Басты жаңалықтар

Ақтөбенің жылуы

Ақтөбе қаласында 1 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Ал тұрғын үйлер кезең-кезеңімен 15 қазанға дейін қамтамасыз етіледі. Қаламызда көп қабатты 2100 үй болса, оның 1556-сы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

1986 тұрғын үйге жылу берілді

«Aqtobe Su-Energy Group» АҚ бас инженерінің орынбасары Жанболат Сармановтың айтуынша, қалада барлығы 130 қазандық жұмыс істеп тұр. Оның 27-сі «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның теңгерімінде болса, қалғаны — басқарушы ұйымдардың меншігінде.

Бүгінде 97 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, алтауы күрделі жөндеуден өтті. Қайта жаңғырту бағдарламасы аясында тағы 6 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Биыл жылыту маусымына әзірлік жұмыстары маусым айында басталып, қыркүйек айының соңына дейін жылыту қазандықтары жөнделді. Қала бойынша 6,2 шақырым болатын жылу желісі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ 27 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылыту маусымына дейін жылу желілері гидравликалық сынақтардан өтіп, дайындық жұмыстары пысықталды. Бұл кешенді іс-шаралар жылыту желілерінің жоғары гидравликалық жүктемелерге төтеп беру қабілетін және жылумен жабдықтау жүйесінің қолайсыз ауа райы кезінде төменгі температура жағдайында кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бүгінде кәсіпорын қарамағындағы 1986 үйге жылу берілді. Оның 1556-сы көппәтерлі тұрғын үй болса, 430-ы — жеке сектордағы жер үйлер. Ең алдымен, балабақша, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етілді, — дейді Жанболат Сарманов.

Оның айтуынша, «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ жылыту маусымына толықтай дайын. Қандай да бір апаттық жағдай болса кәсіпорын базасындағы апаттық- диспетчерлік қызмет тәулік бойы қоңыраулар қабылдайды.

Диспетчерлік қызмет тұрғындардың шұғыл қызметтерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Қоңырауды нақты жіктеу мен тапсырманы бейінді қызметтерге беру жұмыстары операторларға беріледі. Апаттық жағдай кезінде 8 (7132) 740-444 бірыңғай желісіне қоңырау шалуыңызға болады. Биыл жылыту тарифтерінде өзгерістер болмайды. Бүгінде 96 322 абонент орталықтандырылған жылу және ыстық су жүйесіне қосылған. Қаладағы жылу желісінің жалпы жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Сондықтан құбырларды кезең-кезеңімен жаңарту келер жылы да жалғасады, — дейді бас инженердің орынбасары.

Жылу есептегіш құрылғылары талапқа сай ма?

Бүгінде Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен «Aqtobe Su-Energy Group» акционерлік қоғамы бірлесіп, көппәтерлі тұрғын үйлердің жылу жүйелерінің жай-күйін тексеру жұмыстарын аяқтады. Барлық жылу қазандығы ағымдағы жөндеуден өтті. Коммуналдық мекемелерде апаттық жөндеу бригадалары толық жасақталып, тәулік бойғы кезекшілік кестесі бекітілді. Сондай-ақ биыл жылыту маусымында бюджет ұйымдарына 20,7 мың тонна көмір және 1,2 мың тонна дизель отыны, ал халыққа 19 мың тонна көмір дайындау жоспарланған. Ақтөбе қаласы бойынша 2 056 нысанның тек 1 608-інде (78%) әзірлік актісі рәсімделген. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл 633 қазандық, 29,2 шақырым су-кәріз желісі, 9,1 шақырым жылу желісі, 1065 нысан жөндеуден өткен.

Жанболат Сармановтың айтуынша, қаладағы жылу тарату жүйелері толық автоматтандырылмаған. Алайда кейбіреулері цифрлық технологиямен жабдықталған.

Кәсіпорында апаттық-диспетчерлік қызметі құрылған. Онда температура, қысым, құбырдың зақымдану көрсеткіштері басқару тақтасында автоматты түрде көрсетіледі. Бүгінде қазандықтағы деректер автоматты түрде орталық басқару пунктіне жеткізіліп отырады. Қазіргі таңда қала бойынша 786 көппәтерлі үйге жылу есептегіш қондырғысы орнатылған. Қондырғылар тұтынылған жылуды нақты есептейді. Сондай-ақ қалада иесіз қалған үйлерге де жылу беріледі. Жылу жүйесіне қатысты заңбұзушылықтар да тіркеліп тұрады. Мысалы, кейбір тұрғындар жылуды еденге, балконға өткізіп, заңсыздық жасап жатады. Мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда алдымен ескерту беріліп, кейіннен талап орындалмаса, іс сотқа жолданады. Жыл басынан бері 178 жеке тұлға тұтынған су мен жылу қызметтері үшін қарызын төлемегендіктен, су және жылу желісінен ажыратылды. Сондай-ақ 3093 борышкердің ісі жеке сот орындаушыларына жіберілді. Жылу үшін төлем жасамаған тұтынушыларға алдымен хабарлама беріледі. Бірақ жылу беру маусымы кезінде ешбір абонент жылу жүйесінен ажыратылмайды, — дейді Жанболат Сарманов.

Тұрғындар пікірі

Нұрлыгүл БЕРДІҒАЛИЕВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Есет батыр тұрғын алабында 2021 жылдан бері тұрамын. Биыл 1 қазанда 4-шағын ауданына қарасты үйлерге жылу берілді. Үйіміз жылы, ыстық су бар.  Қажет жағдайда кран арқылы үй ішіндегі температураны реттей аламыз. Апаттық жағдай кезінде диспетчерлік қызмет жедел әрекет етеді. Жылу бойынша айтар шағымымыз жоқ. Тек жылу беру тарифі өспесе екен деген тілегіміз бар.  

 Базаргүл ЖЫЛЫМОВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— 30 жылдан бері Тұрғындар қалашығында тұрамын. Мұнда ескі үйлер көп. Бір байқағаным, осы аумаққа қарасты бірқатар ескі үйдің шатыры ауыстырылып, сыртқы бояу жұмыстарымен қатар, аула аумақтарын асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Алайда кәріз жүйелері мен жылу қазандықтары жаңартылмай жатыр. Сондай-ақ үйдің кәріз жүйесінен жағымсыз иіс шығады. Сондықтан осы ескі үйлерге әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, кәріз жүйесі жаңартылса дейміз.

13 қазандық жөнделді

Бүгінде «Ақтөбе жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамына қарасты 13 қазандық пен 6 турбоагрегат толық жөнделді. Оның 8-і бу қазандығы болса, 5-еуі — су жылыту қазандығы.

Жылу энергиясын өндіретін барлық жабдық, яғни бу және су жылыту қазандықтары зауыттың ведомствосына кіреді. Әсіресе жылыту маусымында бұл жабдықтар тәулік бойы жұмыс істейді. Оларды жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес, яғни жөндеу науқаны кезеңінде (жазда) жүргізіледі. Апаттық жағдай кезінде қызметкерлеріміз әрдайым жедел әрекет етеді. Орталық қызметкерлері тек станция аумағында жұмыс істеумен шектеледі. Жылу энергиясы тек тұтынушы — заңды тұлғаларға ғана беріледі. Оның ішінде негізгі тұтынушы — «Aqtobe Su-Energy Group» акционерлік қоғамы, — дейді «Ақтөбе жылу-электр орталығы» АҚ бас инженері Александр Давыскиба.

 

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button