Жылыту маусымына әзірлік қалай?

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығыменөткен көшпелі кеңесте жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды.
Жиынға облыстық және қалалық коммуналдық кәсіпорындардың басшылары, онлайн-форматта аудан әкімдері қатысты.
Асхат Шахаров жылуды қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
—Жылыту маусымы халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Әсіресе әлеуметтік нысандарда ақауларға жол берілмеуге тиіс,— деді облыс әкімі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша, Ақтөбеде көпқабатты 2100 үй бар, оның ішінде 1556-сы «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалған 544 үй автономды жүйелер мен жеке құрылысшылардың қазандықтары арқылы жылумен қамтамасыз етіледі.
Қалада барлығы 130 қазандық жұмыс істейді. Оның 27-сі «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның теңгерімінде болса, ал қалғаны — басқарушы ұйымдардың меншігінде. Бүгінде 97 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, алтауы күрделі жөндеуден өтті. Қайта жаңғырту бағдарламасы аясында тағы 6 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ жылыту маусымында бюджет ұйымдарына 20,7 мың тонна көмір және 1,2 мың тонна дизель отыны, ал халыққа 19 мың тонна көмір дайындау жоспарланған.
Атап өтейік, облыста 1 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Ал тұрғын үйлер жылумен 15 қазаннан бастап қамтылады.
—Қазір уақыт шектеулі, ауа райы күтпейді. Сондықтан жауапты ұйымдар жеке жауапкершілік барын естен шығармауға тиіс. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда апаттарға жол берілмеуі керек,— деген Асхат Шахаров өңірдегі жылыту маусымы қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Өз тілшіміз.



