Билік

Салық талабы салмақты

Қай қоғамда да салық базасын кеңейту, оның заңдылықтарын сақтау маңызды болып саналады. Сондықтан да облыс әкімшілігінде өткізілген мәжілісте облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл мәселенің күн тәртібіне шығарылуы кездейсоқ еместігін атап көрсетті.

— Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы республикалық бюджет пен еліміздің ұлттық қорының елеулі бөлігін құрылымдап отыр,— деп атап көрсетті Архимед Бегежанұлы,— Мәселен, өткен жылы кіріс бойынша шоғырландырылған бюджет 560,6 миллиард теңге болып орындалды, одан 362,4 миллиард теңге ұлттық қорға түссе, 198,2 миллиард теңге республикалық бюджетке салынды. 2010 жылмен салыстырғанда шоғырландырылған бюджетке түсім өсуі қарқыны 38,7 пайыз құрады.

Сонымен бірге аймақ басшысы жергілікті бюджетке түсім мөлшері соншалықты жоғары еместігіне ерекше мән берді. Есептеулер бойынша, облыстың кірісі бойынша болжам 101,9 пайызға орындалып отыр, яғни болжамнан тыс түскен қаржы мөлшері — 1,5 миллиард теңге. Соның нәтижесінде өткен жылы қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету мөлшері күткендегідей болмауы салдарынан жергілікті бюджет шығындарын 1,1 милиард теңгеге қысқартуға тура келді.

Облыс әкімі салықтың кейбір түрлері бойынша түсім қарқынының баяулығына тоқталды. Олар: негізінен еңбекақы төлеу қорымен байланысты салықтар, мүлік, жер, көлік салығы. Көлеңкелі экономикамен күрес бойынша тіркеу және бақылау жұмыстарын жүргізуге міндетті мемлекеттік органдардың жүйелі жұмыстар атқармай отырғандығы мәжілісте сын тезіне ұшырады.

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова жергілікті бюджетке салық түсімі көрсеткіштері және қозғалысы туралы хабарлама жасады.

— Биылғы жылы жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдер бойынша болжам 54,6 миллиард теңге болады деп күтілуде,— деп атап көрсетті ол,— оның негізін еңбек қатынастарымен байланысты салықтар құрайтын болады.

Облыс әкімінің орынбасары еңбекақы есептеу толықтығы мен салық және басқа да әлеуметтік төлемдерді дер кезінде аударуды бақылауға байланысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысына кеңінен тоқталды. Өткен жылы тексерулер барысында 2,5 мыңнан астам әр түрлі еңбек заңдылықтарын бұзу көріністері анықталған. 353 компанияда еңбекақы мөлшері облыстың 80,7 мың болып есептелетін орташа көрсеткішінен төмен екендігі белгілі болды. Әдетте жұмыс ауқымына, сұраныс мөлшерінің молдығына байланысты еңбекақы мөлшері жоғары болуы керек деп саналатын құрылыс, сауда және басқа қызмет көрсету салаларында қағаз жүзінде керісінше болып отырғаны таң қалдырады.

 

Жалтаруға неге жол беріледі?

 

Салық төлеу барысында нақты мөлшерді жасыру, жалтару деректері айрықша орын алуда. Бірқатар кәсіпорындарда жекелеген салық төлеушілер жұмыс істеушілер санын азайтып көрсетуді дағдыға айналдырған. Бүгінгі күні белгілі болып отырғандай, 79 кәсіпкерлік субъектілерінде өздерінің салық декларациясында жұмысшылардың аз мөлшерде көрсетілгені анықталды.

Сондай-ақ шетелдік жұмысшы күшін тартуда да проблемалық мәселелер орын алуда. Мәселен, 42 кәсіпорын шетелдік қызметкер-жұмысшылар бойынша жаңсақ мәліметтерді ұсынған.

Заңды тұлғалар мен жекелеген азаматтардың жылжымайтын мүліктерін бағалау мен толық есепке алу жайы да көңіл көншітпейді. Бұған атүсті қарауға болмайды. Өйткені жылжымайтын мүліктен түсетін салықтар жергілікті бюджетке түсімдердің жалпы мөлшерінің төрттен біріне жуығын құрайды.

Жиында айтылған мына жайлар бірқатар заңсыздықтарға жол берілгендігін байқатады. Мәселен, жүргізілген рейдтік тексерулер барысында 800 өз бетімен іске қосылған нысандар мен құрылыстарды қайта құрылымдаулар анықталды.

— Қысқа мерзім ішінде осылардың барлығы заңды түрде тіркеуден өтіп, салықтарын төлеуі тиіс,— деп атап көрсетті облыс басшысы,— ал олай болмаған жағдайда барынша қатаң шаралар қолданылады. Сіздер атқарылған жұмысқа, басқа да кәсіптерге байланысты заңнан тыс немесе өзгеше талаптар қойылып жатпағанын немесе қудалау жасалып отырмағанын ұғыныңыздар. Заңды сақтаңыздар, сонда сіздерге ешкім де әңгіме айта алмайды.

 

Қоршаған ортаны ластау үшін түсімдер төмендеді

 

Соңғы уақыттар ішіндегі өзгерістердің бірі — қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемдердің мөлшерінің азайғандығы. Бұл мәселе жиында оңды көрініс ретінде бағаланды.

— Егер 2010 жылы кәсіпорындар мен мекемелердің айналаны ластағаны немесе бүлдіргені үшін 13,3 миллиард теңге айып төленген болса, былтыр бұл көрсеткіш 7 миллиард теңгеге дейін түсті,— деп атап көрсетті баяндамашы Роза Кемалова,— Бұл, негізінен алғанда, газды залалсыздандыру мен пайдалану бойынша бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Табиғи қазба байлықты өндірушілердің осы бағыттағы жұмыстары қоршаған орта тазалығын жақсартуға осылайша үлес қосуда.

Әрине, айып төлемінің азаюы халық денсаулығы үшін пайдалы әрекеттермен байланысты болуы қуанышты.

Шынында да, осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбе аумағында мұнайшылар жылына 700 миллион текше метрден астам мөлшердегі ілеспе газды алау ретінде амалсыз жағатын еді. Ал қала іргесінен ағып жатқан Елек өзеніндегі бор құрамы шекті мөлшерден 27 есе артып кеткендігі айтылатын.

 

Заңды сақтамағандар жауап береді

 

Еңбек және салық заңдылықтарының сақталуына қатысты облыс прокурорының орынбасары Айдын Тұрғанбаев өздері тарапынан жүргізіліп жатқан прокурорлық қадағалау жұмыстарына тоқталды.

Оның айтуынша, әлі күнге дейін бірқатар мекеме-кәсіпорындарда еңбекақы бережағы сақталуда. Сондай-ақ келісімшарттардың сақталмауы, еңбек адамының құқығының бұзылуы деректері де кездесіп қалады. Өткен жылы осындай ауқымдағы көптеген арыз-шағымдар бойынша шаралар алынды.

Жалған кәсіпкерлікпен шұғылданушылар да құқық қорғау органдарының құрығына түсіпті.

Айдын Тұрғанбаев еңбек қатынастарындағы қандай да заңдылықтардың бұзылуы заң талабына сай бағаланатындығын атап көрсетті.

Жиында сөз алған Тобыл-Торғай экология департаментінің бастығы Жақсығали Иманқұлов қоршаған ортаны қорғауды жақсарту және жағдайды тұрақтандыру бағытындағы шараларға тоқталды. Әсіресе, салық органдарымен бірігіп мұнай және газ өндіру секторы салалары кәсіпорындарының қоршаған ортаға әсерін тексеру жұмыстары жалғаса беретіндігін айтты.

 

Кемшіліктерге кеңшілік жоқ

 

Жиын соңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов орын алған кемшіліктерді шұғыл түрде жоюға байланысты тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді.

Мәселен, декларацияда еңбекақы мөлшерін әдейі төмендетіп көрсетіп және жұмыс істейтін адамдар санын барынша азайтып ұсынатын кәсіпорындардың басшылары әлеуметтік және табыс салығы бойынша қосымша өзгертілген декларацияны салық органдарына қайтадан тапсыруы қажет.

Сонымен бірге облыстық салық департаменті бір ай мерзім ішінде бұл тапсырманың орындалуы туралы есеп береді. Ал сыннан қорытынды жасамағандардың құжаттары салықтан жалтару және жасыру деректері бойынша тиісті деңгейде тексеру жүргізу үшін құқық қорғау органдарына жіберілетін болады.

Шетелдік жұмысшы күштерін тартуға рұқсат беретін комиссияға компаниялардың өтініштерін қарау барысында шетелдік азаматтардың алатын табыстары мөлшеріне назар аудару, декларацияда төленген соманың дұрыс көрсетілуін бақылау ұсынылды.

Көші-қон қызметі құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, облысқа іскерлік сапармен келген шетелдік азаматтардың қызметтеріне сәйкестілік әрекеттерін бақылауда ұстайды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қажетті кадрларды даярлау және жұмыс істеп жатқан шетелдіктерді қазақстандық мамандармен ауыстыру мақсатында еңбек рыногында сұранысқа ие мамандықтар тізімін зерттеу тапсырылды.

Аудандар мен Ақтөбе қаласы әкімдері, салық органдары басшылығы базарлар мен сауда үйлері басшыларымен бірлесе отырып, бір ай мерзім ішінде еңбек келісімшартынсыз және тіркеусіз жұмыс істеп жатқан тұлғаларды анықтау тұрғысында шараларды жүзеге асыруды назарға алады. Бұл тұрғындардың іс жүзіндегі жұмыспен қамтылуын көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге шағын кәсіпкерлік субъектілерінің есебі толықтылығын қамтамасыз етеді және жергілікті бюджетке табыс түсуін ұлғайтады.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жер байлығын пайдаланушылар тиімді жұмыстарын қамтамасыз ету бағытында шараларды қолға алады. Сондай-ақ өздеріне алған міндеттемелерін орындамай отырған кәсіпорындармен арадағы келісімшарттар бұзылып, кен орындарын қайтып алуға дейін жұмыстар жүргізіледі.

… Бұл жиынға мемлекеттік органдардың, облыстың ірі кәсіпорындар мен құрылымдардың жетекшілері, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері қатысты.

Соңғы үш жылда салықтық түсімдердің өсуінің қарқыны жыл сайын шамамен 6 пайызды құрайды. Ағымдағы жылы жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес төлемдердің түсуі бойынша болжам 54,6 миллиард теңге деп есептеліп отыр. Осы міндет жиналғандар алдында қадап көрсетіліп, ортақ міндет ретінде айтылды.

— Негізінде салық саясатын жүйелі жүргізудің түпкі нәтижесі ел экономикасын дамытудың негізгі әрі нақты міндеттерін шешуге бағытталған. Мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін толтыру мақсатында салық түсімдерінің қажетті деңгейін қамтамасыз ете отырып, ұлттық экономиканы көтеру — басты міндет,— деп атап көрсетті сөзінің түйінінде облыс әкімі.— Сондықтан да бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Барлық шаруашылық жүргізетін субъектілерден ашықтық, нақтылық талап етіледі және ол жүзеге асырылатын болады.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button