Үш ауылға газ барды

Мәртөк ауданындағы Бөрте, Қызылжар және Шевченко ауылдарына көгілдір отын берілді.
Үш елдімекенді газбен қамтуға арналған 1,4 млрд теңгелік ірі жобаны «Ерзат» өндірістік кооперативі жүзеге асырды. Жоба аясында 74 шақырым газ құбыры тартылды.
Қызылжар ауылдық округінің әкімі Арман Ахметов ауыл тұрғындарының бұл оқиғаны асыға күткенін тілге тиекетті.
— Бөрте, Шевченко және Қызылжар ауылдарында шамамен 75 пайыз үй газға қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып қойды, қазір құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр,—деді ол.
Бүгінде аталған округ құрамындағы үш ауылда барлығы мыңға жуық адам тұрады.
Бөрте ауылының тұрғыны72 жастағы Ақборық Есмағамбетова отбасында сегіз бала тәрбиелеп өсірген. 15 немере, 4 шөбере сүйіп отырған әже қуанышымен бөлісті.
— Бұрын үйді жылыту үшін көмір, тезек жақтық. Үйдің іші күл мен қоқыстан тазармайтын. Енді газ келді, тұрмысымыз жеңілдейді. Бұл— біз үшін үлкен қуаныш,—деді ол.
Сондай-ақ 2014 жылы отбасымен Қызылжарға қоныстанған Серік Ермековте қуанышын жасырмады.
—Бүгін біз үшін ерекше күн,ауылымызға газ келді. Бұрын көмір сатып алып, отын дайындау қиын еді. Енді өміріміз жеңілдейді. Ауылға жаңа тұрғындар да көшіп келер,—деді ол.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша, ауданда биыл 16 елді мекенге көгілдір отын берілген, жыл соңына дейін тағы 12 ауыл газ құбырына қосылады.
Қазір Мәртөк ауданындағы 32 елді мекеннің 17-сі (25 712 тұрғын) газға қосылған. Жыл соңына дейін халықты көгілдір отынменқ амту көрсеткіші 94 пайызға жетеді. Алдағы жылдары Хазірет, Ақмоласай, Байнассай, Аққайың ауылдарына газ жеткізу, сондай-ақ Полтавка мен Покровкада құрылыс жұмыстары басталады. Дмитриевка мен Құрмансайға жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр.
Д.АЙДАР.



