Бұлақтыға газ келді

Мұғалжар ауданы тауымен ғана танымал емес, шөбі шүйгін даласымен, тұзды көлдерімен, мөлдір бұлағымен, жасыл орманымен, киелі жерлерімен де көрікті. Осы аудандағы құрамына Бұлақты мен Миялы ауылдары кіретін Егіндібұлақ округіне бара қалсаңыз, осындай сұлу табиғатқа куә боласыз. Мәселен, сырын ішіне бүккен Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтер мен Қарағұл кесенесі осы округте орналасқан. Округ орталығы —атына заты сай Бұлақты ауылы. Алты жыл бұрын тоқсан жылдығын тойлаған ауыл бүгінде берекелі тұрмысымен ерекшеленіп келеді. Ендеше, шежірелі өлкенің қазіргі тыныс-тіршілігіне зер салайық.
Бұлақты ауылына жақында газ құбыры тартылды. Көгілдір отынды үйіне алғашқылардың бірі болып Әділбек Жиенбаев пен Нұрлыбек Асабаев кіргізіп алған. Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев олардың шаңырағында болып, қуанышына ортақтасты. Бұған дейін күл алып, от жаққан ауыл тұрғындары аудан әкіміне және көгілдір отынның келуіне атсалысқан азаматтарға алғысын айтты.
Ермағанбетовтің сөзінше, бұл игі іс«Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен Жол картасы аясында жүзеге асқан.Әкім Бұлақты тұрғындарына арнаған құттықтау сөзінде жалпы Мұғалжар ауданы бойынша елдімекендердің газбен қамтылуы 98 пайызға жеткенін, жыл соңына дейін Ащысай, Сабындыкөл және Қожасай ауылдарына газ құбыры тартылып, көгілдір отынмен қамтылатынын айтты. Көгілдір отынның келу құрметіне Егіндібұлақ ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалық басшылары демеушілік жасап, ауыл тұрғындарына барлық құрал-жабдығы бар киіз үйді сыйға тартты.
Ұланның игі ісі
Қаракөл елдімекенінен Бұлақтыға дейінгі газ құбырын «Алихан-Ойл-З» компаниясы тартып берді. Ал ауылға жеткен көгілдір отынның игілігін көру үшін әуелі оны үйге кіргізу қажет. Ауыл адамдары үшін ол оңай емес.
— Ауылымызға көгілдір отын жетіп, қуанып жатқан жайымыз бар. Қазір жеке үйлерге газ құбыры тартылып жатыр. Алдымызда — қара күз. Соған дейін үйлерге газ қосып алу — басты міндет. Кәсіпкер Ұлан Рахатұлы мәрттік танытып, ауылдағы 90-нан астам үйге газды тегін тартып беріп жатыр. Нағыз азамат! Есептей беріңіз, бір үйге газ құбырын кіргізу есептегіш жабдығын қосқанда — 200-250 мың теңгеге шығады екен, соны 90 үйгекөбейтіңіз. Қомақты қаражат. Былтыр ол балабақшаға 250 мың теңгеге демеушілік көмек жасады. Ауыл тұрғындары атынан Ұлан Рахатұлына алғыс айтып, ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ ол мектеп пен балабақшаға да газды тегін қосып беретінін айтты, — дейді ауыл әкімі Әлімжан Андақұлов.
Бұлақтының әр үйіне газ құбырын тегін тартып жатқан «AЭS and Limited»ЖШС-ның директоры Ұлан Рахатұлына хабарластық. Бүгінде Астанада тұрып жатқан ол өзінің Бұлақтыға бөтен емесін жеткізді.
— Бұлақты — атамекеніміз. Менің атам Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Өтеш Жалмағамбетовті мұғалжарлықтар тегіс біледі. Сол кісінің немересімін. Атам осы Бұлақтыда ауылдық кеңесті басқарған. Жерлестерімді жіті танымасам да, олар Рахаттың ұлы, Өтештің немересі екенімді біледі. Біздің отбасы бес жасымда ауылдан көшіп кеткен. Дегенмен ауылмен байланысымызды үзбедік. Атам барда, Бұлақтының 90 жылдық тойында, Өтеш әулеті атынан ауылға Ақтангер жүйріктің ескерткіш-мүсінін тарту еткенбіз. Ауылға көгілдір отын жетті деген хабарды естіп, қуанып қалдық. Інім Мадияр екеуміз 2008 жылдан бері газ саласында қызмет етіп жүрміз. Тендерлерге қатысамыз. Газ магистралын тартамыз. Содан марқұм әкеміз бен атамыздың рухы риза болсын деген ниетпен ауылдастарға қол ұшын беруді жөн көрдік. Қазір ауылда біздің жігіттер әр үйге газ тартып жүр. Мектеп пен балабақшаға да газ құбырын тартып бермекшіміз, — дейді кәсіпкер Ұлан Рахатұлы.
Округ әкімі Әлімжан Андақұлов ауыл кәсіпкерлері мен қожалық басшылары, сыртта жүрген ел азаматтарының Бұлақты десе елеңдеп, көмек сұрағанға қол ұшын беріп жататынын да айтады.
Айтары бар, іскер азамат Әлімжан Жәмиұлы туған топырағында ел үшін еңбек етуді үлкен абырой санайды. Оның туған жері — Бұлақтыны көркейту жолында бар күшін салып жүргені көпке аян. Сол шынайы жанашырлық пен іскерлік қабілетіне ел де бек сенеді. Сондықтан сайлау кезінде ауылдастары таңдауды еш қиналмай жасап, азаматты бірауыздан қолдаған.
«Ақтөбенің» анықтамасы
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында Ресейдің Ставрополь өлкесінің Пятигорск қаласында одақтас республикалар арасында ат спорты түрлерінен өткен жарыста №52 жылқы зауытының Ақтангер жүйрігі 10 шақырымды 13 минут 11 секундта шауып келген. Рекорд әлі жаңартылған жоқ.

Жаңарған мекен
Бұлақтының 520 тұрғыны бар. Ауылданегізгі мектеп, дәрігерлік амбулатория, клуб үйі және балабақша жұмыс істейді.Құрамына Миялы мен Бұлақты ауылы кіретін Егіндібұлақ округін 2016 жылдан бері Әлімжан Андақұлов басқарып отыр. Халықтың да, депутаттардың дасеніміне ие болған Андақұловқаосы қызмет қатарынан үш мәрте жүктелген. Оның бірінде әкімдік қызметке тағайындалса, екеуінде сайланған. Әкім болған жылдар ішінде өзінің туған жерін көркейтуге, ауылды гүлдендіруге бар күш-жігерін жұмсап келеді.
Округ әкімінің айтуынша, 2018 жылы ауылға орталықтандырылған су құбыры тартылып, ауызсу мәселесі шешілген. Ал 2023 жылы елдімекенде жаңадан дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Бұлақтының 90 жылдық тойы кезінде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демалыс алаңы мен осы өңірдің шашасына шаң жұқпаған жүйрігі Ақтангерге ескерткіш-мүсін ашылды.
— 2021 жылы Бұлақты негізгі мектебіне күрделі жөндеу жасалды.Бұрын ауыл кеңсесі болған ғимарат 1970 жылы Бұлақты негізгі мектебіне беріліп, содан бері жөнделмеген. Жөндеуге жауапты мердігер мекеме «Техно.С» компаниясы мектептің есік-терезесін, шатырын ауыстырып, жаңалап берді.
Сонымен қатар ауылда 1952 жылы салынған, кеңес өкіметі кезінде «Үздік жоба» атағын жеңіп алған клуб қирап тұр еді. Былтыр сол ғимаратқа күрделі жөндеу жасалып, пайдалануға берілді. Клубтың ашылу салтанатында Бұлаққа газ құбырын тартқан «Алихан-Ойл-З» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорыЗұлхуза Қожаев ауыл тұрғындарына естелікке бильярд үстелін сыйға тартты. Жыл өткен сайын ауыл көркейіп келеді, ойын алаңы, жаттығу алаңы салынды. Биыл балабақша күрделі жөнделіп жатыр, жақында тапсырылуға тиіс. Beeline, Tele2, Aсtiv байланыс операторлары іске қосылды, — дейді Егіндібұлақ округінің әкімі Әлімжан Андақұлов.
Бүгінде Егіндібұлақ округінде 105 үй бар. 52 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауылда ветеринарлық станса, өрт сөндіру бекеті де бар.
Егіндібұлақ округін елден ерекше қылып тұрған тағы бір нәрсе — соңғы жеті жылда бұл жерде бірде-бір қылмыс тіркелмепті. Бұлел ішіндегі ауызбіршілік пен құқықбұзушылыққа қарсы иммунитеттің тәуірлігінен. Ауыл тұрғындарының пікірінше, Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Әлімжан Андақұлов пен округтің учаскелік полиция инспекторы Дастан Сақтағановтыңта тыңғылықты жұмысының нәтижесі.
№52 жылқы зауыты
Қазіргі Бұлақты, бұрынғы Родник ауылы туралы айтқанда әйгілі жылқы зауытын да ауызға алмай кетуге болмайды. Кеңес дәуірінде осы жерде №52 жылқы зауыты құрылып, Кеңес Одағының Батыры, маршал Семён Будённыйдың атты әскері үшін жылқы бапталған. Сол кезеңде ауылдың құрамына Былқылдақ, Қамыстыкөл, Борлы және Родник бөлімшелері енген.
1931 жылы орталық Родник елдімекеніне көшіріліп, осы жылқы зауытының алғашқы директоры болып Карп Полтинников тағайындалды. Оның жылқы зауытын басқаруының да өзіндік себебі бар. Карп Федорович маршал Будённыйдың бірінші атты әскерінің сарбазы болған. Ат баптау тәсілін шебер білгендіктен, оған зауытты басқарудың жауапкершілігі сеніп тапсырылған. Осы жерде әскерге ат дайындалған.
1940 жылы бұл ауыл асылтұқымды жылқы өсіруде табысқа жетсе, 1955 жылы жылқы зауыты Ембі қой совхозы болып қайта құрылған. Кейін ұжымшар «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Сол жылдары облыста осындай марапат алған бірде-бір совхоз болмаған.Ауыл атауы 2008 жылы Бұлақты болып ауысты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



