Білім

Балдырған

Жасыл әлем

 Бәйшешек ерте гүлдейді

 Ерте көктемде қар астынан қылтиып шығатын, көктемнің жаршысы секілді бәйшешекті жақсы білесіңдер. Оған қысқы суық, қар, тіпті көктемнің ызғары да қорқынышты емес. Бәйшешек өсімдік атаулының ішінде ерте оянатыны.

Таратып айтқанда, бәйшешек — құртқашаштар тұқымдасына жататын көп жылдық тамыр түйнекті өсімдіктер. Оның Еуразияда, Жерорта теңізінің жағалауларында өсетін 80-ге жуық түрі белгілі.

Бәйшешектер Қазақстанда негізінен Іле, Жетісу (Жоңғар), Теріскей Алатауларында, Ұзынқара (Кетпен) жотасында, Қаратауда өседі.

Бәйшешектің биіктігі 10-30 сантиметрдей. Тамыр түйнектері ұзынша немесе шар тәрізді домалақ болады. Шоғырланып біткен таспа жапырақтарының саны — 6-9, ұзындығы — 10-12 сантиметр. Сары немесе көкшіл түсті дара гүлінің гүл қоршауы қарапайым күлте жапырақшалардан тұрады. Гүл қоршауының ортасынан ұзындығы 10 сантиметрдей түтік шығады да, гүлі сол түтіктің ұшында жетіледі.

Жоғарыдай жазғанымыздай, бәйшешектердің табиғи түрлері еліміздің таулы беткейлерінде кездескенімен, оның гүлпарлы және жай күлтелі түрлері көгалдандыру мақсатында шет елден әкелініп, жерсіндіріледі. Сол себепті бәйшешек түрі мен сұрпына қарай әр мезгілде гүлдейді. Оның кейбір түрі желтоқсан, қаңтар айларының аралығында гүлдесе, енді бірі наурыз және сәуір айларында гүл жарады. Ғалымдар бәйшешектің гүлдеуі сұрыпына ғана емес, өскен жерінің климатына, ауа-райына да байланысты екенін айтады. Сондықтан да бәйшешек кешігіп немесе уақытынан ерте гүлдеп жатса, таңданудың қажеті жоқ.

Бәйшешекке көп күтім көрсетілмейді. Тек адам аяғы таптамайтын жерге егіп, гүлдеп біткен соң түбін қопсытып, қоректендіру қажет. Ал бұл гүлді 4-5 жылда бір рет түбін бөлу арқылы көбейтуге болады.

 

Ауа райы

 

Құс қанаты, бесқонақ, қызырдың қамшысы…

 

Міне, қыс кетті, көктем келді. Аспанның бұлттануы көбейіп, біресе қар жауады, біресе ұсақ жаңбыр себелеп тұрады. Қазақ мұндайды «жауын-шашын» дейді. Сонда жауын-шашын деген не?

Энциклопедиялық сөздіктердің жазуынша, жауын-шашын — ауа райы мен климат элементтерінің бірі. Жер бетіне бұлттан жауатын немесе бу пайда болуы салдарынан тікелей ауадан бөлініп шығатын қатты немесе сұйық күйіндегі су.

Бұлттардан жауатын атмосфералық жауын-шашын мыналар: қарлы жаңбыр, соқта қар, жаңбыр, түйіршік қар, қиыршық қар, қиыршық мұз, бұршақ, т.б.

Кітаби түсініктерді осымен қысқартып, енді халық аузымен айтылатын түсініктерге келейік.

Құс қанаты. Көктем мен жыл басы — наурыз айының соңына қарай жылы жақтан құстар келе бастағанда қар аралас жаңбыр жауады, суық жел тұрады. Мұны халқымыз құс қанаты деп атаған. Сондықтан да наурыз айының соңғы күндері ауа-райы осылайша күрт өзгерсе, қариялар «Жарықтық, құс қанаты ғой бұл» деп жатады. Осы кезде, одан кейін де қар еріп, жер лайсаң болады. Бұл жыл мезгіліндегі аласапыран басталатын шақ.

Бесқонақ. Біздің еліміздің батысында шамамен сәуірдің сегізі мен он сегізінің аралығында болатын жауын-шашынды күндерді бесқонақ деп атап, халық осы бесқонақты күтіп, қатты сақтанады. Өйткені осы кезде ауа райы бұзылып, қарлы жаңбыр немесе бірыңғай жаңбыр жаууы мүмкін. Халық та бесқонақ шамасында ауа райы бұзылғанын жақсылыққа жориды. Бұл кезде жерге әлгідей ылғал түспесе, жазда құрғақшылық болуы мүмкін деген күдік орнайды. Бесқонақ өтісімен жұрт арқасын сәл де болса кеңге салып, көктемгі шаруаларға дайындала бастайды.

Қызыр қамшысы. Сәуір айының он бесінен кейін алғашқы найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанып қоя береді. Халық осы найзағайдың жарқылын «Қызырдың қамшысы ойнады» дейді. Қызырдың қамшысы ойнағаннан кейін қыс біржола кетеді.

Тобылғы жарған. Сәуір айының соңғы күндері суық жел соғып, ол екі-үш күнге созылады. Қариялар мұны тобылғының бүршік жаруы яғни өсімдіктердің тамыр жаюы деп, «енді жерге көк шығады» деп қуанады.

 

Көктем

 

Ерекше мезгіл

 

Көктем келді. Енді құстар жылы жақтан ұшып келеді. Жылғалардан сылдырап су ағады.

Көктем мезгілінде алғаш бәйшешек гүлі шығады. Айнала жасыл желекке бөленеді. Адамдардың бәрі жылы киіне бастайды.

Көктемнің алғашқы айында мерекелер де келді. Біз аналарымызға арнап сыйлық жасадық. Наурыз тойын өткіздік.

Көктем маған осы ерекшеліктерімен ұнайды.

 

Сәнім АМАНҒАЗЫ,

№41 орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы

 

Ардақты жан

 

Өмірдің гүлі

 

Ана дегеніміз — өмірдің бастауы мен таусылмайтын жалғасы. Ана — тіршілік көзі. Ана — өмір гүлі.

Ана деген сөз барлық халықтың тілінде жылы естіледі. Ана — әлемдегі ең сұлу, ең мейірімді, ең қамқор адам. Ана — әр үйдің қазығы.

Ғалымды да, мұғалімді де, құрылысшыны да, ақынды да өмірге әкелетін — ана. Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді.

Менің анам да керемет адам. Ол бізге аналық парызына қоса әкелік тәрбие де бере білді. Ол кісіге жететін жан жоқ.

Мен анамның қартаймағанын, ауырмағанын қалаймын.

 

Венера ТҰРДИЕВА,

№8 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

 

Оқушының өлеңі

 

Менің елім

 

Тәуелсіз елім — тірегім,

Соғады сен деп жүрегім.

Тәуелсіздіктің жолында

Көрмеді нелер бұл елім.

 

Елімнің мұңын мұңдармын,

Елімнің жырын жырлармын.

Тәуелсіз елім тұрғанда

Биікке әркез самғармын.

 

Жанар ҚАЗБЕКОВА,

№2 орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

 

Тәуелсіздік

 

Тәуелсіздік — құтты бақыт, ұлы күн,

Туған елім, биік болсын тұғырың.

Менің саған әрқашанда тілерім —

Ұзақ болсын мәңгі-бақи ғұмырың.

 

Аян НАҒЫМЕТОВ,

Қарашоқат орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

 

Туған ел

 

Кең өлкеге зер салып бір қарашы,

Көк майсамен құлпырып тұр даласы.

Исі жұпар гүлге толы желегі,

Жүрегімді шаттандырып келеді.

 

Айдана СЕЙСЕНОВА,

Шұбарши орта мектебінің оқушысы.

Темір ауданы.

 

Футбол

 

Футбол деген ойынға

Барлық бала құмар-ақ.

Бірақ жолдың бойында

Доп теппеңдер қуалап.

 

Эльвира МУСАЕВА,

Северный орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Арманым

 

Мен ғарышкер боламын,

Білім қуып толамын.

Ай мен Күнге жол ашқан

Аспан жолын қаладым.

 

Назкен ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,

№1 орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

 

Қазақ тілі

 

Қазақ тілі — еркіндігім, елдігім,

Қазақ тілі — жеңіп алған теңдігім.

Қазақ тілі — ата-бабам мұрасы,

Тек сонымен жырлап өткен ел мұңын.

 

Гүлнұр ЖОЛХАТОВА,

№7 орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

 

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button