Сағыныш саздарының авторы

ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Мақсым Менкешовті қалың жұртшылық ең алдымен «Анаға хат», «Құстармен қоштасу», «Балауса», «Жан әке» сияқты жүрекке жылы тиер әуезді әндері арқылы жақсы біледі.
Жақында қолымызға белгілі өнер иесінің Алматының «Arna-b» баспасынан жарыққа шыққан «Ұлттық дәстүрден ұлағат» атты кітабы тиді. Жинақ аннотациясында жазылғандай, «бұл еңбек — автордың ұзақ уақыт бойы туған елдің тынысын, ананың мейірімін, жастықтың сырын сырлы әуенмен өрген өміршең туындыларының сүбелі жиынтығы».
Осы жинақтың алғы сөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбайұлы былай деп жазыпты: «Мақсым Менкешов — жоғары музыкалық білімді, осы өнердің теориясы мен практикасын шендестіре қабыстырған, әні терең мазмұн мен нәзік сыршылдыққа, лирикалық мұң мен назға, бояуы табиғи нұрға тұнып тұратын сазгер. Және бір жақсы қасиеті — әнге жазылған сөздің мазмұнына, ой тереңдігіне, образдың жан-жақты ашылуына, орындаушының қабілеті мен қарымына, таланты мен дарынына, тыңдарманның сөз бен әуен арасындағы рухани байланысына қатты мән береді».
Аталған кітапты оқи отырып, өзіндік қолтаңбасы халыққа жақсы таныс композитордың өнердегі жолдарына қайта бір үңілгендей болдық.
Алғашқы қадамнан — бүгінгі биіктерге
Балаң кезінен өнерге құштар ол бастапқыда Гурьевтегі музыка училищесінде оқып, оған жалғас Шымкент мәдениет институтын бітірді. Білім мен тәжірибе толысып, соңына шәкірттер ерткен тұста Алматы мемлекеттік консерваториясының теория мен музыка тарихы факультетінде білімін толықтырады.
Көптеген танымал өнер адамы секілді оның да еңбек жолы өзі туған ауылдан бастау алады. Алғашында балғындарға мектепте музыка пәнінен дәріс берді, бос уақытында ауыл клубында көркемдік жетекші қызметін атқарып, жастарды жанына тартады.
Аққыстау халық театры сахналаған спектакльдерді музыкамен көркемдеу, рөлдерде ойнау арқылы өзіндік талантын танытады.
Өзінің өнеріне тұғыр болған туған ауылы оның жанына жігер береді, шығармашылық шабытын қанаттандырады. Сондықтан да оның жүрегін жарып шыққан «Аққыстауым» әні өзі үшін әлі күнге дейін ерекше туынды болып саналады.
Армысыңдар, Аққыстауым,
Ақ әжемнің көзін көрген.
Қайда жүрсем жетем саған
Қанатпенен өзің берген, — деген жолдар ауылдастарының әрқайсысының көңіл төрінде сақталып қалғанын да жақсы біледі. Соған қуанады.
Мақсым аға сонау 1973 жылдан Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне оқытушылық қызмет атқарады. Бұл аталған оқу орны алдында алыстағы ауылдың мәдени мекемелері үшін кадрлар дайындау міндеті қойылған бір кезеңдер болатын. Өнерден өз үлесін алғысы келген талай жастың шырағын жағып, демеу көрсетті, қолдау жасады. Сол шәкірттері кейін де ұстазын ұмытпай, айналып соғып тұрушы еді.
1991 жылдан Ақтөбе педагогикалық институтында аға оқытушылық қызметіне келді. Мұнда да студенттерге дәріс берді, еңбегі жемісті болды. 2007 жылы осыбілім ордасының құрметті профессоры атанды. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тағуы оның ұзақ жылғы ұстаздық еңбегінің бағасы іспетті еді.

«Балдәуреннен басталады балауса»
Жетпісінші жылдардың басында Ақтөбе қалалық партия комитеті сол кездегі мәдени-ағарту училищесінің директоры Аушат Баймұратовты шақырып алып, қазақ вокалды-аспапты ансамбль құру туралы тапсырма береді.
Бұл бастаманы жүзеге асыру жоғары білімді жас мұғалім Мақсым Менкешовке тапсырылады. Ансамбль құрамына, негізінен, сегізінші сынып бітіріп, орта арнаулы оқу орнына енді ғана қабылданған жастар алынады. Соған байланысты жаңа өнер тобына «Балауса» деген ат таңдалады.
Қазақстанда ұлттық ансамбльдерден «Дос-Мұқасан» мен «Қаракөздің» даңқы өрлеп тұрған кезі. Олардың репертуарын қайталап, солардың ізімен жүру бұларға абырой әкелмейтіні белгілі. Сондықтан да жас өнерпаздар жаңа жол іздейді.
Облыстық «Коммунизм жолы» газетінде қызмет атқаратын ақын Есенбай Дүйсенбаевпен шығармашылық байланыс орнатып, Мақсым Меңкешов екеуі бірігіп, «Балауса» әнін өмірге әкеледі. Осы туынды жаңа ансамбльдің көкке көтерген туы іспетті болады.
Ақша бұлттар сіркіреп бір өткенде,
Шырайлы таң шырын шуақ төккенде.
Балаусаға бөленеді бар әлем,
Табиғаттың жастық шағы көктемде, — деген шумақтар әдемі әуенмен әрленіп, Ақтөбе аспанында қалықтап кете барады. Оны жастар да, мектеп оқушылары да, тіпті үлкендер де тез үйреніп алып, жаппай айта бастайды. Осылайша «Балауса» ансамблі өмірге қанат қағып, көп ұзамай айналаға танымал бола түседі.
Өнер иесінің туған жері, шығармашылығына қанат бітірген алтын тұғыры Аққыстау болса, кемеліне келіп, жан-жақты жетілген, ізінен шәкірт ерткен, жүрек қуаты мен жан сезімін ән әлеміне әуелеткен құтты мекен Ақтөбе еді.
Сондықтан да болса керек, композитордың Ақтөбеге арнаған әндері де аз емес. Соның бірі ақын Жақсылық Айжановтың сөзіне жазылған «Ақтөбе көктемі» деп аталады.
Ғасырдан асып жасаған,
Ақтөбем — өзің данамсың.
Құтты да болғай босағаң,
Ақтөбем — асыл анамсың, — десе, бұл ақынның аузымен айтылған сазгердің де жан сыры, шынайы жүрек тебіренісі.
Оның Есенбай Дүйсенбаевпен басталған шығармашылық ынтымақтастығы Жақсылық Айжановтың «Өмір-теңіз», «Балалық», Сәтжан Дәрібайдың «Күзгі серенада», Гүлімай Әбішқызының «Достық мекен — Қазақстан», Жұлдыз Қожабекованың «Жас қанат», Сая Итеғұлованың «Көңіл сыры», Гүлжайнар Қалдинаның «Сәулелі үміт», Оралбай Кәметияның «Бір жолаушы» туындылары арқылы жалғасты.
Композитордың өнер жолында бабалар жолынан бастау алған шығармашылық ізденістер, ілгеріге ұмтылу, тынымсыз толғаныстар, өнер өлкесіндегі өркенді істер көрініс береді. Соның барлығын автор шынайы көңілмен, оқырманмен сырласу ретінде ақтарыла баяндайды.
Бұл ретте сазгер 1970 жылы Ақтөбеге келген сапарында ақын Бәкір Тәжібаевты «Бабалар» толғауын жаздыруға көндіріп, соған іле-шала өзі әуенін шығарғанын өзінің өмірлік бір ұстанымының бастауы ретінде ұғындырады. Одан беріде бұл бағыты «Сарайшық», «Бейбарыс», «Ерлердің ісі», «Сен Махамбет емессің…» болып жалғасты.
«Барам, апа, көктемде…»
Аяулы анаға деген сағыныш кім-кімнің де көкірегінде ұялап тұратыны анық. Шалғайда жүрсең де, алыс сапарға шықсаң да сол бір сүйікті жан көз алдыңда мейірін төгіп, құшағын жайып күтіп тұрғандай сезінесің. Сол бір шуақты сәтке сен де асығасың.
Көптің көңіліндегі сырлы сезімдерді дөп басқандықтан да болар, Мақсым Менкешовтің «Анама хат» әні бірден ел ішінен кеңінен тарап кетті.
Барам, апа, көктемде,
Жаңбыр сеуіп өткенде.
Алтай алқа таққанда,
Бұлақ сылдыр қаққанда… — деген жүрек толқытар жолдар әркімнің де санасында жатталып қалардай еді.
Автордың баяндауынша бұл әннің өзіндік тарихы бар екен. Біз осыған байланысты Мақсым аға көпшілікпен кездесуде талай рет ақтарған сыр желісімен тағы бір рет жүріп өтелік.
Бұл әннің желісі негізі Шымкент шаһарында қаланып, туған мекен Аққыстауда жарық дүние есігін ашыпты. Алыс ауылдан арман қуып, оңтүстіктегі шырайлы қалада мәдениет институтының студенті атанған бозбала ойы орындалғанымен, елге деген сағыныш көңілін алаңдата береді. Сөйтіп, қысқы каникулды асыға күтеді. Пойыз үстіндегі екі тәулікті өткізу өзіне оңайға соқпайтынын сезген ол ұшақпен тездетіп туған жерге жетуді көздейді. Өкінішке қарай, нақ сол уақытта қарлы боран соғып, әуежайда талай жолаушы амалсыздан қаңтарылып отырып қалады. Ауа райы ертеңіне де, одан кейінгі күндерде де жылы қабағын таныта қоймайды. Амалсыздан билетін кері өткізген ол жатақханада бастан жалғыздық күйін кешеді.
«Сол бір қиын сәтте менің серігім жатақханадағы өзі де жабырқап тұрған күйсандық болды, — дейді ол. — Асыл анама, аяулы мекен Аққыстауыма деген сағынышымды бірге бөлістік. «Анама хат» әнінің алғашқы әуені көңілімде осы тұста қалықтады».
Бұл әдемі әннің сөзін жазған — Моңғолия қазақтары арасынан шыққан ақын Кәкей Жаңжұңұлы. Ол 1970 жылдары Баян-Өлгей аймағынан Алматыға келіп, қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына оқып жүргенде аталған туындысы газетке шығады.
Сөз реті келгенде айта кетелік, сазгер кейінірек осы Кәкей Жаңжұңұлының «Мен — қазақпын» деген өлеңіне де ән шығарады.
Қазақпын, түнемеген төріне түн,
Бар сыры домбырада төгілетін.
Аңқылдаған ақкөңіл ел боламын,
Аузын ашса жүрегі көрінетін, — деген жолдар оның ел деп соққан орамды ойларымен үндесе кетсе керек.
Кезінде халыққа кеңінен танымал болған «Алтын дән» ансамблінің әншісі, кейін «Дос-Мұқасан» құрамында болған ерекше сазды дауыс иесі Айжан Тәженова: «Белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев ағаның өңдеуімен жарыққа шыққан менің орындауымдағы «Анама хат», «Асыл ана» әндерін өнердегі төлқұжатым десем болады. «Анама хат» әнінің авторы Мақсым Меңкешов екенін айта кеткен жөн», — деп сұхбат бергені бар беріректе.
Гитараның сазды ырғағымен талай тыңдарманының жүрегіне жол тапқан Сейіл Аяған да «Анама хат» әнін өзіндік мәнерімен орындайтын.
Осылайша Мақсым ағаның сағынышы талай жанның көңіл пернесін дөп басып, сыртта жүрген перзентін күтіп отырған талай ананың жүрегін дірілдетті.
…Сазгер туындылары негізінен сағынышқа құралған. Сонысымен де қымбат тыңдарманы үшін. Өйткені кім де болса балалық балғын шағын, аяулы кезеңдерін, ата-анасын сағынады.
Сондықтан да ақын Мақсұт Неталиевтің:
Бұл жерде бақ бар еді — мен білетін,
Бұл жерде бақ бар еді —сен жүретін.
Өзгерген орны жатыр, өткен жылдар,
Тастаған бұталарын селдіретіп, — деген шумақтары Мақсым Менкешовтің сырлы да сазды әуенімен жүрек қылыңызды қозғайды.
Композитор Мақсым Менкешов осындай біртуар, қайталанбас талантымен де бағалы.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.



