтылар естеліктер ол туралы…
Ермекбай елудің қақ ортасына келген қайратты шағында дүниеден өтті. Одан бері де жиырма жылдай уақыт аунап түсті. Бірақ қазақ айтқандай, «Жақсының аты өшпейді». Оны ұмыттырмайтын — жақсы істері, өнегесі.
Біз мұны ол туралы айтылған естеліктерден де айқын сезіндік.
Сексеннің белесіне бет алған Амандық ақсақал жиналғандар алдында Ермекбай Қалжанұлы туралы біраз сыр ақтарды.
— Ермекбай менен үш жас кіші болатын. Жас айырмашылығы онша көп емес, кішкентайымыздан бірге өстік әрі нағашы-жиендігіміз де бар болатын.
Ол бала шағынан әнге, музыкалық аспаптарға құмар болды. Есейген соң Мәскеуде оқып, ішкі істер органдарында қызмет етті. Әрине, сырт қарағанда милиция қызметкері өнерден алшақтау болып көрінетіні рас, бірақ соған қарамастан бірнеше аспаптарды меңгеріп алған еді. Ол домбырада ғана емес, баянның да «құлағында» ойнайтын.
Ермекбайдың алған білімі — іздеу-тергеу қызметі, өнер оқуын оқыған жоқ. Егер консерватория немесе сол саладағы академияны оқығанда ол музыка техникасын меңгерген, жоғары дәрежедегі шебер орындаушы виртуоз болып шығары анық еді. Тіпті, қазақтың атақты сазгерлерінің қатарында болса да таңданбаспын.
Біз доп қуып жүргенде Ермекбай ойын баласы болса да, домбыра көрсе, шұқылап, сипалап, ұстап көріп, соны айналсоқтап шықпай қоятын, — деп ол сағынышпен еске алды аяулы азаматты.
Комсомол, партия қызметінің ардагері Барлық Қозыбағаров әңгімесін былайша өрбітті: «Ермекбайдың інісі — Орынғазы менің досым әрі көрші тұрдық. Дөң селосында туып-өстік. Әкем осындағы мектептің директоры болды. Бәріміз де сол мектепті бітірдік. Өсе келе қызметтес болдық. Мен жоғары білім алып елге оралған соң комсомол, партия органдарында қызмет еттім.
Бұрын осындағы Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс жасадым. Отыз жылдан астам уақыттан бері Алматыда тұрамын.
Елге дәулескер күйшілігімен танылған Ермекбай ағаны еске алу шараларын азаматтар өткізіп жатқанда қайдан сырт қалайын, мен де жеттім.
Ермекбай аға, оның қатарлары біз үшін үлгі болды. Соларға қарап бой түзедік, соларға ұқсағымыз келді. Көше-көше болып, командамызбен футбол ойнағанда солар алдымызда шабуылда жүрді. Ағаларымыздың мәрттік іс-әрекеттеріне де қызығатынбыз. Тіпті соларша киім киюге де тырыстық.
Ермекбай сияқты үлкен ағаларымыз өздерінің мінезімен, сөйлеу және өзін-өзі ұстау мәдениетімен бізді тәрбиелегені рас».
Заң қызметкері Дидар Әбубәкіров былай дейді: «Мен үйленгенде Ермекбай ағамыз туыстық ретімен бас құда болып барды. Сегіз қырлы, бір сырлы адам ғой. Ресейде ұзақ уақыт болғанына қарамастан, қазақтың ән-күйін әуелетіп, елдік әңгімелерді айтқанда көпшілікті таңдандырғаны рас.
Кейінгі жылдары шежіре зерттеумен айналысты. Өткен тарихымызға көп көңіл бөлді. Соның бәрі бізге үлгі болды».
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда…
Ермекбай Қалжанұлын еске алуға арналған «Күй күмбірі» аймақтық күйшілер байқауының қазылар алқасы мүшелеріне де төрелік ету оңайға соқпағаны белгілі болып тұрды. Өйткені бұл жолы сайысқа қатысушылардың шеберлік деңгейі бұрынғы жылдармен салыстырғанда өсе түскені байқалды. Олардың әрқайсысы сахнада екі күйден тартты.
Көрші облыстардан, өзіміздің өңірдің бүкіл ауданы мен облыс орталығынан келген он жеті қатысушының әрқайсысы бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгендіктерін білдірді.
Сондықтан байқаудың қазылар алқасының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, қазанғаптанушы Жайлаубай Асылханов, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық оркестрінің бас концертмейстрі, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы, «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Талап Хамзин, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның домбырашысы Құрманғазы Асылханов домбыраларын алдына ұстап, сахнаға көпшілік алдына шыққан әрбір күйшінің ел алдында өздерін ұстау мәдениетінен бастап, таңдаған туындысын жеріне жеткізіп орындап шығу, әрқайсысының өзіндік мәнер-машығына дейін назарда ұстады.
Осындай сараптау-бағалау нәтижесінде бас бәйгені Мәртөк ауданының өкілі Шабай Әзірбаев иеленді. Оған сыйлыққа арнаулы диплом мен 250 мың теңге берілді. Бірінші орын биігіне Ақтөбе қаласынан келген Бекарыс Балмағамбетов көтерілді. Екінші орынды ырғыздық Әлқадыр Шайқақов пен Атырау облысының Құлсары қаласынан Қайрат Жұмағалиев бөлісті. Ал үшінші орын жүлдесін атыраулық Абдолла Кеңес пен шалқарлық Думан Бекмырза иеленді. Олардың барлығы да дипломмен қатар, ақшалай сыйлықтар алды.
Бұл сайыстың жеңімпаздарын марапаттауда осы өңірдің тарихи-танымал тұлғалары, еңбегімен ел құрметіне бөленген ардақты аға буын өкілдерінің есімдеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Олардың атына арнайы номинациялар белгіленуі ұрпақтар сабақтастығының ерекше бір салтанат құруындай әсер етті.
Бұл қатарда Дөң тау-кен байыту комбинатының құрметті азаматы, осы мекеменің іргетасын қалаушы, өскелең ұрпақтың қолдаушысы болған Кеулімжай Бәшейұлы атындағы «Сахна мәдениетінің үздігі», мемлекеттік қызмет ардагері, ұлтжанды, біртуар азамат Нұраддин Әлдерзин атындағы «Ақсақалдар ризалығы», облыстың, ауданның құрметті азаматы, қадірменді ақсақалы, бұрынғы Новоресей аудандық атқару комитетінің ширек ғасырдай жауапты хатшысы болған Қуаныш Өмірзақұлы атындағы «Жеңіске деген жігері үшін», Қазақстан Республикасының құрметті ұстазы, қоғам қайраткері, білім мен тәрбиенің жанашыры Рази Шайкенұлы атындағы «Орындау шеберлігі үшін», Ермекбай Беркінбаевтың құрдасы, ағартушы ұстаз Ғалым Әміреддинұлы атындағы «Ең жас домбырашы», Ойсылқара өңірінде дүниеге келіп, ауылдық кеңестің төрағасы, Жамбыл атындағы ұжымшар басшысы болған, ауданның өркендеуіне сүбелі үлес қосқан құрметті азамат Құлмырза Әбубәкір атындағы «Ең үздік орындаушы», заманында жарты патша атанған Дербісәлі Беркімбаевтың інісі Мералының қызы, патшалық дәуірде Ақтөбе өңірінен ең бірінші қыздар гимназиясын бітірген, орысша, қазақша, арабша жоғары дәрежеде сауатты Ғалия Мералықызы атындағы «Домбыраға адалдық», халық арасында беделді азамат, ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген, Ленин орденінің иегері Ниетолла Мықтыбайұлы атындағы «Төкпе күйдің шебері», «Ор-Мирас» қоғамдық қоры атындағы «Сезімді, лирик күйші», «Даланың рухы, бабаның ғұрпын шеберлікпен жеткізгені үшін» номинациялары қатысушылардың өзіндік ерекшеліктеріне қарай берілді.
Бұл сыйлықтарды өнер сайыскерлері — алғалық Ақылбек Сәдуовке, Бекзат Әбдіхалыққа, қобдалық Ақжол Елембаевқа, темірлік Бекарыс Бақбергеновке, қарғалылық Нұрхат Көшкінбаевқа, Мақсат Тарғынға, шалқарлық Бекнұр Ыбырайымовқа, байғаниндік Елдос Бекғұловқа, қостанайлық Ақжол Нұрлановқа, Ақтөбе қаласынан Марғұлан Ахмедиярға елдің танымал азаматтары Баянғали Құлтаев, Орынғазы Беркінбаев, Сәмиғолла Қарасаев, Шәміл Маханов, Сейітмағанбет Шілманов, Дидар Әбубәкіров, Ерік Разиұлы, Ізбасқан Қуанышұлы, Азамат Серікұлы және басқалары тапсырды.
Сондай-ақ «Көрермен көзайымы» номинациясының жеңімпазы болып хромтаулық Мұхамбет Қамиев танылды.
— Ермекбай Беркінбаевтың атындағы күй сайысы біздің ауданда дәстүрлі өтіп келе жатқанын мақтан етеміз, — деді ол бізбен әңгімесінде. — Мектепте оқып жүрген кезімнен оқушылар арасында шахматтан қалалық чемпионатта жүлдегер атандым. Сонымен бірге домбыра тартып, ән айтып, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқан оқуға ден қойдым.
2007 жылы музыкалық қабілетімді дамыту мақсатында Хромтау музыка мектебінен домбыра класы бойынша дәріс ала бастадым. 2012 жылы Алматы қаласында өткен «Ғұмырдария» байқауында бірінші орын алдым.
Қ.Сәтпаев атындағы политехникалық университетте металлургия мамандығы бойынша оқығанда оқу орнының оркестрі құрамында Республика сарайы сияқты ірі сахналарда өнер көрсеттім.
* * *
Бұл күні Хромтау өңірінде күні бойы күй әуені қалықтап, қала тұрғындары домбыраның сырлы сазынан рухани қуат алды.
Бас жүлде алған жеңімпаз Шабай Әзірбаев Ермекбай аға Қалжанұлының қолы тиген жәдігерлік домбыраны қолына алып, күй тарту құрметіне ие болды.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Хромтау ауданы.



